$ 498.55  524.28  4.75

Оқушылардың үш тілде білім алуы болашақ үшін қажет

Балаларды үш тілде оқыту идеясы Елбасы аузынан осыдан бірнеше жыл бұрын айтылса да, аталған реформа білім беру саласына биылдан бастап енгізіліп отыр. Бұған дейін еліміздегі бірнеше мектепте ол тек пилоттық жоба ретінде ғана жүзеге асып келді.

Жасыратыны жоқ, елімізде аталған реформаны қолдайтындар да, сынап-мінейтіндер де жетіп артылады. Бірінші тарап Елбасы идесы болашақта жемісін береді десе, екінші тарап үштілділікті бастауыш сыныптарға енгізу ерте деген пікірлерін айтып келеді.

Алматы тұрғыны Нұрлан Естанов үштілділік саясатын қолдаушылардың қатарында. Оның мектепте оқитын екі ұлы бар. Бір емес бірнеше тілді меңгеріп шыққан бала болашақта Қазақстанды өрге сүйрейді деп есептейді ол.

– Ұлдарымның ақылды, білімді азамат болғанын қалаймын. Білікті маман болу үшін мектеп кезінен ынталы, жігерлі, білім-ғылымға құштар болу керек. Балаларды солай тәрбиелеу керек. Мына заманда тіл білу өте маңызды. Үйдегі ұлдар қазір ағылшын курстарына барып жүр. Ауызекі тілде сөйлеуге машықтанып қады. Ал енді мектепте ағылшын тілінде білім алса, тіпті дами түседі. Баласының болашағы үшін әрбір ата-ана бұл бастаманы қолдайды деп ойлаймын, - дейді Нұрлан Естанов.

Ал, «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасын» орындауды қамтамасыз етуде Алматы қаласының Білім басқармасы түрлі шараларды атқарып келеді. Мәселен, осы жылдың басында,  «Үш тілде білім беруді ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі 2017 жылға арналған медиа-жоспар» алдын-ала бекітіліпті.

Үш тілде білім беру бағдарламасы аясында жыл басында-ақ Алматы қаласының 153 ағылшын тілі мұғалімі «Interpress International Hause» ЖШС ұйымдастырған тестілеуге қатысқан. Тестілеудің мақсаты: мұғалімдердің деңгейін анықтау, оқытып біліктілігін көтеру дейді ұйымдастырушылар.

– Алматы қаласының №8 мектеп-гимназиясында «Үштілді білім беру жүйесіндегі инновациялық әдіс-тәсілдер», М. Мақатаев атындағы №140 гимназияда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!», физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ағылшын тілі сабағында  пәндік-тілдік кіріктірілген оқытуды енгізу тәсілдері», ұл балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінде «Жаңашыл мұғалім: үштілді оқытудағы тиімді әдістемелік амалдарды және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану», А.Розыбакиев атындағы №153 мектеп-гимназияда (ұйғыр тілінде оқытатын мектеп) «Үш тілді білім беру жағдайында құзыретті тұлғаны қалыптастыру», «Білім-Инновация» қыз балалар лицейінде «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында үштілділікті дамытуды іске асырудың ерекшеліктері» атты семинар-практикумдар ұйымдастырылды дейді, -  Білім басқармасы, Жалпы орта білім бөлімінің басшысы Максима Темірбекова.

Оның айтуынша, барлық семинарлар Көптілділік және Қазақстан Республикасындағы үштілділік саясатының дамуы жөнінде тәжірибе, пікір алмасуды мақсат еткен. Аталған шараларға Алматы қаласы Білім басқармасы, қалалық әдістемелік кабинетінің мамандары, қала мектептерінен 100 оқу және бейінді оқыту жөніндегі директор орынбасарлары қатысып, біліктіліктерін арттырған.

– Лицей мұғалімдері қазақ, орыс, ағылшын тілдері, математика, информатика, физика, химия, биология пәндері бойынша түрлі инновациялық технологияларды қолданып, барлығы 32 панорамалық сабақ өткізді, - дейді Максима Темірбекова.

Үш тілде білім беруді ілгерілету жөнінде 409 білім беретін ұйымдарда 818 плакат ілінді. Үш тілде білім беруді ілгерілету мақсатында семинарлар, конференциялар, «дөңгелек үстелдер», брифингтер ұйымдастырылып жатыр.

Бұл жалпы орта білім беретін мекемелерде үш тілде білім бюеруге көшудің алғашқы қадамдары. Алда талай жоспарлар мен мақсаттар жүзеге асырылмақ.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары