$ 498.55  524.28  4.75

Жастар туған қаласын абаттандыруға атсалысуда

Тағдыр шіркінді айтып болмайды ғой. Қазақта «адамның емес, Алланың қалауы болады» деген де керемет сөз бар. Сондай тағдыр иелерінің бірі – Алматының жас тұрғыны Жандос Төрехан. Ол бүгінде шаһарды көріктендіру жұмысымен айналысады. Алайда, әу бастағы мақсаты мен арманы басқа болған екен. Бірақ, енді ол Алматының көркеюіне қосып жатқан үлесі үшін тек мақтанатынын айтып отыр.

Жандос оқуын бітірген соң отбасын асырау үшін достарымен жұмыс істей тұрмақ болғанын айтады. Жұмысы – қаланы көгалдандыру, гүлдендіру. Алғашында бұған уақытша жұмыс деп қараған ол кейін бұл істі қалайша сүйіп кеткенін өзі де аңғармай қалыпты.

– Басында уақытша жұмыс деп ойлағанмын. Кейін мамандығым бойынша жұмыс шығып жатса ауысамын деп жүрдім. Енді ауыспаймын, маған керегі осы жұмыс екенін түсіндім. Алматының барлық бұрышын аралап, қаланың көркейюіне өз үлесіңді қосып жүргенді сезіну мүлде басқа сезім екен. Отбасын асырау үшін шыққан жұмысым қазір шын махаббатпен істейтін сүйікті ісіме айналды, - дейді ол.

Оның айтуынша, қаладағы қызылды-жасылды гүлдерді, жасанды шөптермен қаланы әрлеу – мұның бәрі жас жігіт жұмыс істейтін жас команданың еңбегі екен. Туған қаласын абаттандыруға үлес қосып, табиғаты мен ауасын сақтауда ерен еңбек етіп жүрген жігіттер бұл үшін мақтанады.

Осыған дейін Арбатты, «Халық Арена» аймағын абаттандыру жұмыстарына белсене араласқан Жандос бүгінде Медеу шатқалының шыршаларын күтумен айналысуда.

– Таңертең ерте шығам үйден. Сағат 8-де Абай мен Достық қиылысында көлік күтіп тұрады. Соған жайғасып, Медеуге кетеміз. Қара кешке дейін жас шыршалардыц байлап, күтіп, түзу өсуін қадағалаймыз. Көп жылдық ағаштардың бұтақтарын кесіп, жапырақтарын тазалап, ерекше қараймыз. Әрбір ағаш, әрбір тал адамның назарын қажет етеді. Түскі уақытта келіншегім салып берген тамағым мен айранымды ішіп аламын да, қайтадан жұмысқа кірісем. Бұл менің күнде асығып келетін сүйікті орныма айналды. Тіпті демалыс кезінде де келіншегім мен ұлымды алып, осында, табиғат аясында демалауды әдетке айналдырып жүрмін, - дейді Жандос.

Айта кетейік, Алматы қаласының дамуы «Алматы – 2020» бағдарламасының басымдықтарына негізделіп, соған орай өркендеп келеді.

– 2015 жылы аулаларды абаттандыру кәсіпкерлердің қаражаты есебінен іске асырылды. 2016 жылдан бастап 290 аула жөнделіп, ретке келтірілді. Биылғы жылы 650 мың тұрғынды қамтитын қаланың 472 ауласын бюджет қаражаты есебінен абаттандыру жоспарланған, - дейді  «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Қайым-Мұнар Тәбеев.

Сондай-ақ, естеріңізде болса, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов Алматыда «Қолайлы қала» бағдарламасы аясында қаланы абаттандыруға қосымша 2,2 млрд теңге бөлінетінін айтқан. Оның айтуынша, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары 2017 жылға арналған анықталған бюджет жобасын ескертулерсіз келіскен, онда ТКШ және абаттандыруды дамытуға үлкен көңіл бөлінген.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары