Алматыда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» туралы дөңгелек үстел өтті.
Аталмыш жиынға Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Абилфас Хамедов, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Мамай Ахетов, Алматы қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Қазбек Мамсуров және этно-мәдени орталықтарының өкілдері қатысты.
– Бүгін Елбасы айтқан жолдауларды халыққа түсіндіру үшін осындай шаралар өтіп жатыр. Жақында нәтижесін береді. Бұны біз де, Қазақстан халқы да, бәріміз де қолдаймыз. Бұл аяқ астынан қабылдана салған дүние емес. Бұл халыққа ауадай қажет дүние. Бұған дейінгі барлық тарихымызды латынша жазып, латынша жазылған архивтерден алып, біліп келдік. Бұған дейін бірнеше түркі елдері латыншаға өтіп, тәжірибе жасады. Қазақстан бұл қадамға енді келсе де, бұл біздің тарих, біздің болашақ, - деді Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Абилфас Хамедов.
Дөңгелек үстелде бас қосқан этно-мәдени орталықтарының жетекшілері бұған дейін бірнеше түркі елдері латын қарпіне көшкенін алға тартты. Ал Түркия ХХ ғасырдан бері латын тілін қолданады. Түркияның министрлер кеңесі 1928 жылдың 28 маусымында «Алфавит жөніндегі комиссия» құрып, ол 8 және 12 шілдедегі өзінің отырысында латын графикасына негізделген жаңа түрік әліпбиін қабылдаған. Содан бері түрік әліпбиі қолданыста екенін атап өткен Шахисмаил Асиев бұл мәселеде ортақ құндылықтарымызға мән беру керектігін айтты.
– Біздің халықтардың тарихы, қазақ, румын, саха, түрік сияқты елдердің ортақ мәдени тұлғалары бар. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата сынды бабаларымыз. Яғни, біз түркі халықтары арасында ғана емес, әлемге туризмді дамытқымыз келсе біздің латын қарпіне өткеніміз абзал. Бұл біздің еліміз үшін де, жастарымыз үшін де және жарқын болашағымыз үшін де аса маңызды, - дейді «Ахыска» түрік орталығы басшысының орынбасары Шахисмаил Асиев.
Дөңгелек үстелге қатысқан Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов те қоғамда қызу талқыға түскен латын әліпбиіне көшу мәмеселесін қолдайтынын жеткізді.
– Бұл бастаманы жан-жақты қолдап отырмыз. Оның бүгінгі күн тәртібі тұрғысынан дәл мерзімінде жасалып жатқан шара екенідігін барлығы бір ауыздан қолдайды, еліміздегі барлық ұлт өкілдері. Енді бұл латынға көшу мәселесінде біз жүз рет ойланып, мың рет толғанып, үлкен дайындықпен кірісіп отырмыз. Бізден бұрын латынға көшкен түркі халықтарының тәжірибесін ескердік, - дейді Мамай Қаниұлы.
Ол сондай-ақ латынға көшкеннен кейін орыс тілінің статусы бұрынғыша сақталып қалатынын да атап өтті.
Айта кетейік, латын қарпіне талпыныс елімізде алғаш 1993 жылы жасалса, екінші рет 2007 жылы, ал үшінші рет 2013 жылы жасалды. Ал соңғы уақытта қызу талқыға түскен латын әліпбиіне көшу туралы ұсыныс бүгінде парламант қарауында жатыр.
Ақбота Мұсабекқызы