$ 498.51  522.84  4.81

Алматының "Сарапшылар" клубында латынға көшу мәселесі талқыланды

Алматыдағы "Сарапшы" клубында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланды. Сарапшылар әліпби ауыстыруда кездесетін маңызды мәселелерге тоқталып, кедергілерден қиындықсыз өту жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, жиын барысында нақты міндеттер анықталып, оларды жүзеге асырудың жолдарын мамандар өз жоспарларына енгізді.

Сарапшылар ең алдымен 26 таңбалы әліпбидің компьютер мен смартфон пернетақталарына көшіру проблемаларын көтерді. Бұл ретте мамандар түрік ағайындардың әліпбиіндегі нүктелер мен үтірлер аралас әріптерің жарамайтынын бірден айтты. Ал, жиын барысында сөз алған "Болашақ" республикалық қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов латын әліпбиінің Қазақ елінде қолданысқа XXI ғасырдың басында-ақ еніп кеткенін мәлімдеді. Біз оны тек байқап жүрген жоқпыз деді ол.

"Көшеге шығыңыз, жай ғана жол ережелеріне қатысты қойылған белгілердің өзінде STOP, GO секілді сөздер латынша жазылған. Енді ұлттық телеарналар да жаппай латыншаға көше бастады. Тіпті, әлеуметтік желілерде жазған кезде де қазақстандықтардың көбі латынша әріптермен жазғанды жөн көреді. Сондықтан, латын әліпбиіне көшуде жастарымыз қиналмайды, тез үйреніп кетеді деп ойлаймын", - дейді ол.

Ал, саясаттанушы Руслан Жанғазы болса реформа жасаудың негізгі себептеріне тоқталып өтті. Оның пікірінше, латынға көшу арқылы тілге ешқандай жаңалық енгізудің қажеті жоқ, тек оны дамытуымыз қажет. Жиын барысында өзге де тіл мамандары пікірлерімен алмасты.

"Менің ойымша, болашақтың тілінде әріптердің саны барынша аз болуы керек. Пернетақтада әріптерді тергенде бұл ыңғайлы, жаңа таңба ойлап табудың қажеті жоқ. Қазір жаһандану заманында біз қысқа ғана уақыт ішінде өз тілімізді әлемге тез таныта алатын жағдайдамыз, соны пайдалануымыз керек", - дейді жиынға қатысқан тіл маманы Бекнұр Қисықов.

Жазушы Бейбіт Қойшыбаев болса қазақша әріптерді таңбалаған кезде қос әріптік емес, апострофтық жүйені қолдану керек дейді. Мәселен, ғалымдар ұсынған жаңа әліпбиде "ә" әрпі "ae", "ө" әрпі "oe" болып таңбаланған. Енді оның орнына a' (ә) және o' (ө) деп жазайық дейді жазушы.

Сарапшылар клубының мүшелері осы секілді бірнеше маңызды мәселелерді көтеріп қана қоймай, жиын қорытындысын Астанадағы латынға көшу бойынша құрылған жұмыс тобына ұсынбақшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары