$ 498.51  522.84  4.81

Алматыдағы Достық үйінде тілдер мерекесі тойланды (ФОТО)

Әр жылдың 22 қыркүйегі республика бойынша Тілдер мерекесі аталып өтетіні белгілі. Қазақстанды ортақ үйі санайтын 130-дан аса диаспора өкілдері үшін бұл ерекше күн. Тілі мен дәстүрін сақтап қана қоймай, оны дамытуға да мүмкіндік жасап отқан Қазақстанның билігіне олардың алғыстан өзге айтары жоқ. Ал, Тілдер мерекесінде осы ҚХА мүшелері өз тілдерімен бірге қазақ тіліне де ерекше құрмет көрсетіп, айтулы мерекеге орай түрлі шаралар өткізеді.

Осындай шаралардың бірі Алматы қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан – ортақ шаңырағымыз» деген фестивальмен жалғасты. Іс-шараны Алматы қалалық әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ мен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ және Алматы қалалық Достық үйі ұйымдастырған.

Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Абильфас Хамедов, Алматы қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы Хатшылығының жетекшісі Назар Балғынбаев, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, қоғамдық қайраткер, филологиялық ғылымдар докторы Асылы Осман және этномәдени бірлестіктердің мүшелері және жетекшілері мен қатысты.

– Тіл деген әрбір ұлттың жаны, оның рухани дүниесі, ең құнды дүниесі жиналған алтын қоймасы. Соны әрбір ұлттың өкілі сезініп, білуі керек. Ұлтты ұлт етіп сақтайтын – тілі. Мемлекетті мемлекет етіп көрсететін, ол – тарихы. Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көргендік жасап, Қазақстанда қаншама ұлттың өкілі болса, соның барлығына да еркіндік, теңдік берген. Елдік пен теңдікке, өз ана тілдеріңді оқуға, оны өрістетуге, кеңейтуге ешбір елде дәл осындай теңдік берген жоқ. Сондықтан да бұл мерекенің орны бөлек. Тіл – әрбір ұлттың жаны. Сондықтан да мемлекет басшысы сезініп, біліп баршамызға елдік пен теңдік беріп отыр. Осы мерекемен баршаңызды құттықтаймын, - деді қоғамдық қайраткер Асылы Осман.

«Қазақстан – ортақ шаңырағымыз» атты фестивальге қатысқан Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Қазақбай Тәштімбетұлы да айтулы мерекемен құттықтап, Достық үйіне бас қосқан этнобірлестіктердің азаматтарына алғыс айтты.

– Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі Алматы қаласының төрінде өтіп жатқан осынау фестивальдің отырысына ізгі ниетпен, жұдырықтай жүрегімен келіп отырған баршаңызға алғысым шексіз. Қай заманда, қай халықта болмасын халтықтың ұлттық мақтанышының алғашқы рухани бастауларының қайнар бұлағы өзіңнің туған ана тілің бүкіл жан дүниеңді оятып, от екеніңді сезіндіреді. Бүгінде мемлекетіміздің саясатының басты бағыты, еліміздің басты нышандарының бірі, халқымыздың сарқылмас рухани қазынасы - қазақтың көркем де кестелі тілі. Тілі өркендемеген ел ешуақытта ұлттық мемлекет болып салтанат құра алмаған. Тіл бірлігі болмаса мемлекеттің тәуелсіздігі баянды болмайды. Сол себептен де, бір шаңырақ астында айрандай ұйыған халық пен бүгінгі кеш қонақтарын тілдер мерекесімен құттықтаймын! Бұл баршамызға ортақ мереке, - деді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Қазақбай Тәштімбетұлы.

Іс-шара аясында республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары өз өнерін көрсетіп, концерттік бағдарлама дайындады.

Айта кетейік, 1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданған болатын. Бүгінде қазақ жерінде 130 дан астам ұлт өкілдері өмір сүріп келеді. Және олардың әрқайсысының ана тілі мен ата дәстүрі бар. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995ж.), “Тіл саясаты туралы” Тұжырымдамасы (1996ж.) және осыларға негізделген "Тіл туралы" Заң (1997ж.) республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. 

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары