$ 443.85  474.3  4.8

Алматылықтар жұлдызбен бірге музей аралады

Алматы музейінде экскурсия өткізудің жаңа форматы іске асырыла бастады. «Жұлдызбен музейде» деп аталатын акция аясында Алматы тұрғындары мен қала қонақтары әр бейсенбіде Қазақстанның көрнекті эстрада, кино, театр және спорт өкілдерімен бірге музей аралай алады.

Бұл жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалдының бастамасы бойынша ұйымдастырылған «Музей маусымы» жобасы аясында өткізіліп отырған ауқымды шара.

Шараның алғашқы қонақтарының бірі болып әнші Сәкен Майғазиев пен Музарт Live тобының жігіттері қонақ болды.

– Шынын айту керек, оған көбіне жүрдім-бардым қарап жүрген адамдардың қатарында едім. Бірақ барған жерде, ірі қалалардың барлығында қандай музей бар, қандай құнды жәдігерлдер бар, барлығын тарихи жәдігерлерді елеп-ескеріп, көріп жүруге, назарымнан тыс қалдырмауға тырысатын адаммын, - дейді Сәкен Майғазиев.

Оның айтуынша, қала қонақтары, ауылдан келген туыстардың көпшілігі Алматыға келгенде Медеуді көргісі келеді, театрға, музейге барғысы келмейді екен. Ал мына жоба көңіл қуантарлық екен дейді.

Жас ұрақпақтың санасын оятып, қызығушылығын арттыруға таптырмас идея болған «Жұлдызбен музейге» шарасы Сәкен майғазиевті қуантты. Енді туыстарым мен жақындарым келсе, бірінші Алматы музейіне алып келемін деген әнші ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

– Кез келген Қазақстанның азаматы біздің тарихымызды білуі керек. Қай ғасырдан, қандай күйлерден бастау алғанына көзі жетуі керек. Сол себепті қолмен ұстап көрмесе де, көзбен көру керек деп ойлаймын. Музей мен жастар арасында алтын көпір болып, септігім тиіп жатқанына өте қуаныштымын, - дейді әнші Сәкен Майғазиев.

Ал Музарт Live тобының жігіттері ұстазынан асып, артық ештеңе айта алмайтындарын жеткізді. Дегенмен, жаңа құрылған жас топтың жігіттері соңғы рет қашан музейге барғандарын айтып, ойларымен бөлісті.

– Соңғы рет осы қыркүйек айының басында Ықылас Дүкенұлы атындағы музейде болғанбыз. Біз енді музыка әлемінде жүргендіктен музыкалық аспаптар мен муызкаға қатысты дүниелер үшін сонда жиі барып тұрамыз. Сосын былтыр Астрахан жеріндегі қазақ ауылының музейін аралап, таң қалысып едік. Ал, бүгін осы шараның қонағы болғанымызға алғысымызды білдіреміз, - деді Музарт Live тобының серілері.

«Жұлдызбен музейге» акциясы қазіргі қоғам жастары үшін идеал болып саналатын Қазақстан жұлдыздарының қоғамдық өмірге белсене қатысуы арқылы, тарихи мұра мен құнды музей экспонаттарын таныстыру мен насихаттау және музейге бару мәдениетін қалыптастыруды мақсат етіп отыр. «Жұлдызбен музейге» шарасы әр аптаның бейсенбі күнінде қазан айының соңына дейін жалғасатын болады дейді ұйымдастырушылар.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары