Алматыда 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасының халықтарының тілдер мерекесі күніне орай «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті. Айтулы шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған.
Мерекелік іс-шараға мемлекеттік мекемелердің басшылары, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ тілшілері, қала тұрғындары, студент жастар мен оқушылар қатысты.
– Біз мерекелік шараны Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен ұйымдастырып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз, 22 қыркүйек Қазақстан халықтарының тілдері мерекесін дәріптеп, көп ұлтты Қазақстанның бір шаңырағының астында өмір сүретін халықтардың бірлігін көрсету болатын. Біз бүгінгі шарада еліміздің әрбір тұрғыны өз ана тілін және мемлекетік тіл – қазақ тілін құрметтейтініне тағы бір көз жеткіздік, - дейді ұйымдастыру тобының директоры Дәулет Құлынбаев.
Мерекелік іс-шарада 2017 жылы өткен қалалық байқауларда жүлделі І орын алған жеңімпаздар Алматы қаласы әкімінің атынан марапатталады. Көрермендерге белгілі өнер шеберлерінің қатысуымен әзірленген концерттік бағдарлама ұсынылды.
Негізгі мақсаттың бірі қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау дейді ұйымдастырушылар.
– Тіл саясатын насихаттау аясында Алматы қаласындағы этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен «Тіл – татулық тірегі», «Абай оқулары», «Пушкин оқулары», қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгерген жастар арасында «Тіл шебері», «Тіл дарын», «Тіл парасат» атты байқаулар ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Көркемсөз оқу шеберлері», «Тіл мерейі», «Ана тілім – ардағым», БАҚ өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты қалалық байқаулар өткізу дәстүрге айналды, - дейді Дәулет Құлынбаев.
Жалпы, елімізде өзге ұлт өкілдерінің ана тілдерін сақтау мен дамыту мақсатында жексенбілік мектептер жүйесі құрылған. Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктерде қазақ тілімен қатар неміс, поляк, әзірбайжан, шешен, осетин, кәріс, түркімен және т.б. тілдер оқытылады.
Ал осыдан 28 жыл бұрын 1989 жылы қыркүйектің 22-күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Содан бері бұл дата Қазақстан халқы үшін мерекелі күн.
Жыл сайын бұл мемлекеттік тіл мерекесін Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстар да тойлап келеді. Сонымен қатар, Қазақстанда 100-ден асатын ұлттардың біршамасында өз тілдерін оқытатын мектептері бар. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілдерін мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халықтарының ассамблеясы да жұмыс істеп тұр.
Ақбота Мұсабекқызы