Елбасының «Болашаққа бағдар: рузани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы Алматы облысында талқыланды. Облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің еңбек ардагерлерімен, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, қоғамдық сананы жаңғыртудың қыр-сырын сараптады.
Амандық Ғаббасұлы «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыруда қарияларымыздың алар орны ерекше екенін атап өтті. Әсіресе, жастар тәрбиесін қолға алып, қоғамда орын алып жатқан түрлі келеңсіз жағдайларды алдын алуда аға буын өкілдері үлесін қосуы тиіс.
Облыс әкімі жиын барысында сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына да қысқаша тоқталып өтті.
- Біздің Сіздермен бүгінгі кездесуіміздің барысында, мен, Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына тоқталып өттім. Осы сәтті пайдалана отырып, ісімізді қолдап, Жетісу өлкесінің дамуына қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз үшін Сіздерге тағы бір мәрте алғысымды жеткізгім келеді. Біздер үшін сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, көпжылдық еңбек тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіз өте маңызды. Әсіресе, болашақ ұрпақ тәрбиесіне деген сіздердің тәлім-тәрбиелеріңіз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген тапсырмаларды орындауда үлкен мәнге ие, - деді өңір басшысы А.Баталов.
Кездесу соңында зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар бірқатар мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісіп, облыс әкімінің жұмысына сәттілік тіледі. Өңір басшысы айтылған әрбір ұсынысты назарына алып, олар бойынша белгілі бір шешімге келетіндігін атап өтті.