Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның киелі жерлерінің картасын әзірлеу туралы айтылған болатын. Бүгінде бұл тапсырманы орындауда республикалық деңгейде жұмыс тобы құрылып, оның мүшелері еліміздегі киелі орындардың тізімін әзірлеуге кірісіп кеткен.
Осы тізімге Алматы облысынан Көтен тәуіп Қоңырбайұлының кесенесі де еніп отыр. Сарқан ауданында орналасқан қорымға еліміздің түкпір-түкпірінен зиярат етушілер мұнда жыл он екі ай келіп жатады. Алайда, оларға ешқандай жасалмаған. Енді осы кемшілікті жою мақсатында жергілікті кәсіпкерлер кесене жанынан келушілерге арнап қонақ үй тұрғызып берді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, Көтен әулиенің кім болғанын келушілерге айтып берді.
Естеріңізге салар болсақ, халық арасында Көтен тәуіп аталып кеткен Қойлыбай Қоңырбайұлы, өз заманында Абылай хан мен Бөгенбай батырдың жеке кеңесшісі болған және жарақат алған адамдарды емдеумен айналысқан. Оның атын ерекшелейтін тұсы ешкімнің ешқашан бетін қайтармай, кез-келген жағдайда қолынан келгенше көмек ұшын берген мықты емшілігі әрі көріпкелді болған деседі. Сондықтан да оның Лепсі стансасынан 25 минут қашықтықта орналасқан мавзолейі ежелден сакралды орын саналып келеді. Емшінің рухына құлшылық жасап, дертіне шипа сұраушылар еліміздің түкпір-түпкірінен жиналады. Енді міне жергілікті билік пен меценаттардың мүмкіншіліктерін бір арнаға тоғыстыруының арқасында келушілерге жайлы жағдай жасау мақсатында 50 орындық қонақ үй тұрғызылды.
- Өскелең ұрпақ үшін мұндай игі істер үлгі-өнеге болмақ. Мемлекет басшысы жаһандану заманында қоғамдық сананың рухани жаңғыруы туралы тектен-тек айтып қана қоймай, өзіміздің іс-әрекетімізбен, ой-санамызбен өзіміздің мәдениетіміз бен тарихи құндылықтарымызды сақтауға ерекше көзқараспен қарауымыз тиіс. Бұл бағытта біз үшін ел Президентінің бағдарламалық мақаласы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген бағыттарға жүгіне отырып, ауқымды жұмыстар атқаруымыз қажет, - деді Жақсылық Омар.
Мавзолей шырақшысы Талғатбек Кәріпжановтың айтуынша мұражай мен мавзолейден құралған кешенге жылына 1500 адам келетін көрінеді.
«Менің ойымша, қонақ үйдің ашылуы келушілердің қатарын еселей түспек», - деді ол.