$ 498.55  524.28  4.75

Алматыда кітапхана қызметкерлері латын қарпіне көшуді талқылады

Алматыда «Мемлекеттік тілді жаңғырту – бұл уақыт күші» атты орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлерінің кездесуі өтті. Аталмыш іс-шарада мемлекеттік тіл әліпбиінің латын қарпіне көшуіне арналған бірыңғай стандартты енгізуді қолдау және талқылау болды.

Алматы қаласының орталықтандырылған кітапханалық жүйесінде өткен еңбек ұжымының отырысына 86 маман қатысты.

Кездесуді Алматы қаласы Орталық кітапханасының  ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Н.В.Коваленко ашты.

- Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты мақаласымен баршамыз таныспыз.  Бәріміз оқып білгендей, аталған мақалада негізгі басымдықтардың бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшіру. Біз мұны қолдаймыз және оның жүзеге асуы үшін еңбек етеміз, - деді Н.В.Коваленко.

Ал, Алматы қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының дамыту жөніндегі орынбасары А.Қонарова латын әліпбиіне көшуді жетелдету керектігін алға тартты.

- Қазақстанның  жаһандық бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату, әлемдік ғылыми білім беру, технологиялық және коммуникациялық кеңістікте интеграциялануды жеделдету үшін біз латын әліпбиіне көшу туралы мәселені дер кезінде қозғап отырмыз. Енді осы екпінімізбен латын қарпіне көшіп алуымыз керек. Латын әліпбиіне көшу бағдарламасының маңыздылығы мен негізгі мақсатын осы, - деді ол.

Жиын соңында алматылық кітапханашылар жеке ұсыныстарын жинақтап, хаттама әзірлеп, оны латын әліпбиіне көшу бойынша құрылған жұмыс тобына жолдайтындарын айтты.

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы биыл сәуір айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты мақаласын жариялаған болатын. Аталған мақалада Президент қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін жылдамдатуды тапсырған. Содан бері еліміздің барлық өңірінде аталған бастаманы қолдауға бағытталған шаралар өтуде. Ал, қыркүйектің 11-не тіл мамандары Парламент депутаттарының назарына жаңа латын әліпбиінің нұсқасын ұсынды.

Қазіргі таңда аталған жаңа нұсқаны қоғам талқылап жатыр. Ондағы “жаңалықтарға” бір тарап қарсы болса, өзгелері қолдап отыр. Қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, лингвист-мамандар және депутаттар ортақ бір шешімге келген кезде ғана қазақ тілі латын әліпбиіне көшуін бастайды. Жалпы, Елбасы бұл процесті кезең-кезеңмен жүргізіп, 2025 жылы толық латынға өтуді тапсырды. Дегенмен, орыс тілі елімізде кирилл қарпімен жазылуын жалғастыра береді. Яғни, Қазақстанда қос тіл және қос әліпби қатар әрекет етеді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары