$ 498.55  524.28  4.75

Алматыда «қоғамдық сананы жаңғыртудың алғашқы қадамдары» талқыланды

Алматыда «Қоғамдық сананы жаңғырту: алғашқы қадамдар» тақырыбында коалициялық отырыс өтті. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде өткен шараға қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен қоғам қайраткерлері, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш шарада қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу жайы талқыланып, Коалиция мүшлері бұл реформаға қатысты өз ойларын білдірді.

- Біздің бүгінгі отырысымыз еліміздің маңызды тарихи оқиғаларының аясында өткелі тұр. Біріншіден, Коалицияның республикалық іс-жоспар кестесіне сәйкес бүгінгі отырысымызда Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа кеңінен танытқан, күні кеше ғана аяқталған «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің мән-маңызы жайында да сөз қозғамақпыз. Екіншіден, қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысуы жөнінде талқылаймыз, - деген «Нұр Отан» партиясы АҚФ төраға орынбасары  Қ.Табеев.

Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу жөнінде талқылауда филология ғылымдарының докторы Өмірзақ Айтбаев, латын графикасын енгізу бойынша жұмыс тобының мүшесі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Нәзира Әміржанова, «Ауыл» ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Абдулла Сапаров және Алматы қалалық филиалы «Ақжол» демократиялық партия төрағасы Дмитрий Васильев өз ойларын ортаға салды.

- Латын әліпбиінің артықшылығы, ол ағылшын тілін толық меңгеруге, жаңа заманауи технологияларды біліп тануға жол ашу және әр елдің түпкіріндегі қазақтардың бір-бірімен тілдесуіне үлкен мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар, кемшіліктері де бар. Бұл кемшіліктерді біз - тіл және филология мамандары толығымен іске асыруымыз қажет, - деді Н.Әміржанова.

Ал, Ө.Айтбаев Елбасыеың қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру идеясының көпшілік назарына ұсынылуы өте дер кезінде жасалғанын атап өтіп, Еуропа мен Азия халықтары алфавиттерінің жасалу, қалыптасу тарихына тоқталды. Коалиция мүшелерінің отырысты қорытындылай келе, алматылықтарға қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіуін қолдау жөнінде үндеу қабылдады.

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы биыл сәуір айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты мақаласын жариялаған болатын. Аталған мақалада Президент қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін жылдамдатуды тапсырған. Содан бері еліміздің барлық өңірінде аталған бастаманы қолдауға бағытталған шаралар өтуде. Ал, қыркүйектің 11-не тіл мамандары Парламент депутаттарының назарына жаңа латын әліпбиінің нұсқасын ұсынды.

Қазіргі таңда аталған жаңа нұсқаны қоғам талқылап жатыр. Ондағы “жаңалықтарға” бір тарап қарсы болса, өзгелері қолдап отыр. Қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, лингвист-мамандар және депутаттар ортақ бір шешімге келген кезде ғана қазақ тілі латын әліпбиіне көшуін бастайды. Жалпы, Елбасы бұл процесті кезең-кезеңмен жүргізіп, 2025 жылы толық латынға өтуді тапсырды. Дегенмен, орыс тілі елімізде кирилл қарпімен жазылуын жалғастыра береді. Яғни, Қазақстанда қос тіл және қос әліпби қатар әрекет етеді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары