$ 498.55  524.28  4.75

«Нұр Отанның» Жамбыл облыстық филиалы латынға көшудің мән-жайын талқылады

Қазақстанда латын әліпбиіне көшуге дайындық жұмыстары қарқын алды. Аталған идея осыдан он шақты жыл бұрын көтерілгенімен, іс жүзінде тек биыл ғана жүзеге аса бастады. Өйткені, жыл басында, нақтысын айтқанда, сәуір айында Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, онда қазақ тілін латынға көшіруді көп созбауды тапсырған болатын. Яғни, биылдан бастап латын әліпбиіне көшу жұмыстары басталса, 2025 жылға дейін ол толық аяқталуы тиіс.

Әліпби алмастыруға дайындықты «Нұр Отан партиясының Жамбыл облысындағы филиалы да пысықтады. Атап айтқанда, партия жанынан құрылған «Мирас» аймақтық кеңесі кезекті отырысын осы тіл реформасына арнады. Жиынға партия өкілдерінен бөлек тіл білімі саласының мамандары, музей қызметкерлері мен жастар қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Еске салайық, осыдан бірер апта бұрын Парламент депутаттарына латын әліпбиінің қазақстандық үлгісі негізінде жасалған жаңа жоба таныстырылды. Оны әзірлеген Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы. Ондағы мамандар болашақта қазақтар осы әліпбиді қолдануы тиіс деп есептейді. Алайда, аталған жаңа әліпбиде кейбір қазақша әріптер таңбаланбаған. Олар екі әріптің бірігуі арқылы жазылады екен. Бұл жайт өз кезегінде қоғамдық пікірді екі жарды. Тараптардың бірі «бір әріп – бір таңба» деген принципті ұстанса, өзгелері осы соңғы әліпбиді пайдалануымыз керек деп есептейді.

«Мирасқа» жиналған жамбылдық мамандар латын әліпбиінің бұл нұсқасын әлі де талқылап, жетілдіру керек деген ұстанымда қалды. Алайда, қандай жағдай болмасын, қазақ тілін датынға көшіру керек деп есептейді олар.

«Елбасымыздың көреген саясатының арқасында осы латын қаріпіне ауысуда жалпы халықтық талқылаудан өткізіп, бір ортақ пікірге келіп, қателіктерге бой алдырмай латын әліпбиіне қатысты ұсынысты түпкілікті ғылыми негізде қабылдау жоспары тұр», - дейді «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев.

Жиында сөз алғандар бірауыздан бұл еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екендігін алға тартты. Әлемдегі ғылым-білім мен ақпараттардың 70 пайызынан астамы латын әліпбиінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латын әліпбиіне  көшудің пайдасы орасан. Сонымен қатар, бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосады дейді тіл мамандары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары