$ 498.55  524.28  4.75

Тілдер күніне орай Таразда Жастар форумы өтті

Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды мерекелердің бірі – Қазақстан халқының тілдері күні. Айтулы мерекеге орай Тараз қаласында Жамбыл облысының белсенді жастары бас қосып, «Тіл татулық тірегі» атты жастар форумын өткізді. Іс-шара «Жастар сарайында» облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастауымен ұйымдастырылды.

Бүгінде Жамбыл облысында 80-нен астам диаспораның өкілдері өмір сүреді. Еліміздің өзге өңірлеріндегі сияқты олардың да тілдері мен дәстүрлері, мәдениеті еш шектеусіз, кедергісіз сақталған және жергілікті билік тарапынан дамытуға мүмкіндіктер де жасалып отыр. Ал, олардың бәріне ортақ шаңырақ болған Қазақстанның мемлекеттік тілі үлкен реформаны бастан өткергелі тұрғанын жақсы білеміз. Яғни, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі өзге диаспора өкілдерінің арасында да қолдауға ие болуы тиіс. Сондықтан, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілетін болады. «Жастар сарайына» жиналғандар бүгін осындай тоқтамға келді.

«Бүгін жай ғана тілдердің мерекесі емес, бүгін біз қазақ тілінің болашақ тағдырын талқылау үшін жиналдық. Осында отырған жастардың бәрі ана тіліміздің латын әліпбиіне көшуін қолдайтындарын айтып отыр. Мұның пайдалы тұстары көп, соның бірі – біздің ағылшын тілін тез және еркін меңгере алатынымызда», - дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Сағи Алтынкөп.

Латынға көшудегі негізгі мақсаттардың бірі де осы – өскелең ұрпақтың ағылшын тілін тез меңгеріп алуы. Өйткені, ғылым мен технологияны игеру үшін қазақ немесе орыс тілдерінің аздық ететінін тәжірибе көрсетіп отыр.

Ал, аталған жиынға қатысқан жастар латынға көшуді еліміздегі өзге ұлттардың тілі мен дәстүрін одан әрі дамытуға еш кедергі келтірмейтіндігін тағы айтты. Олар сондай-ақ, жаңа әліпби қазақ тілінің бірегейлігін де сақтап қалатынына сенімді.

«Әрине латын әліпбиіне көшу басты міндеттеріміздің бірі және бұл идеяны Қазақ елі жастары да қолдайды деген үміттемін. Уақыт кеңістігіндегі тіліміз бен дінімізді, мәдениетімізді жетілдіру жолында еңбек етуіміздің ең бастамасы осы латын әліпбиімен тікелей байланысты және заман талабы соған әкеледі деген ойдамыз», - дейді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының сектор меңгерушісі Айбек Қадыралиев.

Айта кетейік, Елбасының латынға көшу идеясы осыдан ондаған жыл бұрын көтерілгенімен, іс жүзінде ол тек биылдан басталып отыр. Өйткені, Мемлекет басшысы өзінің сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын да латын әліпбиіне көшуді соза бермей, ертерек қолға алуды Үкіметке тапсырған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары