Жамбыл облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік ұран» байқауы өз мәресіне жетті. Кеше байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Таразда өтіп, оған қонақ ретінде елге танымал азаматтар қатысты.
Байқау бүкіл облыс аумағын қамтыды. Оны өткізудегі негізгі мақсат - Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары туралы облыс тұрғындарын ақпараттандыру деңгейін жоғарылату. Сондай-ақ, бағдарламаның маңыздылығын айқындайтын имидждік ұран қалыптастыруға облыс тұрғындарын кең көлемде тарту және облыс тұрғындарының шығармашылық қабілеттерін шыңдау.
Байқаудың өзі 4 номинация бойынша өтті. Атап айтқанда: «Білімнің салтанат құруы», «Туған жер», «Қазақстанның киелі географиясы» және «Мәдени даму».
Конкурстық комиссия құрамында мәдениет саласындағы сарапшылар, білім беру, мемлекеттік орган өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, БАҚ, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени және жастар ұйымдары, сондай-ақ блогерлер болды.
Марапаттау рәсімінде әрбір номинация бойынша жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, 100 мың теңге ақшалай сыйлық алды.
Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсіміне спикер ретінде облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысының орынбасары Д.Бейсенқұлов, Қазақстан РТРК» АҚ Оңтүстік аймақтық филиалдары басқарма басшысының кеңесшісі М.Төлепберген, республикалық «Байтақ Болашақ» ҚБ экоальянс төрағасы Азаматхан Әміртай, «Qazaq radiolary» республикалық компаниясының бас директоры Мәди Манатбекұлы секілді елге танымал азаматтар қатысты.