$ 499.51  525.83  4.62

Жамбыл облысында «Туған жерге туыңды тік!» акциясы қорытындыланды

Осыдан біраз уақыт бұрын Жамбыл облысының барлық ауданы мен Тараз қаласында басталған «Туған жерге туыңды тік!» акциясы өз мәресіне жетті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған ауқымды шара бүгін Таразда қорытындыланды.

Шешуші жиын семинар-кеңес ретінде өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма, департамент басшылары, аудандар мен Тараз қаласының әкімдері, олардың аппарат басшылары мен аудандық маңызы бар қала, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Акцияның нәтижесі ретінде «Жаңғырған ауыл» бағдарламасы аясында демеушілік көрсету бойынша шешім қабылдаған кәсіпкерлік субъектілері мен аудан, округ әкімдерінің арасында үш жақты меморандумдарға қол қою рәсімдері өтті. Жалпы, осы шара аясында жобалық құны 500 млн. теңге құрайтын 8 меморандумға қол қойылды.

- 100 орындық бала бақша бергелі жатырмыз мемлекетке, ауылымыздың игілігі үшін. Болашақта да біраз жоспар бар, келесі жылы Юбилейный деген ауыл бар, сол ауылға тағы бір балабақша салсақ деп отырмыз. Өзіміздің ауылға мәдениет үйі жоспарда бар, - дейді шаруа қожалықтың төрағасы, кәсіпкер Мейрамбек Дөненбай.

Семинар жұмысы басталмас бұрын «Достық үйінде» орналасқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды үйлестіретін, замануи жабдықталған жобалық офистің таныстырылымы өткізіліп, өңір басшысына Тараз қаласы мен аудандардың 2017 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы баяндалды.

Екі бөлім және бес тақырыптық бағытта өткен кеңесте жергілікті өзін-өзі басқару заңнамаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, қаржы экономикалық саясат, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм және еңбек қатынастары, инфрақұрылымды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Облыс әкімі К.Көкрекбаев жүргізген семинарда Ел Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында қойылған міндеттер, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру мәселелері қамтылды.

- Семинардың мақсаты – жылдың қорытындысын шығарып, арнайы шаралар қабылдап, 2018 жылы атқаратын жұмыстар сапалы болу үшін бүгіндік даярлау жұмыстары өзінің нәтижесін беру қажет деп есептейміз, - деді облыс әкімі жиын барысында.

Аудиторияға «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі туралы», Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу профилактикасы», «Республикалық және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Өрлеу» пилоттық бағдарламалары туралы, өзге қызықты тақырыптарға мемлекеттік органдардың бірінші басшылары дәрістер өткізді.

Семинар барысында мемлекеттік қызметті үлгілі атқарып жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің марапаттары тапсырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары