21.11.2017, 11:24

«Нұрлы жер» бағдарламасы. Не білуіміз керек?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен жүзеге асып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасының басталғанына көп уақыт өтпесе де, бүгінгі таңда осынау бағдарлама бойынша пәтер алып, қуанышқа кенеліп жатқан отандастарымыз аз емес. Алайда, қол жеткізген табыстарға тоқмейілсімей, халық арасында әлі де ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды болып отыр. Өйткені, аталған бағдарламаның шарапатын бүкіл қазақстандықтар көруі тиіс.

Сонымен, «Нұрлы жер» бағдарламасына кімдер қатыса алады, бұрынғы бағдарламалардан айырмашылығы қандай, қандай шарттар мен ерекшеліктері бар деген сияқты бірқатар сұрақтарға мамандардан жауап іздеген болатынбыз. Бұл сауалдарымызға ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов жауап береді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы мен «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының айырмашылығы не? Мемлекеттік бағдарламаға қатысатындар нақты екі топқа - «төлем қабілеттілігі бар» және «төлем қабілеттілігі жоқ» азаматтар болып бөлінеді. Олардың арасында баспана тарату рәсімі қалай жүргізіледі?

Тұрғын үй саласында бұған дейін болған барлық тетіктер «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілді. Тұрғын үй жинақ пен ипотекадан бөлек, жеке тұрғын үйді салу жүйесі де бар. Бағдарламаның негізгі мақсаты – осы саланы нарыққа барынша бейімдеу. Мемлекет оған көп араласпауы тиіс. Себебі халықтың өз жинақтары бар, табысы да жоқ емес. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін арнайы баспаналар салынады.

Мәселен, I топтағы мүгедектер мен жетім балалар арендалық үйді ала алады. Бірақ оны жеке өз атыңа аударуға рұқсат жоқ. Тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жеке баспананы алуға болады. Оған табысы мен жинақтары бар азаматтар қатысады. Мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер сияқты бюджет саласының мамандары, әскери азаматтар және тағы басқа тұрақты жалақысы бар адамдар дәл сол кредиттік баспананы алса да болады. Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктерді субсидиялау арқылы жекеменшік компаниялардан пәтер сатып алуға мүмкіндік бар. Жаңа бағдарламада ипотека да қарастырылған. Алайда оны тек қымбат үй алғысы келетіндер ғана пайдалана алады. Мемлекеттік бағдарлама аясында эконом-классқа жататын баспана салынады. Ал элиталық баспана ипотека арқылы сатылады.

Арендалы баспана және оның құны

Ондай пәтерлер әкімдіктің кезегінде тұрған I топтағы мүгедектер мен жетім балаларға беріледі. Олар үшін салынатын арендалық пәтерлерді салу үшін бюджеттен жыл сайын 25 миллиард теңге бөлінетін болады. Осы ақшаға республика бойынша жыл сайын 3 мың пәтер салынады. Ал әрбір аймақта жылда шамамен 180 арендалық баспана пайдалануға беріледі. Жалға алу ақысына келер болсақ, әрбір шаршы метр үшін ай сайын 100 теңге төленеді. Мәселен, пәтердің ауданы 50 шаршы метр болса, бір айлық төлемақының көлемі 5 000 теңге болады, 60 шаршы метрге - 6 000 теңге.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жұмыс басталған қалалар

Қазақстанның ірі қалаларында құрылыс жұмыстары басталып кетті. Еліміздегі тұрғын үй құрылысының қазіргі қаржылық қоры 277 млрд. теңгені құрап отыр. Соның ішінде жекеменшік компаниялардың қаржысы, бюджеттің ақшасы және тағы басқа инвестициялар бар. Біздің жоспарымызға сәйкес, әрбір аймақта шамамен 15-20 млрд. теңге кредиттік баспанаға жұмсалады. Ал, Астана мен Алматыда тұрғын үй жинақтары бойынша салынатын баспананың көлемі 30 млрд. теңгені құрайды. Осылайша, пәтер кезегінде тұрған азаматтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы Астана мен Алматыда үйдің бір шаршы метрін 180 мың теңгеге сатып ала алады. Ал, аймақтарда бір шаршы метрдің бағасы 140 мың теңге болады.

«Нұрлы жер» бағдарламасының қабылданғанына көп уақыт өткен жоқ. Аталған құжаттың кемшін тұстары бар ма?

Енді, кемшіліктер жайында әлі ештеңе айта алмаймыз. Себебі ол бағдарламаның іске асып жатқанына небәрі бірнеше ай болды. «Нұрлы жер» бұған дейінгі «Нұрлы жол» мен «Өңірлерді дамыту» бағдаламаларының жалғасы іспетті. Алайда жаңа бағдарлама тұрғын үй құрылысын жаңаша жүргізуді көздейді. «Нұрлы жер» - бұл алдағы 15 жылға арналған үлкен жоспар. Ондай бастама елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Соның аясында тұрғын үй құрылысы саласы жандана түседі деген сенім бар. «Қалай?» дейсіз ғой. Мәселен, Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде біз миллион пәтер салдық деп отырмыз. Ал бір миллионды 25-ке бөлсек, жылына 40 мың пәтер шығады. Енді, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жыл сайын 100 мың пәтер салынады деген жоспар бар. Осының арқасында 15 жылдың ішінде 1,5 миллион отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге болады. Бұл оған дейінгі көрсеткіштен есе есе артық. Баспана көп салынса, құрылыс саласы да жандана түседі. Мәселен, осы уақытқа дейін республика бойынша 17 үй салу комбинаты бой көтерді. Аталған комбинаттардың көмегімен жыл сайын 1,4 млн шаршы метр баспананы салуға мүмкіндік бар. Құрылыс материалдары да өзіміздікі. Негізі, қазірдің өзінде тұрғын үй құрылысы саласындағы материалдардың 90 проценті - отандық өнімдер. Ал «Нұрлы жердің» арқасында үйді екі есе арзан бағаға алуға болады. Мәселен, Астана мен Алматыда бір шаршы метрдің бағасы шамамен 260-280 мың теңге, ал мемлекеттік бағдарлама бойынша кредиттік баспананың бір шаршы метрі 180 мың теңгеге шығып отыр. Аймақтарда да солай.

Қазақстанда баспана кезегінде қанша азамат тұр?

Қазіргі кезде республика бойынша баспана кезегінде 2 млн. 300 мың адам тұр. Олардың ішінде 430 мың адам әкімдіктердің кезегінде тұрса, шамамен 800 мың адам - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Бұдан бөлек, 1 млн. 300 мың адам жер кезегіне тіркелген. - Жер демекші, жыл сайын 40 мың адамға жер беріледі деген ақпарат бар. Әрине, ол жерге алдымен су, жарық сияқты инфрақұрылым желілерін тарту қажет. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында дайын коттеджтер салынады деп естідік. Сол жайында айтып берсеңіз? - Енді қараңыз, қазақтың үйінде бала көп қой. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда бес-алты баласы барлар жетерлік. Солардың барлығын кезекке қойып қояды. Алайда жер бәріне беріледі деген әңгіме жоқ қой. Сондықтан біз облыс орталықтарында коттедж қалашықтарын салуды пилоттық режимде іске асырып көргенді жөн көрдік. Қалған өңірлерде, қала, аудан, моноқалаларда (кезекте тұрған бір отбасының бірнеше мүшесіне - авт.) бере берсін. Ал облыс орталықтары «ауылға» айналып кетпес үшін біркелкі коттедждердің болғаны дұрыс деп шештік. Ол жерде бірыңғай стиль, бірыңғай дизайн болады. Осындай талап қойып отырмыз. Алдағы екі жылда бұл бастаманы сынақтан өткізіп көреміз. Коттедж қалашықтарын Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және тағы бірқатар облыстарда салу жоспарланып отыр. Бүгінде коттедждердің типтік жобасы бекітілді. Мердігерлер ондай үйлерді салғанда бір шаршы метрдің бағасын 120 мың теңгеден асырмауы тиіс. Соның арқасында аталған баспана халыққа қолжетімді болады. 

«Нұрлы жер» бағдарламасына қалай қатысуға болады? Оған қандай құжаттар қажет?

«Нұрлы жер» бағдарламасына қатысамын дейтін азаматтар алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына баруы тиіс. Сол жерде өтініш беріп, әкімдіктің кезегіне тұру қажет. Дегенмен, баспана ең бірінші ардагерлерге, жетім балаларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға, мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының мамандарына беріледі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар да 11 санатқа бөлінеді. Ол - көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және тағысын тағы. Олар да өтініш беріп, кезекке тұруы тиіс. Алайда нақты шектеулердің де бар екенін ескеру керек. Соңғы бес жылда адамның атында баспана болмауы шарт. Ол - бір. Сосын Астана мен Алматыда тіркеуге тұру мерзімі 2-3 жыл болуы қажет. Аталған екі қалаға халық көптеп көшіп жатыр. Сол себепті жаңағыдай талаптар енгізілді. Мәселен, Мәскеуде тіркеу мерзімі 10 жылдан артық болуы шарт. - Жақында «Ақжол» партиясы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылдан келетін жастар үшін жатақханаларды көптеп салуды ұсынды. Жаңа бағдарламада ондай шаралар бола ма? - Жоқ, ондай шаралар қарастырылмаған. Негізі, бізде жатақханалардың типтік жобасы бар. Ондай құрылыстың бағасын да есептеп көрдік. Нарықтағы бағадан көп айырмашылық жоқ, небәрі 5-10 процент. Сосын ауылдан келетін жастар үшін жатақханалар жоғары оқу орындары жанынан салынып жатыр. Бұдан бөлек, оңтүстіктің жастарын солтүстікте көптеп қоныстандыруға арналған бағдарлама («Серпін» бағдарламасы - авт.) да бар. Соның аясында солтүстік өңірлерде жатақханалар салынуы қажет. Алайда ондай баспананың бағасы қалай болды, солай қалады.

Ажырасқан азаматтар мен әскерилер пәтер кезегінде тұрып, баспана ала алмайды деген ақпарат бар. «Нұрлы жер» бағдарламасында ондай талаптар да бола ма?

Иә, ондай ұсыныс бар. Себебі некеге баспана алу үшін тұратындар көбейіп кетті. Алайда ондай азаматтарға баспана бермеу мәселесі Парламентте әлі қаралған жоқ. Әскерилер болса, бұрынғыдай кезекте тұр. Бірақ алдағы уақытта олардың төлемақыларын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» аудару жоспарланып отыр.

Бүгінге дейін «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысты ең жиі қойылатын, маңызды деген сұрақтар осылар. Алдағы уақытта бағдарламаның жүзеге асырылуы барысында халықты толғандырған сұрақтарға жауап беруді міндетіміз деп білеміз.

Асхат Шотаев