$ 499.51  525.83  4.62

Таразда «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жай ғана науқаншыл жоба болып қалмауы керек. Ол елдің идеологиясын қалыптастырып, қоғамдық сананы шын мәнінде өзгертетін құралға айналуы керек.

Бұл сөзді бүгінде қоғам қайраткерлері, ұлтя зиялыларының барлығы да айтып жүр. Яғни, бұрынғыдай бос ұрандатып, жер-жерде пайдасыз жиындар өткізуді қоюымыз керек. Оның орнына ұлтты, болашақ ұрпақты тәрбиелей алатын шаралар жүзеге асса құба-құп.

Жастар деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені, Елбасының осынау мақаласы негізінен жастардың тәрбиесіне бағытталған. Болашақтың кілті жастар қолында болғандықтан өскелең ұрпаққа қазірден бастап оң тәрбие беруіміз керектігі ақиқат. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» аясында жастар тәрбиесіне қатысты жиын-басқосуларды жиілеткен абзал.

Осындай ілкімді істердің бірі күні кеше Таразда өтті. Жамбыл облысының орталығындағы Тараз химия-технологиялық колледжінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» жастар орталығы ашылды.

1 желтоқсан – Тұңғыш Президенті күні мерекесі аясында ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру» орталықтың ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының мамандары мен өңірімізге белгілі азаматтар, ардагер ұстаздар қатысты.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында біздің колледжде көптеген іс-шаралар өтуде. Оған жастар да, ұстаздар да белсене араласуда. Мақсатымыз – қоғамдық сананы жаңғыртуға өз үлесімізді қосу. Елбасының осынау мақаласында көрсетілген басым бағыттарды алдымен түсіндіріп, кейін жүзеге асуын қамтамасыз етуді көздейміз», - дейді  Тараз Химия технологиялық колледжінің директоры Гүлнәр Тұрсынбекова.

Бұдан бөлек, келген қонақтар назарына колледж студенттерінің техникалық шығармашылығы мен сурет және кітап көрмесі ұсынылды. Ал, ұлттық аспаптар оркестрінің орындауындағы күмбірлеген күйлер іс-шараның көркін қыздыра түсті.

«Оқу орнындағы әрбір студент Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясын жүрегімен түсініп, оның орындалуына әрбірі атсалысуы қажет. Онсыз қоғамдық сана жаңғырмайды. Мемлекет басшысының бұл бастамасын жұмылып атқарғанда ғана одан нәтиже шығады», - дейді Тарих пәнінің оқытушысы Гүлжаухар Әбдірахманова.

Елбасының еңбектері мен қабылдаған маңызды құжаттары қойылған орталықтың ашылуы колледж аумағындағы «Түлектер Аллеясында» тал отырғызылумен аяқталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары