$ 444.22  476.38  4.82

Мемлекет басшысы телекөпір барысында «Шетпе-Ақтау» автомобиль жолын ашты

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының  серпіні» ұлттық телекөпірдің өткені белгілі. Онлайн режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриалды-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылды. Осы телекөпір барысында Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы «Шетпе-Ақтау» автомобиль жолын іске қосты. Жоба «Нұрлы жол» бағдарламаы аясында салынған болатын.

Жалпы, осы телекөпір барысында Елбасы Маңғыстау облысындағы үш нысанды іске қосты. Олардың алғашқысы Қарақия ауданындағы Құрық портының екінші кезеңі. Жобаның құны - 97,7 млрд. теңгені құрап, порттың қуаттылығы жылына 7 млн тоннаға жетті. Құрық порты арқылы экспорттық және транзиттік жүктерді Транскаспий дәлізінде әлемдік нарыққа тасымалдау жоспарланып отыр. Телекөпірде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания» АҚ инфрақұрылымдық жобалар бойынша вице-президенті Бауыржан Орынбасаров сөз алды. 

«Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев! Құрық порты - Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні. 2017 жылы Құрық портында 1 млн. 200 мың тоннадан астам жүк тиелді. Жаңа іске қосылған автокөлік паромы – қосымша 2 млн. тонна жүк артуға мүмкіндік бермек. Бүгін біз Еуропа елдері мен Түркияға жаңа  бағыттарды жібермекпіз»,- деді.

Ал, «Шетпе-Ақтау» автомобиль жолының құны – 92 956 млн. теңге. 2020 жылға қарай жүк тасымалдау көлемі «Бейнеу-Ақтау» автожолының учаскесінде  16 200-30 700 мың тоннаны құрайды дейді, сала мамандары. Осылайша, көліктік-логистикалық орталықтарды құру арқылы шекаралас жатқан Өзбекстан, Түркіменстан елдерімен қарым-қатынасты нығайтып, Каспий маңы аймағының дамуына, өңір экономикасының өсуіне «Бейнеу-Ақтау» автожолы ықпал етпек.

Осы автожолдың ашылуынан кейін сөз сөйлеген ҚР ИДМ Автокөлік жолдар Комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев нысанның маңыздылығына тоқталды.

«Құрметті  Елбасы! «Ақтау-Шетпе» жол бөлігі «Астрахань-Атырау-Ақтау-Түрікменстан шекарасы» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамына  кіреді. Бұл – Ресей және Шығыс Еуропаны Орталық Азия елдерімен байланыстыратын ең қысқа жол. Жүк тасымалының көлемі жылына 3 миллион тоннаны құрап, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының мүмкіндігін арттырады»,- деді М.Пішембаев.

Әрі қарай телекөпір аясында Маңғыстауда «Арцеллор Миттал» компаниясының түиістіріп дәнекерлеу құбырларын өндіру цехы пайдалануға тапсырылды.

Жобаның құны шетелдік инвесторлардың қатысуымен 6,8 млрд. теңгені құрап отыр. Зауыт Маңғыстаудағы бірегей, технологиялық жағынан толыққан өнеркәсіп кешені болып табылады.

Өндіріс қуаты жылына 300 шақырым құбыр шығаруға қабілетті. Өндірістің әр бөлігі автоматтандырылған және құбырдың сапасының жоғарылығын тексеретін бақылаудан өтеді.

Елбасы аталған жобалардың іске асуына сәттілік тілеп, кәсіпорын ұжымымен тілдесті.

Айта кетейік, жалпыұлттық телекөпір аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа оншақты өндірісті іске қосты. Бұл кәсіпорындарда Отандық өнім шығарылып, Қазақстандық мамандар жұмыс істейтін болады. Іс-шара «Нұрлы жол» және елді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына арналды.

Жалпыұлттық телекөпір шеңберінде 25 нысанның 10 мыңға тарта жұмысшысы жаңа индустриалды серпілістің тікелей куәгері болып, шараны 18 миллион Қазақстандық тамашалады.

Айта кетейік, жыл басынан бері Маңғыстауда жалпы құны 1 млрд. 847 млн. теңге құрайтын 3 жоба пайдалануға беріліп, 195 жаңа жұмыс орны ашылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары