Мемлекет басшысы өз жолдауларының бірінде Қазақстан тұрғындарының балабақша тапшылығын сезінбеу керектігін атап өтіп, үкіметке «Балапан» бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Аталған бағдарлама аясында қазақстандық бүлдіршіндер 100 пайыз балабақшамен қамтылып кетпесе де, бүгінгі таңда кезекте тұрған сәбилердің дені мектепке дейінгі мекемелерге жайғасып үлгерді. Бағдарламаның өзі 2020 жылға дейін елімізде балабақша тапшылығын түгел жоюды көздейтінін айта кету керек. демек, егер бүгінгі қарқын сақталар болса, үкімет өзіне жүктелген міндетті орындай алды деген сөз.
Қазірдің өзінде Қазақстанның әр облысында жылына ондаған балабақша ашылып жатыр. Олардың көбі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Мәселен, Алматы қаласы күні кеше Түрксіб ауданындағы мектепке дейінгі мекемелердегі орындардың тапшылығын азайту үшін бір күнде төрт балабақша ашылды.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылған балабақшалар коттедж үйлерде орналасқан. Ата-аналар балабақшаның төлемақысының 50 пайызын төлесе, қалған 50 пайызын мемлекет төлейді.
– Соңғы екі айда, яғни қыркүйек-қазан айларында ауданда 9 балабақша ашылған болатын. Бүгін төрт балабақша ашып жатырмыз. Оның екеуі жекеменшік балабақша болса, екеуі шағын орталық, яғни әрқайсысында 50 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылады. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жобалар. Жыл соңына дейін тағы 6 балабақша ашу жоспарда бар, ол 300 баланы қамтитын болады, – деген Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов келесі жылы ауданда 300 орындық мемлекеттік балабақша ашылатынын жеткізді.
Түрксіб ауданында қазір балабақшаға 2231 бала кезекте тұр. Аталған аудан аумағында 6190 бала қамтылған 67 мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істейді. Оның ішінде 4009 бала қамтылған 22 мемлекеттік балабақша болса, 32 жекеменшік балабақшада 1737 бала бар, ал 13 шағын орталық 444 баланы қамтып отыр.
38 мектепке дейінгі мекемелердегі 1556 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы («Балапан» бағдарламасы) енгізілген.
Статистикаға сүйенсек, 2017 жылдың қаңтар айынан ауданда 370 орынға арналған
11 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Оның 10-ы коттедждерде ашылса, 1 балабақша тұрғын үйдің бірінші қабатынан ашылды.
Барлығы 76 жұмыс орны құрылды және кәсіпкерлермен салынған инвестицияның жалпы сомасы 86,3 млн. теңгені құрайды.