$ 448.56  478.03  4.79

Қытайлық инвесторлар Павлодар облысында логистикалық хаб ашпақшы

Қазақстандағы ірі логистикалық хабтардың қатары тағы біреуімен толықпақ. Бұл жолғы ірі орталық Павлодар облысында  ашылғалы жатыр. Жоба қазақ-қытай әріптестігін нығайту мақсатында және «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасын жүзеге асыру аясында жүзеге асады. Бұл туралы Павлодар облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Турасын айтсақ, Екібастұз аэропортының базасында Қытай Халық Республикасына түрлі өнімдердің экспорты жүзеге асырылатын орталық ашылуы мүмкін. Өзінің Павлодар облысымен серіктес болу ниеті туралы Қытайдың топ-100 ірі экспорттық компания тізіміне енетін ҮЕМА ірі қытайлық корпорациясының өкілдері айтты. Олар аймақ басшысы Болат Бақауовпен бірге ондаған жылдар бойы қаңырап тұрған екібастұздық аэропортқа барып қайтты.

ҮЕМА Group вице-президенті Чен Ганға: – Сіздер бұл жерде логистикалық орталық ашуларыңызға болады, – деген ұсыныс жасады Павлодар облысының әкімі. – Екібастұз Павлодардан небары 120 километр, Астанадан 280 километр қашықтықта орналасқан. Менің ойымша, бұл – хаб құрудың ең ұтымды нүктесі. Осы жерден сіздер Қазақстанда өндірілетін тауарды Қытайға жібере аласыздар. Әлеуетті инвесторлар екібастұздық «QazTomat» кәсіпорнының жылыжайында болып қайтты. Төрт айдың ішінде кешенде 1,2 мың тоннаға жуық қызанақ өсірілген екен. Шығарылатын өнімнің негізгі сатып алушысы – ресейлік «Лента» дүкендер желісі. Күніне 10 тоннаға жуық екібастұздық қызанақ Екатеринбург, Новосібір және Бийскке жөнелтіледі.

– Бүгінде біз 2019 жылдың бірінші жартысында іске қосуды жоспарлап отырған 16 гектарлық жаңа кешеннің құрылысымен айналысып жатырмыз, – деді жылыжай басшысы Ерлан Матымов. – Бұл шығарылатын өнім көлемін күніне 35 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бәлкім қызанақтан бөлек тағы қияр мен баялды өсіреміз. Павлодарда YEMA Group топ-менеджерлеріне арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін таныстырды. АЭА ішінде олар «Guissenhaus» ЖШС қоспалы алюминий өндірісінде болды, сондай-ақ химиялық препараттар өндіретін «АгроХимПрогресс» ЖШС және қатты қыздырылған кокс шығаратын «УПНК-ПВ» ЖШС-нде болып қайтты.

– Синьцзянда жылына шамамен 3 миллион тонна өнім шығаратын алюминий зауыты жұмыс істегендіктен, бізге алюминий шығаруға қажетті, Павлодарда өндірілетін қатты қыздырылған кокс өте қызық, – деп қытайлық корпорацияның вице-президенті Чен Ган атап өтті. – Агроөндіріс кешенінде біз өсімдік майын сатып алу мен Қытайға жеткізу бойынша серіктес болуға дайынбыз. Қытайдан келген қонақтар соңғы 15 жылда Павлодар облысына алғаш келулері екенін айтты. Бүгінде инвесторлар бұл жерде не өсіруге болатынын білу үшін жергілікті нарықты зерттеуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары