$ 498.34  519.72  4.85

БҚО-да биыл 315 шақырым жол пайдалануға беріліп, тағы 300 шақырым жолдың құрылысы басталады

Батыс Қазақстан облысында биыл екі бірдей трасса пайдалануға беріледі. Олардың бірі жаңадан салынса, екіншісі күрделі жөндеуден өтетін қалааралық маңызы бар күре жол. Сондай-ақ, халықтың ұзақ жылдар бойы күткен 300 шақырымдық трассасы ақыры салынатын болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары кезінде белгілі болды.

Елбасы Оралда жергілікті тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған болатын. Осы жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов аймақтағы кемшіліктерді жасырып қалмай, керісінше өңірдегі бүкіл маңызды мәселелерді тізбектеп айтып берді. Солардың ең негізгісі – Бөкей ордасы мен Жәнібек аудан­да­рына баратын жолдың мүлдем жоқтығы. Осынау жолдың азабын батысқазақстандықтар ұзақ жылдар бойы тартып келеді.

Шыны керек, бұрын өңір­дегі жол мәселесі тіпті мүшкіл болған. Соңғы төрт жылдан бері Оралдан Тасқала арқылы Ресей Федерациясының Саратов қаласы бағытына шығатын автожол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Ұзын­дығы 104 км болатын бұл халық­аралық трасса биыл пайда­лануға беріледі. Сондай-ақ, Чапаев – Жалпақтал –Қаз­талов бағытындағы 213 шақы­рым­дық жолды күрделі жөн­деу де биыл аяқталады. Сөй­тіп Қаз­талов ауданының ор­та­лығы мен Орал қаласы­ның арасы асфальт жолмен жалғанады. Енді қалып тұр­ғаны – Жәнібек және Бөкей орда­сы аудандары. Қаз­талов­тан әрі қарай 300 шақы­рым­ға жуықтайтын бұл жолды жөн­д­еуге өңірдің өз күші жет­пейді. Жылына 15-20 ша­қы­рым «жылдамдықпен» не бітеді?!

– Бөкей ордасы мен Жәні­бек аудандарына Кеңес өкі­меті кезінде де асфальт жол болған жоқ. Облыс орта­лығынан 500-600 шақырым қашықта жатқан аудан орта­лықтарына жол салу мәселесі талай жылдан айтылып келе­ді. Бірақ ол мәселені шешуге облыстың күші жетпейді. Өзіңіз білесіз, жол салу шы­ғын­дары өте қымбат. Оның үсті­не, қатқыл табанды жол құ­рылысына қажетті қиыршық тас та, битум да біздің өңірде жоқ, түгелімен сырттан тасымалданады. Мұның бәрі жол құрылысы шығынын еселеп арттырады, – деді Н.Назарбаевпен болған кездесуде Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Автомобиль жолдарын пайдалану бөлімінің басшысы Бауыржан Есенғалиев.

Мемлекет басшысы аталған елдімекендердің арасында жол жоқ дегенді естігенде расымен де таңырқағанын жасырмай айтты. Сөйтіп, алдағы аз уақытта бұл учаскеде су жаңа трассаның салынатынын айтып, халықты қуантып қойды. Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асатын болады.

– Бөкейордаға біз оны салуымыз керек. Мен Үкімет­ке тапсырма бердім, қаражат шығарып, екі жолақты, жақсы жол салынуы керек. Біз Бөкей ордасына туристерді апар­ғымыз келеді. Жол бол­маса қалай апарамыз? Сондықтан осы мәселені қолға алып, бірге шешеміз, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан жұртшылығымен болған кездесу барысында.

ХІХ ғасырдың ғажайып ескерткіші, Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны қатарына кірген Бөкей ордасы тарихи-музей кешені мен күйші-композитор Дәу­леткерей Шығай­ұлы­ның кесенесі орналасқан өңірге асфальт жол келсе, тарихи мекен­ді тамашалап келушілер де көбейіп, жергілікті туризм­нің де тынысы ашы­лар еді деп санайды Бөкей ордасы тари­хи музей-кешеннің директоры Ғайса Мақымов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы­нан кейін кідірмей өңір бас­­шысы Алтай Көлгінов жауап­ты мамандарымен бірге Ас­танаға арнайы барып, Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары Асқар Мамин­нің қабылдауында болды. Мәселеге жан бітті, іс қоз­ғалды деуге болады. Одан кейін Оралға Инвес­ти­ция­лар және даму министр­лігі Автомобиль жолдары ко­м­итеті төрағасының орын­­басары Сайранбек Бар­мақов пен «Қазавтожол» АҚ төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев арнайы келді. Астаналық мамандар мән-жайды көзімен көріп, жол жағдайымен танысу үшін облыстың Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына сапар шекті. Бұйырса, көп кешікпей нақты жұ­мыс жоспары да жарияланып қалар. Екі ауданда тұратын 35 мыңдай тұрғынның талай жылдан бері шешілмей келе жат­қан мәселесіне қоз­ғау сал­ған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа халық­тың ал­ғысы шексіз. Енді нақты жұ­мыс қолға алы­нып, жол құ­ры­лысы баста­лып кетсе бол­ғаны. Батысқазақ­стандық­тар­дың күткені осы.

Батыс Қазақстан облы­сында республикалық маңы­зы бар автожол­дардың ұзақ­тығы 1392,6 шақырымды құрай­ды. Оның 76,4%-ы ғана асфальт­талған. Ал облыстық және аудандық маңызы бар 5103,7 км жолдың небәрі 23 пайызы ғана осы заманғы жол деу­ге лайық.  Батыс Қазақстан облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке қарағанда, өңірдегі республикалық ма­ңыз­ы бар жолдардың 118 шақы­рымы, ал облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың 3674,7 километрі мүл­дем қанағаттанғысыз күйде. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары