Батыс Қазақстан облысында биыл екі бірдей трасса пайдалануға беріледі. Олардың бірі жаңадан салынса, екіншісі күрделі жөндеуден өтетін қалааралық маңызы бар күре жол. Сондай-ақ, халықтың ұзақ жылдар бойы күткен 300 шақырымдық трассасы ақыры салынатын болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары кезінде белгілі болды.
Елбасы Оралда жергілікті тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған болатын. Осы жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов аймақтағы кемшіліктерді жасырып қалмай, керісінше өңірдегі бүкіл маңызды мәселелерді тізбектеп айтып берді. Солардың ең негізгісі – Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына баратын жолдың мүлдем жоқтығы. Осынау жолдың азабын батысқазақстандықтар ұзақ жылдар бойы тартып келеді.
Шыны керек, бұрын өңірдегі жол мәселесі тіпті мүшкіл болған. Соңғы төрт жылдан бері Оралдан Тасқала арқылы Ресей Федерациясының Саратов қаласы бағытына шығатын автожол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Ұзындығы 104 км болатын бұл халықаралық трасса биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Чапаев – Жалпақтал –Қазталов бағытындағы 213 шақырымдық жолды күрделі жөндеу де биыл аяқталады. Сөйтіп Қазталов ауданының орталығы мен Орал қаласының арасы асфальт жолмен жалғанады. Енді қалып тұрғаны – Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары. Қазталовтан әрі қарай 300 шақырымға жуықтайтын бұл жолды жөндеуге өңірдің өз күші жетпейді. Жылына 15-20 шақырым «жылдамдықпен» не бітеді?!
– Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына Кеңес өкіметі кезінде де асфальт жол болған жоқ. Облыс орталығынан 500-600 шақырым қашықта жатқан аудан орталықтарына жол салу мәселесі талай жылдан айтылып келеді. Бірақ ол мәселені шешуге облыстың күші жетпейді. Өзіңіз білесіз, жол салу шығындары өте қымбат. Оның үстіне, қатқыл табанды жол құрылысына қажетті қиыршық тас та, битум да біздің өңірде жоқ, түгелімен сырттан тасымалданады. Мұның бәрі жол құрылысы шығынын еселеп арттырады, – деді Н.Назарбаевпен болған кездесуде Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Автомобиль жолдарын пайдалану бөлімінің басшысы Бауыржан Есенғалиев.
Мемлекет басшысы аталған елдімекендердің арасында жол жоқ дегенді естігенде расымен де таңырқағанын жасырмай айтты. Сөйтіп, алдағы аз уақытта бұл учаскеде су жаңа трассаның салынатынын айтып, халықты қуантып қойды. Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асатын болады.
– Бөкейордаға біз оны салуымыз керек. Мен Үкіметке тапсырма бердім, қаражат шығарып, екі жолақты, жақсы жол салынуы керек. Біз Бөкей ордасына туристерді апарғымыз келеді. Жол болмаса қалай апарамыз? Сондықтан осы мәселені қолға алып, бірге шешеміз, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан жұртшылығымен болған кездесу барысында.
ХІХ ғасырдың ғажайып ескерткіші, Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны қатарына кірген Бөкей ордасы тарихи-музей кешені мен күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі орналасқан өңірге асфальт жол келсе, тарихи мекенді тамашалап келушілер де көбейіп, жергілікті туризмнің де тынысы ашылар еді деп санайды Бөкей ордасы тарихи музей-кешеннің директоры Ғайса Мақымов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін кідірмей өңір басшысы Алтай Көлгінов жауапты мамандарымен бірге Астанаға арнайы барып, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің қабылдауында болды. Мәселеге жан бітті, іс қозғалды деуге болады. Одан кейін Оралға Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақов пен «Қазавтожол» АҚ төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев арнайы келді. Астаналық мамандар мән-жайды көзімен көріп, жол жағдайымен танысу үшін облыстың Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына сапар шекті. Бұйырса, көп кешікпей нақты жұмыс жоспары да жарияланып қалар. Екі ауданда тұратын 35 мыңдай тұрғынның талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселесіне қозғау салған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтың алғысы шексіз. Енді нақты жұмыс қолға алынып, жол құрылысы басталып кетсе болғаны. Батысқазақстандықтардың күткені осы.
Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автожолдардың ұзақтығы 1392,6 шақырымды құрайды. Оның 76,4%-ы ғана асфальтталған. Ал облыстық және аудандық маңызы бар 5103,7 км жолдың небәрі 23 пайызы ғана осы заманғы жол деуге лайық. Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке қарағанда, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың 118 шақырымы, ал облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 3674,7 километрі мүлдем қанағаттанғысыз күйде.