Осы маусым айының басында Мемлекет басшысының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістанға алмастырылып, орталығы Түркістан қаласы боп бекітілген болатын. Сол уақыттан бері тарихи һәм шаһардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары бірден басталып кетті.
Қаланы газдандыру, су тарту, жолдарын жөндеу жұмыстары соңғы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Ал, енді шаһар жаңа статусқа ие болғаннан кейін мұнда жаңа тұрғынүйлер, автовокзалдар мен темір жол вокзалы және әуежай салынатын болады. Алғашқы екеуінің «жарасы жеңіл», яғни қаражат бөлінсе автовокзалды да, темір жол вокзалын да салып тастау қиын емес. Ал, қалаға жаңадан әуежай салу оңай болмайын деп тұр.
Десе де, Түркістан облысының орталығында жақын уақытта халықаралық әуежайдың іргетасы қаланатыны анық. Ол үшін қазір арнайы мамандар әуежай салуға ыңғайлы жерді іздеп, анықтап жатыр. Бұл туралы 27 маусымда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Түркістан облысына жасаған сапары кезінде айтылды. Вице-премьер Түркістан қаласының облыс орталығы болуына байланысты шаһардың көлік инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға қатысты құрылған жоспардың барысын және оның орындалуын тексерген болатын.
Аталған жоспар аясында, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Қазаэронавигация мамандары мен облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, сондай-ақ, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігінің және авиация саласы өкілдерінің қатысуымен басқосу өтті. Кездесуде Түркістан қаласында алдағы уақытта әуежай салуға болатын аймақтардың авиациялық қауіпсіздік пен аэронавигация талаптарына сәйкестігі нақтыланды. Бұдан бөлек, атқарылатын іс-шараларды жоспарлау үшін зерттеу жұмыстарына қатысушылардың барлық ұсыныстары талқыланды.
Айта кетерлігі, Түркістан қаласында жаңа әуежай салу мақсатында қажетті жер телімдеріне зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қаланың бұрынғы әуежайының жай-күйі қаралып, бірнеше нұсқалар талқылануда.
Есте болса, 22 маусымда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан облыстық мәслихатының кезекті сессиясын өткізіп, онда қаланың инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірнеше тапсырманы басқармалар мен департамент басшыларының алдына қойған болатын. Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілмек.
Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласын бөлу жұмыстары соңғы бірер жылдан бері жүргізіліп келеді. Шымкент халқының саны 1 миллион адамға жеткендіктен қалаға мегаполис мәртебесі беріліп, республикалық маңызы бар үшінші қала атанды. Бұл процесті Мемлекет басшысы маусым айында арнайы Жарлықпен бекіткен болатын. Аталған құжатқа сәйкес, бұдан былай Оңтүстік Қазақстан облысы атауы болмайды, оның орнын Түркістан облысы басып, жаңа облыстың орталығы ретінде Түркістан қаласы бекітіліп отыр.