$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да 84 елдімекен таза ауыз сумен қамтылады

Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аты айтып тұрғандай, Қазақстандағы елдімекендерді өркениеттің соңғы жетістіктерімен, күнделікті тұрмысқа қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, тегіс жолдарды салудан бастап, ауыл-аймақ ауыз сумен, газбен және электр жарығымен жабдықталады.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда елдімекендердің ең басты проблемаларының бірі – таза ауыз су. Елімізде су құбыры тартылмаған ауылдар әлі де көп. Яғни, мұндағы тұрғындар суды құдықтан немесе тасып ішеді. Ал, «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін бұл проблемалардың дені шешімін табу керек.

Қазіргі таңда осынау тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында өңірлердегі жұмыстар қарқын алған. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары 2020 жылға дейін 84 елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз етеміз деп отыр. Яғни, 3 жыл аралығында орталықтандырылған ауыз сумен қала (Шымкент) тұрғындары – 97 пайызға, ауылдық елдімекендер – 62 пайызға қамтылуы керек. Бұл өз кезегінде «Нұрлы жол» бағдарламасынан бөлек Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бұл туралы бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев селекторлық жиында мәлімдеді. Аймақ басшысы жалпы өңірде орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 200-ден астам ауыл бар екенін айта келе, жиында баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайымға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Бүгінде облыс халқының 12 пайызы, яғни шамамен 200 мыңға тарта тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіруміз керек. Бағдарлама талаптарына сәйкес, елді мекендерде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін, бірінші кезекте жер асты су қорларына геологиялық іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Осы жұмыстардың қорытындысы негізінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу керек», – Жансейіт Қансейітұлы.

Басқарма басшысы осы бағытта, 2016-2018 жылдары халық санының басымдығына қарай 117 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттары әзірленін жеткізді. Облыстың даму жоспарына сәйкес, алдағы 3 жылда 84 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. 2018 жылы ауыз су саласына 11,0 млрд.теңге бөлініп, 76 нысанның құрылысы іске асырылуда. Оның ішінде, 20 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, 56 нысанның құрылысы 2019 жылға өтпелі. Сонымен қатар басқарма басшысы жыл соңына дейін 13 елді мекен ауыз жүйелерімен қамтылса, 2 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылып, 2 мөлтек ауданда және 4 суағарлар құрылысы аяқталатынын айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі басқарма басшысына өзге аймақтармен салыстырғанда халқты ауыз сумен қамту деңгейі қандай екенін анықтауды және аталған салаға автоматтандыру жүйесін енгізуді тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары