$ 491.7  531.28  5.07

Көптен күткен Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталды

«Нұрлы жол» бағдарламасының шарапатын Алматы облысының тұрғындары да көре бастады. Мұнда құрылысы ресми түрде басталған Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының (ҮАААЖ) жұмысына енді мыңдаған жергілікті тұрғын тартылмақ.

Өңірге арнайы сапармен келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов үлкен жоба құрылысын бастап беріп, құрылысшыларға сәттілік тіледі.

Бұл Үлкен Алматы айналма жолының төртінші кзеңіндегі 56-шақырым. Жобаның таныстырылымын вице-премьер мен министрдің алдында «Алсим Арко» АҚ концессионер компаниясының вице-президенті Аббас Шахин жүргізді. Ол құрылыс жұмыстарына қанша адам тартылатынын, құрылыс материалдарын жергілікті өндірушілерден сатып алатынын және жол салу жұмыстарының қашан аяқталатынын айтып берді.

Ал, бірінші вице-премьер Асқар Мамин болса айналма жолдың маңыздылығына, оның экономикалық пайдасына және жол жүрудегі бірқатар проблемаларды шешуде аса маңызды екеніне тоқталды.

«Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысы – «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан іргелі жоба. Оны жүзеге асыру Қазақстан экономикасы үшін маңызды оқиға болмақ. Бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолдану арқылы инфрақұрылымды дамытудың алғашқы ірі жобасы, оны жүзеге асыруға ірі халықаралық компаниялар қатысады. Жобаның құны 180 млрд.теңгеге жуық. 4 жылдан кейін толық іске қосылады деп жоспарланған. Бүгін біз ҮАААЖ құрылысын басап отырмыз. Баршаңызды осы қуанышты жаңалықпен құттықтаймын», - деді бірінші вице-премьер.

Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы құрылысының облыс экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды. Бұл маңызды автокөлік жолы облыстың 3 ауданының – Қарасай, Іле, Талғар аудандарының аумағын басып өтеді.

«Бүгін біз Елбасының тікелей тапсырмасымен аса ірі жобаны бастап отырмыз. Бұл жобаның Алматы облысы үшін де маңызы зор. Елбасы саясатының арқасында және «Нұрлы жол» бағдарламасының нәтижесінде облыс аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы - Талдықорған» сияқты халықаралық стандарттағы ірі автокөлік жолдары салынды, ҮАААЖ осы көлік дәліздерінің жалғасы болмақ. Айналма авожолы аяқталғаннан кейін бұл өз кезегінде облыстағы шағын және орта бизнестің, жол бойындағы қызмет көрсету мен көлік-қойма терминалдарының дамуына әсер етіп, мультипликативті тиімділігін көрсететін болады. Сонымен қатар өнеркәсіп орындары үшін нарыққа жол ашуға мүмкіндік жасайды», - деді А. Баталов.

Сондай-ақ облыс басшысы атап өткендей, құрылыс кезінде 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, оның 90 %-ін жергілікті тұрғындар құрайтын болады. Ал құрылысы аяқталғаннан кейін 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жалпы 300 млрд. Теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Жобаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі тарапынан барлық тиісті шаралар қабылданған: қажетті жер учаскелерін дер кезінде босатылды, вахталық қалашықтарды, бетон және асфальт зауыттарын орналастыру мен оларды барлық коммуникация жүйелеріне қосу, қазу орындарын белгілеу мәселелері шешілді.

Сөзінің қорытындысында Амандық Баталов облыс әкімдігі құрылыстың сапалы және мерзімінде талқылауына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Атап өтсек, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин Талғар қаласында «Amal Bio» ЖШС базасында өткен жиынға қатысты. Мұнда бірінші вице-премьерге Gate-сity серіктес қаласының бас жоспары мен «APORT-AKTAS Лесная сказка» тау шаңғы жобасы таныстырылды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары