$ 448.89  477.93  4.76

Асқар Мамин өңірлерде инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын тексерді

Осыдан 4 жылдан астам уақыт бұрын Мемлекет басшысы жариялаған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бүгінге дейін айтарлықтай нәтижесін берді. Өңірлерде, Астана мен Алматы қалаларында жол құрылысы, логистика, өндіріс қарқын алып, тиісінше жұмыссыздық айтарлықтай азайды. Өйткені, осынау нысандарға қажетті мамандар негізінен шетелден емес, өзімізден тартылуда.

Десе де, бағдарламаның алға қойған мақсаттары өте ауқымды. Негізгісі – Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу. Ол үшін әрине, ең алдымен халықтың әлеуетін, елдің экономикасын тіктеу қажет. Бұл бағыттарда бүгінде үкімет тарапынан бірқатар жұмыстар өңірлерде жалғасын тауып келеді. Сол жұмыстардың қарқынын тексеру мақсатында бүгін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына арнайы жұмыс сапарымен барып, «Орталық – Шығыс» автокөлік жолының реконструкция жұмыстарын тексеріп, өңірлердің индустриялық жобаларды іске асыру барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында А.Мамин «Астана-Павлодар» автомагистралімен жүріп өтіп, оның сапасын тексерді. Сондай-ақ, «Орталық – Шығыс» автокөлік дәлізіндегі құрылыс барысымен танысты, және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшыларының және мердігер ұйымдардың есептерін тыңдағаннан кейін республикалық автокөлік жолдары желісін дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Вице-премьерге берген есептен белгілі болғандай, бүгінде «Орталық – Шығыс» автокөлік дәлізінің 404 шақырымы пайдалануға беріліпті. Бүгінгі таңда жолдың 501 шақырымына жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Ал, жалпы автожолдың ұзындығы 1 016 шақырымды құрайтын болады. Ол үш бірдей облысты – Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан өңірлерін кесіп өтпек. Қазір бұл нысан бойынша атқарылуы тиіс барлық құрылыс жұмыстары бекітілген кестемен жүргізілуде.

«Орталық-Шығыс» жобасы Астананы шығыс өңірлерімен байланыстырмақ. Мұның үлкен экономикалық әлеуеті бар: транзиттік жүктерді тарту, отандық тауарлардың экспортының өсуі және туризмнің дамуы.

Есте болса, Мемлекет басшысы Қазақстанда салынып жатқан ірі автокөлік дәліздерінің бойында қызмет көрсету нысандарын қоса салуды да тапсырған болатын. Яғни, жолаушылардың шаршаған сәтте демалуына жағдай жасалған қонақ үйлер мен дәмханалар, жанармай бекеттері салынуы керек. Бастысы – ондағы қызмет көрсету сапасы жоғары, құны қалтаға салмақ салмайтындай болуы тиіс.

Асқар Мамин сапары аясында осындай жол бойындағы қызмет көрсету нысандардың жайымен де танысып шықты. Бүгінгі таңда республикалық маңыздағы Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағындағы жол бойында А, В, С, D санатына жататын 530 нысан орналасқан екен. 2018 жылдың соңына дейін олардың 16 нысаны пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Нысанның жұмысымен танысып болған соң Премьер-министрдің бірінші орынбасары Астана қаласыныңм 28 шақырымдық айналма жолында орналасқан «Kazway» модульдік типтегі павильонында болып көрді. Павильон заманауи ауа баптағыш, бейнебақылау, сымсыз wi-fi желісімен, вакуумды туалетпен және басқа да қолайлылық пен сенімділікті қамтамасыз ететін алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған. Жыл соңына дейін Астана – Шортанды, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Бурабай айналма жолы, Астана айналма жолы автожолдарында 12 модульдік павильон ашу көзделген.

Инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша А. Мамин «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға «Орталық – Шығыс» көлік дәлізінің 905 шақырымында қозғалысты ашуды, ал 2019 жылы жобаны аяқтауды тапсырды.

ҚР Бірінші Вице-Премьері Бозшакөл тау-кен байыту комбинатында болып, мыс концентратын шығарудың технологиялық үдерісімен және тау-кен жұмыстарын дамыту шараларымен танысты.

Премьер- Министрдің бірінші орынбасары «Павлодар» АЭА аумағына орналасқан бірқатар нысандардың қызметімен, «Проммашкомплект» ЖШС кәсіпорны жұмысымен танысты.

Павлодар мұнай химиясы зауытында А. Маминге кәсіпорында жүргізілген жаңғырту жұмыстары жөнінде баяндалды. Соның нәтижесінде, шикі мұнай өңдеу көлемі ұлғайды. Мотор майлары бензин К-4 стандартына сәйкестенсе, дизел отынының сапасы К-5 дәрежесіне жеткізілді. Аталған жоба аясында энергия үнемдеу және экологиялық таза технологияларды енгізуге, басқаруды автоматтандыруға, табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға жол ашылып, қоршаған ортаны қорғау шараларының тиімділігі артты.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысында қорғаныс және азаматтық мақсаттағы — «Семей инжиниринг» АҚ және Семей машина жасау зауытының жұмысымен танысты. 

«Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС жұмысымен танысу барысында А. Маминге 2018 жылы жаңа кен байыту өндірісін іске қосу туралы баяндалды.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Семей қаласында қаланың жылу орталықтары мен магистральдық жылу желілерінің технологиялық құрылғыларын жаңғырту жұмыстарымен танысты.

А. Мамин бірқатар әлеуметтік нысанды аралады, соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған «Қарағайлы» жаңа шағын ауданын, 320 орындық балабақшаны аралады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары