Батыс Қазақстан облысының шалғай аудандарын таза сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Әсіресе Қаратөбе мен Шыңғырлау аудандарында жұмыс қарқыны жоғары. Қос ауданның мыңдаған тұрғыны биыл жыл соңына дейін су проблемасынан біржола құтылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің аталған аудандарға жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Биыл суға қосылатын елдімекендердің бірі – Шыңғырлау ауданындағы Ащысай ауылы. Мұндағы 500 тұрғынды таза сумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 270 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Ауданның әлеуметтік жағдайы туралы Алтай Көлгіновке баяндаған Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев биыл барлығы 4 ауылда су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Жыл соңына дейін аудан халқының 86 пайызы таза ауыз суға қол жеткізеді деп мәлімдеді ол.
Ал, Қаратөбе ауданына су тарту үшін бюджеттен 915 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті. Жалпы ұзындығы 133 шақырымды құрайтын жоба Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл және Үшана ауылдарын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтымақ.
Жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатын көздейтін жобаның жұмысы туралы облыс әкіміне баяндаған бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС бас директор Мұратбек Мұхамбедиев Үшана, Сулыкөл, Соналы ауылдарындағы құрылыс жұмыстарының біткендігін, Үшағаш, Шөптікөл ауылдарында ауылішілік жұмыстары ғана қалғандығын, тамыз айында аяқтауға толық мүмкіндік барын жеткізді.
Құрылысы бітежақ сумен жабдықтау жүйесі пайдаланылуға берілгенде бес елді мекенде тұратын 4158 адам таза ауыз сумен қамтылмақ.