$ 498.34  519.72  4.85

Қостанай облысында биыл 291 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты өсіп келе жатыр дегенімізбен, елде әлеуметтік проблемалар әлі де баршылық. Сол проблемалардың ең негізгісі – халықты баспанамен қамту. Жыл сайын республика аумағында жүздеген отбасы пәтерлі болғанымен, халық санының өсуі, тұрғындардың ауылдан қалаға көшу үдерісінің артуы баспана мәселесін күн тәртібінен түсірмей отыр.

Бүгінгі күнге дейін үкімет халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірнеше бағдарламасын әзірлеп, оларды жүзеге асырған болатын. Дей тұра, бұл бағдарламалар мәселені толыққанды шеше алмады. Баспана кезегінде тұрғандар саны жыл сайын артпаса, азаятын емес. Ал, олардың барлығын үймен жарылқауға жалғыз үкіметтің шамасы жетпейтіні белгілі. Сондықтан, Мемлекет басшысы 2014 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жариялаған кезде «тек мұқтаж адамдарға ғана мемлекет тарапынан жеңілдетілген жолмен баспана берілсін» деп үкіметке тапсырған болатын. Содан бері «Бәйтерек» холдингі арқылы баспанаға мұқтаж қазақстандықтарға көпқабатты үйлер салына бастады.

Ал, былтырдан бері қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасы болса осы «Нұрлы жолдың» жалғасы. Яғни, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында көрсетілген тапсырманы орындау үшін Үкімет «Нұрлы жерді» жүзеге асырып жатыр. Оның нәтижесі де жаман емес.

Мәселен, бір ғана Қостанай облысында биыл жыл соңына дейін 290,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Яғни, кезекте тұрған жүздеген отбасының баспана мәселесі жаңа жылға дейін шешіледі. Бұл туралы бүгін облыс орталығында өткен селекторлы жиында өңір әкімінің орынбасары Сергей Карплюк мәлімдеді.

Жыл басынан есептегенде Қостанай облысы тұрғын үй салу көрсеткіші жөнінен республикада сегізінші орында тұр. Бүгінге дейін 563 пәтер және 172 жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. «Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 290,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Былтыр 264,7 мың шаршы метр аумаққа тұрғын үй тұрғызылған еді. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға барлық қаржы көздерінен 7,7 млрд теңге қарастырып отырмыз. Тұрғын үй құрылысына мемлекеттік облигация есебінен 12,8 млрд теңге бөлінді. Жақында бұл қаржының 1,2 млрд теңгесін алдық. Қалған ақша Инвестициялар және даму министрлігімен келісіліп беріледі. Сонымен қатар екінші жартыжылдықта «Байтерек Девелопмент» АҚ тұрғын үй құрылысына 8,3 млрд теңге бағыттайды. Аталған қаражат 18 кредиттік үй мен тағы 25 жаңа тұрғын үйдің құрылысына жұмсалады. Үйлер 2019 жылы тапсырылады», - деді облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк өз баяндамасында.

Оның сөзінше, 2018 жылы құрылысы былтыр басталған 309 пәтерлі 5 жалдамалы үйдің құрылысы биыл аяқталады. Жалпы, осы жылы 3021 пәтер өз иелерін табады. «Тұрғын үй құрылысы жұмыстары қарқын алғанымен, пәтер кезегіне тұрғандардың саны азаймай тұр. Үстіміздегі жылдың 1 маусымына сәйкес, облыста 25 мың адам үй кезегінде тұр. Оның 15 мыңға жуығы халықтың әлеуметтік әлсіз тобы. Сол себепті, аудандардағы ескі ғимараттарды қалыпқа келтіру жұмыстарын қолға алдық. Нәтижесінде, облыстың 3 қаласы мен 10 ауданындағы 31 нысанды тұрғын үйге айналдыруға мүмкіндік бар», - деді ол. Қостанай облысы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға әзір. 2021 жылға дейін өңірде 1,3 млн шаршы метр аумаққа тұрғын үй салыну жоспарланды. Былайша айтқанда, жылына 3,5-4,5 мың пәтер қолданысқа беріледі. «7-20-25» бағдарламасы бойынша алдағы төрт жылда 15 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ете аламыз. Оның 10 мыңы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Ұлттық банктің облыстың филиалы таратқан мәлімет бойынша, қазіргі күні 100-ден астам тұрғын «7-20-25» бағдарламасымен үй алуға ниет танытқан. Жалпы, біз жаңа бағдарламаны аймағымызда іске асыруға дайынбыз», - дейді облыс әкімінің орынбасары. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғын үй шаршы метрінің бағасын қалыпта ұстауды тапсырды. «Науырзым ауданындағы Қараменді, Жанкелдин ауданындағы Торғай селосындағы тұрғын үй құрылысы жұмыстарын көрдім. Мен айтқан ауылдардағы үйдің шаршы метрі үшін төленетін баға облыс орталығындағымен бірдей болып кетпесін. Осыны баса назарға ұстаңыздар. Мұнымен қоса, сол өңірлердің сәнін келтіріп тұрған ескі ғимараттар жетерлік. Соларды дұрыс мақсатта пайдалану керек. Әкімдерге осы мәселені қатаң тапсырамын», - деді Архимед Мұхамбетов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары