Нұрлы жол 25.09.2016 сағат 09:29

Алматы облысында екі жылда 280 нысан бой көтеріп, 17 мың 229 адам жұмыспен қамтылды

Жетісу жерінде бой көтерген құрылыстың саны да, сапасы да өзге өңірлерден асып тұрғанын статистикалық мәлімет растайды. Салыстырмалы түрде алсақ, бір жазда Талдықорғандағы екі шағын ауданда 5-9 қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Мектеп, балабақшадан тыс қос-қос қабаттарын ерте көктемнен бері көтеріп үлгерген Салтанат сарайы, Көрме кешені секілді әлеуметтік нысандар мен алдағы айда алғашқы қонақтарын қабылдайтын бес жұлдызды жекеменшік 12 қабатты қонақүй өз алдына. Күні кеше ғана Елбасы кіріп, аралап көрген Оқушылар сарайы, көпсалалы аурухана және Жастар саябағы заманауи озық үлгі үрдісін паш етіп тұрғаны қандай тамаша. Бұл мемлекеттік саясатқа сай әрекет ете білуді көрсетеді.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Сондықтан қаласында да, даласында да ерекше қарқынмен салынып, көрген жанның көзін тойдырған нысандарды игілігіне жаратып отырған халықтың қуанышы шексіз. Жетісулықтар қаладан да, ауылдан да пәтер кілтін алып тұрып әуелгі кезекте сарабдал саясатымен осы­нау мүмкіндікке жол ашып берген Елбасына алғыстарын арнауда. Ша­дыман шаттыққа бөленген сол ел тола­йым табысқа бөленуіне себепші болған өңір басшысына деген ықылысын да ірікпеуде. Бұл – факт. Сөз реті келгенде айта кетер жайт – Жетісу құрылысына оның ішінде Талдықорғанның түрленуіне облыс әкімі Амандық Баталов көп күш-жігер жұмсады. Жетісудың кіндік қаласының бас жоспарын жасаудағы салмағы, ықпалы тағы бар. Сондықтан Талдықорған қаласындағы тұрғын үй­лер мен әлеуметтік және тағы басқа нысандар әр жылдары салынғанымен біртұтастықты әрі әдемілікті сақтап тұр. Мысалы, Қаратал шағын ауданындағы 4, 5, 6, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер, Теннис орталығы, Достық үйі, Тіл сарайы, Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақ­ханасы, көпсалалы төрт корпустан тұратын аурухана, перзентхана Қаратал өзенін жағалай жарыса бой түзеген. Гүлжиек деп те аталатын осы жағалауда ересектер мен балалардың еркін серуендеп, тынығуына барлық жағдай жасалған. Ал Қараталдың екінші жағалауындағы Шығыс шағын ауданы мен өндірістік аймақта, одан әріректегі жеке тұлғалар тұрғызған коттедж қалашығында да құрылыс қарқынды жүруде. Тұтастай алғанда, Талдықорғанның шығыс шең­берінен кіргенде Қаратал өзенінің қос жағалауында тұрғызылған әдемі ғимараттар көз жауын алады.

Негізі қандай да бір нысанның бой көтеруі оңай жұмыс емес. Он бес жылдан бері Жетісу жерінде бой түзеген құрылыс нысандарының жертөлесін айтпағанда іргетасы, қабырғасы, шатыры, сыртқы бояуы деп тізбеленетін жұмыстарының жай-жапсарын көкейге түйіп жүргендіктен Талдықорғанның оңтүстік-батысында жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенін тағы бір рет араладық. Автокөлік пен жаяу жүргіншілер жолы жайлылық пен ер­кіндікті сездіреді. Алматы – Өскемен күрежолынан Тал­ды­қорған қаласына кіре­­берістегі 12 қабатты қонақүй құры­лысы аяқталуға жақын қалыпты. Аспан түстес зәулім ғимарат әйнегі алтын күн нұрымен шағылыса жарқырап тұр. Өңірде 2014 жылы құрылыс саласына барлығы 61,674 млрд теңге бөлініп, сол қаражатқа 297 нысан құрылысын салу жоспарланған еді. Нәтижесінде 189 нысан сол жылы пайдалануға беріліп, 108 нысан келесі жылға өткен-тін. Ал 2015 жылы құрылыс саласына бөлінген 40,0 млрд теңгенің 99,7%-ы игеріліп, белгіленген құрылыс нысандары толы­ғымен пайдалануға берілген болатын. Атқарылған жұмыс­тың талапқа сай екендігі кәсіби тұрғыда сарапталады. Бұл ретте Жетісу жерінде салынған құрылыс сапасына кепілдік беруге болады.

Ал Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласы болсын деп бекіткен Елбасы Жарлығы­нан кейін өңір құрылысының тізгінін Аман­дық Баталов ұстағалы сала­дағы сапа мәселесіне сын айтылған жоқ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өңір бас­шысының ұстанымы осыған саяды. Сондай-ақ, Талдықорған қаласында бейберекет салынған құрылысты кездестіре алмайсыз. Сонымен, 2014 жылы 40 ден­саулық сақтау нысанының құрылысы мен сейсмикалық нығайтылуына рес­публикалық бюджеттен 4 млрд 628 млн теңге, жергілікті бюджеттен 4 млрд 154 млн теңге бөлінген еді. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданының Қазақстан, Тәшкенсаз, Түрген, Тауқаратұрық ауыл­дарында, Талғар ауданының Бірлік, Қызыл ту ауылдарында, Іле ауданының Жәпек, Қосөзен, Екпінді, Покровка, Қоян­құс ауылдарында, Алакөл ауданы­ның Балапанов, Тоқжайлау ауылдарында, Жамбыл ауданының Дегерес, Ақсеңгір, Таңбалытас, Ынтымақ ауылдарында, Қаратал ауданының Жаңаталап, Көксу ауданының Мұсабек ауылында, Ұйғыр ауданының Сұңқар ауылында барлығы 20 дәрігерлік амбулатория салынса, Райымбек ауданының Кеген ауылында емхана, Панфилов ауданының Жаркент ауылында аурухана, Талдықорған қала­сында кардиологиялық орталық салынып, денсаулық сақтау нысандарын сейс­микалық нығайту жұмыстары жүр­гізілді.

Сонымен қатар, 2014 жылы 714,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, белгіленген жос­пар 106,6 % артығымен орындалуын халық қажеттілігін өтеудің бір жолы деп түсінген дұрыс. Енді осы мәліметті тарата айтсақ, 51 тұрғын үйден 921 пәтер пайдалануға берілді. Оның ішінде 497,3 мың шаршы метр жекеменшік тұрғын үй, 79,8 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй болды. Сөйтіп, барлығы республикалық және жергілікті бюджеттен 6449,6 млн теңге бөлініп, игерілді. «Өңір­лерді дамытудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 29,7 мың шаршы метр тұрғын үй, сонымен қатар, «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 4,4 мың шаршы метр, «Самұрық-Қазына» АҚ 170,6 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын толығымен аяқ­тап, тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады. Аталған бағдарлама аясында биыл барлық қаржыландыру көздері арқылы 544,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру қарас­тырылған. Ағым­дағы жылы 4 млрд 376 млн теңге қаржы бөлініп, сегіз айда 2319 млн теңге игерілді. Бюджеттік қаражат есе­бінен 23,0 мың шаршы метр үй, тұрғындар мен мемлекеттік емес мекемелер есебінен 465,5 мың шаршы метр үй салу жоспарланған. Ал сегіз айда 865,3 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ желісімен «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына сәйкес Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс шағын ауданында былтыр 290 пәтер құрылысы басталған болатын.  Аумағы 18,1 мың шаршы метр 5 үйдің құрылысын да аяқтау межеленген. Ағымдағы жылы 40 нысанның инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылымы жүргізіліп, 19 нысан пай­далануға беріледі. Жалпы бұл шағын ауданда 2012-2016 жылдары құны 9,3 млрд теңгеге бағаланған 103 мың шаршы метрлік 1411 пәтерді құрайтын 21 үй пайдалануға берілді. Қазіргі кезде 825 пәтерлі 7 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Алматы облысында биыл үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Оған негіз бар. Өңір басшысы үстіміздегі жы­лы Жамбыл ауданы, Жаңақұрылыс ауылында Абдолла Қарсақбаев атындағы жаңа мектептің ашылуына қатысып көпшіліктің қуанышын бөлісті.

«Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында білім беру жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлгені мәлім. Ұрпаққа сапалы білім беріп, заманға сай, әлемдік бәсекеге қабілетті, талантты жастарды дайындау – ортақ міндетіміз. Ол үшін барлық жағдай жасалатын болады. Қазірдің өзінде облыс бюджетінің үштен бір бөлігі білім беру саласына жұмсалуда. Жаңа мектептер салу, материалдық-техникалық базаны нығайту, күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу, оқулықтар сатып алу, компьютерлендіру мәселелері оң шешімін табуда. Өңірде биыл 9 жаңа мектеп салынуда, соның алғашқысы тамызда ашылса, 4 мектеп осы оқу жылының алғашқы айында, 4-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша биылғы жылға Ұлттық қор есебінен 27 мектеп және 3 балабақша құрылысына 24 млрд 272 млн теңге бөлінді», – деген еді Амандық Баталов осыған орай.

Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Алматы облысында он мектептің құрылыс жұ­мыстары толығымен аяқталып, пай­далануға берілді. Бүгінгі күні 7050 оқушы сол жаңа мектептерде білім алуда. Мектептердегі химия, физика және информатика пәндеріне арналған сыныптар жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген. Спорт залдары қазіргі заманға сай спорттық құралдармен жасақталған.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде былтыр 15 дәрігерлік амбулатория мен фельд­шерлік-акушерлік пункт құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 3 млрд 034 млн теңге бөлініп, игеріл­ді. Бағдарлама аясында 548 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, Алматы облысында 350 дәрігерлік амбулатория, 40 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген.

Қорыта айтқанда, бұл деректер Жеті­су­дың қаласында да, даласында да соңғы екі жылда қарқын алған құрылысты растайды. Ең бастысы, Елбасы да, ел де Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төл міндетін кемшіліксіз дерлік атқарып отырғанына риза. Ал ел алғысына келсек, таяуда ғана Райымбек ауданы, Нарынқол ауылынан 87 жастағы Таутай Естеусізов деген қария телефон соғып, тасада қалып бара жатқан Нарынқолға облыс әкімінің жақсы көңіл бөліп отырғанын тізбелеп бергенде «әп, бәрекелді!» деп біз де қуандық. Нарынқол ауылының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мақсатында 2014 жылы жалпы құны 938,6 млн теңгеге сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту жобасы іске асырыла бастаған еді. Биыл құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға республикалық және облыстық бюджеттен 382,6 млн теңге бөлініп, игерілуде. Бұл жобада 34 шақырым ауыл іші су желілерін қайта жаңғырту, тұтынуды жүйеге қосу үшін 341 құдық орнату, тағы басқа нысандарды тұрғызу ұйғарылған. Келісімшарт бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі биылғы қараша айына жоспарланған.

Иә, Жетісу жерінде жан жадыратып, көңіл қуантатын жұмыстар атқарылу үстінде. Оның бәрі ел игілігіне арналған.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар