$ 445.66  474.58  4.78

Шығысқазақстандық омарташылар өз брендін жасамақшы

Қазір Қазақстанның қай бұрышына барсаңыз да күре жолдардың бойында қаз-қатар тізіліп, шыны ыдыстарға құйылған бал сатушыларды көресіз. Дұрыс-ақ. Күнкөрістің көзі. Бірақ оларды көргенде көңілге күмән ұялайтыны бар. «Нағыз бал ма, жоқ жасанды бал ма?!.». Өйткені, күнделікті өмірде кейбір тағам түрлерінің жасанды болатынын естіп жүргендіктен, осындай күмән қылаң беретіні рас. Сатушылардан сұрасаңыз, өздеріне шаң жуытпайды, нағыз бал екеніне көзіңізді жеткізуге тырысады. Мамандардың айтуына қарағанда, сапалы бал алу үшін омарталар орналаса­тын орынның айналасы орман-тоғай, түрлі өсімдік жайқалған алқап болуы тиіс. Ал айналасында көз тоқтататын бір түйір тал жоқ ауылдардың маңында бал сатып тұрғандар өнімді басқа жақ­тан әкелгендер ме, сонда? Жалпы, нағыз бал мен жасанды балды қалай ажыра­туға болады? Шығыс Қазақс­тан об­лысына іссапарға барғаны­мыз­да осы сұрақ көкейде тұрған еді. Оның да себебі бар. Өйткені, Шығыс Қазақ­стан – бал өндірісі бойынша елімізде көш­бас­шы өңір. Республика аумағындағы тауар­лы бал өндірісінің 70 пайызы шығыс­қазақстандық омарташыларға тиесілі. Облыс аумағының табиғаты мен жер бедері, климаттық белдеуі омарта­шылық кәсіпті ілгерілетуге өте қолайлы.

Қазір Алтай балының бағы аспандап тұр. Қазақстанды былай қойғанда, алыс-жақын шет мемлекеттерде Алтай балын жоғары бағалайтындар баршы­лық. Осыны ескерген болуы керек, шығыс­қазақстандықтар «Алтай балының» ежелгі даңқын сауда бренді ретінде тиімді пайдалана бастаған.

Дәл Өскемен қаласының іргесінде «Пасека» шаруа қожалығы 2003 жылы 16 ақпанда құрылған екен. Бұл – омарта­шылықты өндірістік негізде жолға қойып дамытқан еліміздегі алғашқы омарта шаруашылығы. «Пасека» шаруа қожалығы тауарлы бал, балауыз, тозаң, балтозаң, ара желімі, аналық сүт, хитин сынды омарта өнімдері және ара ұясы, омарташылардың құрал-жабдық­тары, араны күту мен емдеуге арналған тиім­ділігі жоғары ветеринарлық препараттар өндіреді.

1980 жылдан бері омарташылықпен шұғылданып келе жатқан қожалық жетекшісі Валерий Қасымбаевқа көкейі­міздегі сауалды қойдық.

– Қазір омарташылықты білетіндер де, білмейтіндер де бал сатумен айналы­сып кетті ғой. Жасанды бал да саудада бар дейді, осыған қалай тосқауыл қоюға болады?

– Иә, саудада сапасыз бал көп. Оған тосқауыл қою тиісті мекемелердің жұмысы ғой.

– Нағыз балды жасанды балдан қалай ажыратуға болады?

– Иісінен. Егер жасанды екеніне күмән келтірсеңіз, тиісті құжаттарын сұраңыз.

Валерий Қасымбаев Алтай балының атақ-даңқын сақтап қалу үшін 2003 жыл­дан бері шаруашылықты кәсіби түрде үйлестіріп, қызметкерлерді оқыту мен білік­тілігін көтеруге үлкен мән бері­ліп келе жатқанын айтты. 40-тан астам адам­ды жұмыспен қамтып отырған шаруа­шылық қызметкерлері арасында Рязань қаласындағы Ресей омарта акаде­мия­сының, Шығыс Қазақстан ауыл шаруа­шы­лығы колледжінің, Самар аграр­лық-техникалық колледжінің түлектері бар.

– Елімізде қай қалаға барсаңыз да, ірі сауда орындарында алдыңыздан Алтай балы, Катонқарағай балы шығатыны рас. Біздің сауда әріптестеріміз бүгінде барлық өңірде бар. Әрине, балдың сапасына күмән келтіретіндер табылады. Бірақ оның сапасы мен қауіпсіздігін қадағалайтын тиісті мекемелер жұмыс істейді ғой. Ал өніміміздің өте құнарлы екенін растайтын құжаттар бізде жет­кілікті, – дейді Валерий Қасымбаев.

Ұлттық ғылыми орталықтың П.И.Про­­ко­пович атындағы омар­та­ш­ылық институты, Украина омар­­та­шылар қоғамы, Украина апитера­певтер қауымдастығы, «Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағының «Апитерапия», «Омар­та­­шылықтағы жаңа технологиялар» сын­ды көптеген сертификаттарына ие болған шаруашылық қызметкерлері халық­аралық, республикалық ауқымды шара­ларға да жиі қатысады екен. Мәселен, 2011 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында, 2013 жылы Украина аста­насы Киевте өткен халықаралық апи­мон­дия конгресіне, 2010 жылдан бері Өскемен қаласында дәстүрлі түрде ұйым­дастырылып келе жатқан халықара­лық бал фестиваліне қатысқан.

Шаруашылықтың материалдық-тех­никалық базасы жақсы. Атап айтқанда, облыс аумағындағы 15 стационарлық және көшпелі омарталарда 2500-ден астам ара семьясы, оның ішінде 260 асыл тұқым­ды карпат арасының семьясы мен 265 орта орыс тұқымды ара семьясын өсіре­ді. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақ­стан облы­сын­­да ара ұрығы мен пакеті өнді­рісіне ар­­нал­ған ара тәлімбағы жұмыс істей­ді. Ал Өскемен қаласында омарта өнім­дерін тоға­нақтау, бөлшектеп құю мен сақ­тауға арн­алған көлемі 360 шаршы метрге тең өн­дірістік цех, көлемі 240 шар­шы метр­лік дайын өнімдер қоймасы, 10, 20 грам­дық және басқа да көлемдегі блис­тер­лі ыдыстарға құюға арналған авто­мат­­ты желімен жарақтандырылған цех, бал өнім­дерін құятын кәдесыйлық ағаш ыдыс­­тарды даярлау цехы, жабық контей­нер­­лік қоймасы, сондай-ақ, ауыр жүк көлік­­тері мен жеңіл көліктері және 15 омар­та павильоны, аэропиамбулатория, қыста­ма­лары бар. Шаруа қожалығына тиесілі жерлерден бөлек, Серебрянск, Тау­лы Үлбі мен Тарханка ормандарында омар­та­ларды орналастыруға арналған орман шаруа­шылығы билеттерін алып тұрады екен.

– Шаруа қожалығының омарталары өңіріміздің әртүрлі климаттық бел­деу­лерінде орналасқандықтан, омарта өнімдерінің мол түрін ала аламыз. Бұл учаскелер Ұлан, Глубокое, Шемонайха аудандарында және Катонқарағай, Зырян аудандары мен Риддер қаласының таулы орман алқаптарында орналасқан, – дейді Валерий Мухтарович.

Шаруашылық жетекшісінің айтуын­ша, «Пасека» қожалығы Кеден одағы кәсіпорындары мен «Самұрық-Қазына» тасымалдаушыларының тізбе­сін­де тұр­ғандықтан оның өнімдері Қазақ­стан­ның барлық облыстарына және АҚШ, Қытай, Өзбекстан елдеріне, сон­дай-ақ, Ресей Федерациясының Орал-Сібір өңіріндегі Екатеринбург, Омбы, Том, Нижневартов, Новосібір, Барнаул, Краснояр сынды қалаларына тасы­мал­­да­на­­ды. Осыған дейін мемлекет­тік тап­сы­рыс арқылы білім мекемелері мен мек­тепке дейінгі меке­мелер бал өнім­дерін алып келсе, қазіргі кезде «пасека­лық­­тар­­дың» өнімін еліміздің Қарулы Күш­тері мен алғаш рет Сарыағаш, Мыр­за­кент, Шонжы, Жаркент, Зайсан, Күр­шім өңірлеріндегі шекара қызметінің жауын­гер­лері тұтына бастаған. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» АҚ тарапынан да тап­сырыс бар. Шаруа­шы­лықта жылына 200-300 тонна аралы­ғында бал өндіріледі.

– Балдың түсіміне табиғат райының әсері үлкен. Өйткені, бал шырынын бере­тін гүл тозаңдары жауынды күндері қатты зардап шегеді. Ара да сал­қын күн­дері ұшпайды. Биыл жаң­быр­лы жыл бол­ғандықтан, балдың түсімі жыл­дағы­дай мол емес, – дейді «Пасеканың» жетекшісі.

Валерий Мухтарович Шығыс Қазақ­стан омарташылар одағының төрағасы екен. Сондықтан да болар, оны бал шаруа­шылығының көкейкесті мәселелері көбірек толғандыратынын білдік. Соның бірі – бал өнімдерін өткізу. Өйткені, жаһандық экономикалық дағдарысқа байланысты тұтыну себеті азайған. Бал бағасы төмен.

– Ұлттық валюта мен көрші елдер валю­тасы бағамының өзгеруі бізге қат­ты әсер етті. Сондықтан, экспорттық әлеуеті­мізді арттыруға күш салудамыз. Тауарлы бал өнімдерін ТМД елдері мен шет мемлекеттерге шығару мәселесін саралаудамыз. Қытай еліне тасымалды ұлғайту мәселесімен тиісті мемлекеттік құрылымдар айналысып жатыр. Бізге Қытайдың халық көп шоғырланған бір-екі қаласының нарығы да жеткілікті болар еді, – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Думан АНАШ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары