$ 444.22  476.38  4.82

ОҚО Төлеби ауданында бес мектеп пайдалануға берілді

Жаңа оқу жылында Төлеби ауданына қарасты бес елдімекенде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 800 орындық бес мектеп пайдалануға берілді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, ауданның Әңгірата, Абай, Көксәйек, Жіңішке және Керегетас елді мекендерінен ашылған білім ошақтары мектепке баратын бала санының артуына байланысты бой көтерген болатын.

Білім ұяларының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бұхарбай Парманов барша ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтап, Төлебиде 150 орындық екі мектеп және 250 орындық үш мектептің есігі оқушыларға айқара ашылғанын хабарлады.

Жаңадан ашылған барша мектептің ғимараттары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәселен мұнда лингафондық кабинеттер, интерактивті тақталар, мультимедиялық құралдар, жаңа үлгідегі химия және биология кабинеттері оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндіктер туығызары хақ. Сондай-ақ, спорт залдары мен шеберханалар, мәдениет залдары оқушылардың өздері қалаған кез келген спорт пен өнердің түріне баулиды.

 Айта кетейік, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында «25 жылға – 25 мектеп» деген жаңа бастама аясында 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан ашылған білім ошақтарының екеуі мектебі жоқ елдімекендерден бой көтерсе, жеті білім нысаны үш ауысымды мектептерді жою үшін салынған. Ал, одан бөлек тағы алты ғимарат ыңғайластырылған мектептердің орнын алмастырса, тоғыз білім ошағы апатты жағдайдағы нысандарды жою үшін, ал бір мектептің іргетасы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қаланған.

Атап айтқанда, білім ошақтарының басым бөлігі Мақтарал мен Қазығұрттан бой көтерген. Аталған аудандарда алты мектептен 12 нысан оқушылар үшін есігін айқара ашып отыр. Сайрам мен Шымкентте үш білім ошағынан алты мектеп пайдалануға берілсе, Сарыағашта – екі, Арыста – екі, Түлкібаста – бір, Созақта – бір және Шардарада бір білім мекемесі жұмысын бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары