$ 480.55  533.75  5.36

ОҚО-да туристер жиі қатынайтын тас жол Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жөнделіп бітеді

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Отырар ауданында болды. Облыс аумағындағы құрылысы жүргізіліп жатқан жолдардың жай-күйімен танысуды мақсат тұтқан жұмыс тобы Отырар ауданындағы күрделі жөндеуден өткен КХ-12 «Ақдала-Шәуілдір» автомобиль жолының сапасын бақылап, «Арыстанбаб-Шәуілдір-Төрткүл» және «Шәуілдір-Көксарай» бағыттарындағы орташа жөндеуден өтіп жатқан автомобиль жолдарын көрді.

Құрылыс жұмыстарының барысына қанық болған Д.Сатыбалды осы іске жауапты басқарма және мекеме басшылары мен мердігерлердің қатысуымен жиын өткізді.

Басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары жол құрылысы жұмыстарына қаржы мерзімінде аударылса да, берілуге тиісті нысандардың уақытынан кешігіп жатқанын айтты. Ең бастысы, сапаға көңіл бөлу керектігін жеткізген ол жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмаса нысандардың пайдалануға қабылданбайтынын ескертті.

Өз кезегінде, аудан әкімі Ерлан Айтаханов жергілікті халық үшін ғана емес, «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбеге» келуші туристерге қызмет ететін күре жолдың маңызы зор екенін, келесі жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында келетін қонақтардың ауданнан риза көңілмен қайтуы үшін жолдың тегіс те сапалы болуын ерекше назарға алғанын атап өтті.  

Айта кетейік, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысындағы қалааралық, қалаішілік және ауылішілік жолдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бір ғана Шымкенттің өзінде қалаішілік жолдар осындай жұмыстардан кейін 500 шақырымға ұзарды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары