$ 447.4  477.55  4.76

Отырарлық диқандар озық технологияның арқасында мол өнімге қол жеткізіп отыр

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов Маяқұм, Балтакөл ауыл округтеріндегі  «Отырар-Сүт-Ет» селолық тұтыну кооперативі мен  «Отырар Агро өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып, диқандармен кездесті.

Қазіргі таңда кооператив құрамына жергілікті «Серікбай-Б», «Мейірбек ЛТД», «Үсенов-Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер кіреді.

Кооператив биыл 190 гектар алқапқа «Жиенбай» сортты қауын, 130 гектарына жоңышқа, 100 гектарына жүгері дақылдарын еккен.

Тың технологияларды пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізген шаруашылықтың өнімдеріне сұраныс жоғары болып отыр. Бүгінде Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан келген кәсіпкерлер өздері тасымалдап әкетуде.  Бұл – шаруалардың төккен тері мен еңбегінің жемісі.

Ал, Балтакөлдегі диқандар ғылымға негізделген, соңғы озық технологияларды пайдаланып 104 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен пияз еккен болатын. Диқандар әр гектарынан 60 тоннадан өнім алуда. Бұл өнімдер келісім-шарт бойынша «Отырар қойма» ЖШС-нің қоймасында сақталады. Сонымен қатар, 50 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен күздік пияз егіліп бітті.

Аудан басшысы диқандардың өнімді еңбегіне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі. Ал, диқандар болса осынау жетістіктің тәуелсіздіктің арқасында келгенін жасырмайды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайдың көмегімен өнімділік жылдан жылға артып келеді дейді олар. Ал, биылғы осынау мол өнімді олар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары