$ 443.44  480.51  4.88

ОҚО-да тамшылатып суару жүйесін өндіретін зауыт салынбақ

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әзірленіп жатқан жобалардың қатары тағы бір нысанмен толықты. Нақтысын айтсақ, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында тамшылатып суару жүйесін өндіретін зауыт салынбақ. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Су шығынын 2-3 есеге дейін азайтатын осынау жобаны «Golden Camel Group LTD» компаниясы жүзеге асырмақ. Өндірістік қуаттылығы жоғары болып табылатын технологиялармен жылына 1500 га егістік жерді суғаруға болады. Кәсіпорын іске қосылғанда мұнда 120 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Айта кетейік, осы жылдың 28-29 сәуірінде облысымызда өткен «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында «Golden Camel Group LTD» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. 

Түркістан қаласында салынатын инвестициялық жоба өнімдерін негізгі саудалаушылар – жергілікті ауыл шуаруашылық өнімдерін шығарушылар мен ТМД елдерінің өндірушілері болмақ. 

Жалпы жыл басынан бері облыста тамшылатып суғару әдісі қосымша 6 мыңға жуық гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға жетті. Бұл біздегі аталған жұмыстардың республикадағы үлесі 73% пайыз екенін көрсетеді. 

Айта кетейік, бұл жобадан бөлек Оңтүстік Қазақстан облысында қоқысты қайта өңдейтін зауыт, тәулігіне 100 тонна түйе сүтін өндіретін ірі кәсіпорын да салынуы тиіс. Аталған жобалардың іргетасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қаланады деп күтілуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары