$ 444.32  473.33  4.76

Мақта шаруашылығының болашағы қандай болмақ?

Елiмiздiң оңтүстiгiнде суармалы егiншiлiк ертеден қолға алынып, соның iшiнде мақта шаруашылығы өңiрдiң бiр миллионға жуық халқының бiрден-бiр күнкөрiс көзi болып келедi. Мақта – техникалық дақыл ретiнде қоршаған ортаға, ауа райына, топырақтың құнарлылығына, әсiресе күн көзi мен ағын суға талғамы жоғары дақыл.

Өсiрiп баптау – вегетация кезеңiнде мақта талабына сай агротехникалық iс-шаралар өз уақытында және сапалы жүргiзiлсе, өнiмдiлiктi әр гектардан 40-50 центнерге дейiн жеткiзуге болады.

Мақта талшығы осы өсiмдiктiң беретiн негiзгi шикiзаты болып табылады. Шиттi мақтада 30-38% талшық, 50-56% шит болады, ал, шитте 18-22% мақта майы бар. Одан 20-дан астам түрлi дайын бұйымдар шығаруға болады.

Шиттi мақта – халық шаруашылығының тоқыма өнеркәсiбi, май өңдеу, гидролиз, химия және басқа да салалары үшiн қажеттi шикiзат.

Шиттi мақтадан және қозаның вегетациялық өсiп-жетiлу барысындағы бөлiгiнен мынадай заттар жасап шығарылады: мақта-мата кездемелерi, жiптер, жасанды жiбек және терi, корд, былғары, фетр, парашют жасалатын кездемелер, тазартылған май, сабын, лак, күнжара, мал азығы, балық аулайтын аулар мен арқандар, тыңайтқыштар мен өсiмдiктi қорғау дәрi-дәрмектерi, спирт, тағамдық белок, химиялық заттар. 1 келi мақта талшығынан 5 метр ақжаймалық материал, 12 метр шыт немесе 20 метр бәтес, 1 келi шиттен 180-200 грамм май, 450 грамм күнжара, 360 грамм шит қабығы алынады. Ал, шиттен пластмасса, кино және фото пленкалары, линолеум, лак жасалады. 1 тонна шит қабығы 85 литр спирт, 300 келi құрылыс тақталарын, 28 келi көмiр қышқылын, 20 келi сiрке қышқылын бередi. Мақтаның қозапаясынан эпоксид араластырып, ыстық тәсiлмен сығымдау арқылы тақта материалдарын (ДСП) алуға болады. Оларды құрылысқа және үй жиїаздарын жасауға пайдаланады.

Әлемде жүзге жуық мемлекет мақта өсiредi, олар негiзiнен субтропикалық және тропикалық климаттық белдеуде орналасқан. Қазақстан Республикасы мақта өндiруде жер шарындағы солтүстiк нүктеде орналасқан. Сондықтан бiздiң елiмiздегi мақта шаруашылығында бiрқатар ерекшелiктер бар. Атап айтар болсақ, кейбiр жылдары мақта пiсiп үлгеру үшiн күн көзiнiң жылуы жетiспейдi, сондықтан мақтаны дефолианттар жәрдемiмен жетiлдiруге тура келедi. Өңiрде орта талшықты мақтаны өсiрiп баптауды үйренген фермерлер жоғары сапалы өнiм өндiредi.

Бұл саланың тарихына аздап ой жүгiртетiн болсақ, Кеңес одағының солақай саясатының кесiрiнен егемендiк алғаннан кейiн ауыл шаруашылығында жүргiзiлген реформаның алғашқы кезеңiнде-ақ мақта өндiрiсi тұйыққа тiрелген едi. Өйткенi, 1990 жылға дейiн мақта дақылы басым болды. Мәскеу жергiлiктi мақта өндiрушiлердiң жағдайымен санаспай, келешекке мән бермей, тек жылдан-жылға көп мақта өндiрудi талап еткен болатын. Бiрақ бұл саясат халқымыздың әлеуметтiк ахуалына, өнiмдiлiкке, топырақ құнарлылығына, жердiң мелиорациялық жағдайына, ауыл шаруашылығы өнiмiнiң сапасына керi әсер етiп, мақта аурулары мен зиянкестерiнiң көбеюiне және өзге де карантиндiк арамшөптердiң тарауына әкелiп соқтырды.

Оның үстiне, елiмiзде мақта саласы бойынша ғылыми-зерттеулер жоқтың қасы болатын. Өзiмiздiң отандық сорттар да болмады. Мақтаның тұқымдық шиттi сорттары мен технологияларын көршiмiз Өзбекстан арқылы алып жүрдiк. Шамасы, осы жағдайға байланысты болар, сол уақытта кейбiр «көрiпкелдерiмiз» Қазақстанның мақта шаруашылығы келешекте Өзбекстанның мақта шаруашылығына әбден тәуелдi болуы мүмкiн деген сөздердi жиi айтатын.

Елiмiз егемендiк алған соң суармалы жер, қыруар техника, мақта тазалау зауыттары жекешелендiрiлдi. Жер пайы бөлiнiп, орташа 5-10-20 гектардан шаруа шаруашылықтары құрылды. 1995-1997 жылдары тек мақта өндiрiсiмен айналысатын шаруалар саны Оңтүстiк Қазақстан облысында 85 мыңға жеттi. Жекешелендiру жұмыстары кезiнде мақтаның өнiмдiлiгi әр гектардан 17-19 центнерге дейiн төмендеп кеттi.

ҚР Үкiметi, Ауыл шаруашылығы министрлiгi мақта шаруашылығын дамыту мақсатында бiрнеше iс-шара қабылдап, жаңа жетiстiктерге жол аша бастады. Әсiресе, 2003-2005 жылдардағы «Ауыл жылы», «Агробизнес – 2020» бағдарламалары мақта саласының тиiмдiлiгiн арттырды. Мақта өндiрушiлерге субсидия бөлу, жанар-жағармайды, тыңайтқыштарды, ағын суды, химиялық препараттарды пайдалануда 40 пайыздық жеңiлдiк беру шаруалардың ынтасын арттыра отырып, жоғары өнiмдi, сапалы мақта өндiруге қол жеткiздi.

Ел экономикасындағы толғағы жеткен мәселелердi терең түсiнетiн Елбасы 2005 жылы қаңтар айында Астанада өткен агроөнеркәсiп кешенi қызметкерлерiнiң республикалық кеңесiнде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруде және өңдеуде, соның iшiнде, оңтүстiктегi мақта шаруашылығының жоғары әлеуетiн ашуда кластерлiк жүйенi белсендi пайдаланудың қажеттiлiгiн, осы арқылы тоқыма өнеркәсiбiн дамытуға болатынын, мақта өндiру, өңдеу саласының келешегi бар екенiн баса көрсеттi. Жаңа тәсiл мен инновациялық-индустриалдық технология негiзiнде бәсекеге төтеп беретiн өнiм шығаруға, ауыл шаруашылығы ғылымын, оның iшiнде қолданбалы аграрлық зерттеулердi дамытуға назар аударды.

Елбасы мақта саласын дамытуда алға қойған межелердi өзi тiкелей бақылауға алды. Сөйтiп, Оңтүстiк Қазақстан облысында еркiн экономикалық аймақ құрылып, Қазақстанның мақта-тоқыма кластерiнiң алғашқы қазығы қағылды.

Ендi осы iстiң жемiсiн көрiп отырмыз. Өйткенi, облыста өндiрiлген мақта талшығының 30 пайыздан астамы терең өңделiп, яғни жiп иiретiн, мата тоқитын, жаңа үлгiдегi бәсекеге қабiлеттi дайын бұйымдар өндiретiн фабрикалар iске қосылды. Мыңдаған жұмыс орны ашылды, ал, бұл көрсеткiш егемендiктiң алғашқы жылдарында небәрi 3-4 пайыздан аспайтын едi.

Егер облыста өндiрiлген мақта және оның жанама өнiмдерiн терең өңдеп, дайын бұйым жасап экспортқа жiберсек, 2 млрд. АҚШ долларына жуық табыс табар едiк. Қазiргiдей экономикалық дағдарыс белең алып, мұнай бағасы арзандап жатқан уақытта мақта саласын дамытып, оны терең өңдеп, тауарларды экспортқа шығару елiмiздiң экономикасын бiршама дамытуға оң әсерiн тигiзерi сөзсiз.

Соңғы жылдары қазақ мақтасы бүкiл әлемдiк мақта өсiретiн мемлекеттер арасында өнiмдiлiк бойынша бейресми рейтингте алдыңғы қатарлы орындарды иеленiп жүр. Мақта өндiретiн 95 мемлекеттiң арасында елiмiз 2013 жылы 11-шi орында болса, 2014-2015 жылдары 10-шы орыннан көрiндi. Өнiмдiлiк әр гектардан 29,5 центнерден асты.

 Облыста бұл көрсеткiштi жақын арада әр гектардан 35-40 центнерге жеткiзуге толық мүмкiндiктер бар. Өйткенi, мақта өндiру саласында әлi пайдаланылмай жатқан мүмкiндiктер және кедергiлер жеткiлiктi.

Егер жүзеге асатын iс-шараларға тоқталатын болсақ, ең бiрiншi ұсақ жерi бар шаруаларды iрiлендiруден бастау керек. Қазiр елiмiзде «Ауыл шаруашылығы кооперативi» туралы заң шығып, оны орындау үшiн барлық жағдай жасалған. Алда орындайтын мақсаттарға жердiң құнарлылығын арттыру жолында ауыспалы егiстi ендiру, ол үшiн мақта саласын әртараптандыру, ағын сумен толық қамтамасыз ету, жердiң мелиорациялық ахуалын жақсарту, тұқым шаруашылығын жүйеге келтiру, азот, фосфор тыңайтқыштарымен толық қамтамасыз ету жатады. Жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жолдарын жеңiлдету, тиiмдi субсидиялау жолдарын қарастыру, мақта тазалау зауыттарына қолдау көрсету сияқты бiрқатар жұмыстар сапалы орындалса, мақтаның өнiмдiлiгi еселеп артар едi.

Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулердi дамыту, отандық бәсекеге қабiлеттi мақтаның жаңа сорттарын шығару, жалпы мақта өндiрудiң тиiмдiлiгiн инновациялық технологияларды өндiрiске ендiру арқылы арттыру мақсатында «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институты ғалымдары айналысып, бiрқатар жетiстiктерге жеттi.

Атап айтсақ, елiмiзде өзiмiздiң отандық мақта сорты жоқ болатын. Бiз көршi мемлекеттерге тәуелдi едiк. 2000 жылдан бастап бәсекеге қабiлеттi өзiмiздiң отандық сорттар шыға бастады, қазiргi таңда оларды мақта өндiрушiлер пайдалана отырып, жалпы егiстiң 85 пайызына ендiрдi. Ендi ешкiмге тәуелдi емеспiз.

Соңғы жылдары институт ғалымдары 30-дан астам инновациялық технологиялар жасап, оларды өндiрiске ендiруге ұсыныс бердi. Сондай-ақ, 48 инновациялық және селекциялық патентке, 144 авторлық куәлiкке ие болды.

Ғалымдар дайындаған әзiрлемелердi өндiрiске енгiзу бағытында шаруалармен тiкелей байланысып, келiсiмшарт негiзiнде өндiрiстi ғылыми қолдау, лицензиялық және коммерциялық келiсiмдер арқылы жұмыс жүргiзуде. Институтта фермерлерге бiлiм тарату орталығы ашылған, мақта өндiретiн өңiрлерде бес шаруа шаруашылығының базасында институттың ғылыми жетiстiктерiн көрсететiн алаңдар ұйымдастырылған. Ғалымдар 23 шетел ғылыми-зерттеу институттарымен және екi халықаралық ғылыми-зерттеу компанияларымен тығыз байланыста.

Жаңа технологияларды өндiрiске енгiзу фермерлердiң арнайы бiлiмi жеткiлiктi болғанда ғана жақсы нәтиже бередi. Өкiнiшке қарай, әрбiр 100 фермердiң 13-iнде ғана арнайы орта және жоғары бiлiмi бар, бұл өте төмен көрсеткiш. Осы проблеманы шешу мақсатында Қазақ Ұлттық аграрлық университетi басшылығы және мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жүргiзудемiз. Бiлiктi мамандармен бiрлесiп атқарған жұмыс барлық уақытта жақсы нәтиже беретiнi белгiлi, сондықтан елiмiздегi мақта өндiру, оны терең өңдеп экспортқа шығару қолымыздан келетiн жұмыс деп есептеймiн.

Шетелдiк мақта сатып алатын трейдерлер елiмiзде босқа жүрмегенi белгiлi. Осы жерде мынадай ой туады. Егер шетелдiк трейдерлер бiздiң елiмiзден «олжалап» жатқан миллиондаған пайданы табумен өз елiмiздегi iрi бизнес өкiлдерi, кәсiпкерлер немесе «КазАгро» сияқты қаржылы мекемелер айналысса, қыруар қаржы өз елiмiзде қалар едi.

Мақта шикiзаты екiншi валюталық дақыл болғандықтан, Үкiмет қаулысымен бидай сияқты стратегиялық дақылдар қатарына енсе, «ақ алтынға» деген көзқарас өзгерер едi. Ал, мақтаға көзқарас дұрыс болса, саладағы бiрқатар проблемалар өзiнен-өзi шешiлiп кетерi сөзсiз.

Мақта – елiмiздегi үлкен табыс әкелетiн 100 жылдық тарихы бар дақылдардың бiрi. Сондықтан осы саладағы мәселелердi бiрлесiп жүйеге түсiрсек қана мол өнiмге қол жеткiземiз. Сонда ғана қазақ мақтасы «Ақ алтын – елiмiзге бақ алтын» бола алады.

Ибадулла ҮМБЕТАЕВ,
Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры,
Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесi.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары