$ 443.85  474.3  4.8

Біздің елге исламдық қаржы жүйесi не үшiн қажет?

Елдiң жалпы дамуы, әсiресе экономикасының қарыштауы үшiн Елбасының қазiргi саяси-экономикалық жағдайдың тамырын дөп басатын нақты қадамдар ұсынғаны баршамызға белгiлi. Ол – «Ұлт Жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасы. Өз кезегiнде Ұлт жоспары 5 институционалды реформаны iске асыруға бағытталған. Осылар арқылы Мемлекет басшысы Қазақстанды жарқын болашаққа бастағысы келедi. Сонымен бiрге «100 нақты қадам» «Қазақстан – 2050 Стратегиясын» жүзеге асырады. Мемлекеттiлiктi нығайтып, жолдан адаспауға және күрделi жаhандық ахуалдан қиналмай өтуге берiк сенiм қалыптастырады.

Елбасы «100 нақты қадамның» 70-шi қадамында 2017 жылы Астана халықаралық қаржы хабына айналуы тиiс деген тапсырма жүктеген болатын. Алдымен «Хаб» сөзiн түсiндiрiп өтейiн. «Хаб» ағылшын тiлiнен аударғанда «қандай да бiр жүйенiң торабы» деген мағына бередi. Жоспар бойынша Елорда Қазақстанның қаржылық орталығы, сонан соң Орталық Азияның қаржылық хабына айналмақ. Бұл елдiң бүгiнгi қаржы орталығы Алматы қаласының мәртебесiне еш кедергiсiн келтiрмейдi. Астана халықаралық қаржы орталығы Дубай үлгiсiнде құрылады. Дубай халықаралық қаржылық орталығы 2004 жылы құрылған. Қазiргi күнi әлемдегi дамыған 20 қаржылық орталықтың қатарына кiредi. Жалпы алғанда, әлемде 80-нен астам халықаралық қаржылық орталық жұмыс iстеуде. Оның iшiнде Лондон, Нью-Йорк, Торонто, Токио, Сингапур, Гонконг секiлдi қаржылық орталықтары жетекшi орын алады. 10 жыл төңiрегiнде Дубай халықаралық қаржылық орталығы да биiк сатыға көтерiлiп, Парсы шығанағы мен Африканың қаржы нарықтарын игердi. Аталған факторлар Астана халықаралық қаржылық орталығын (AIFC) дамытуға мүмкiндiктер бередi. AIFC мақсаты – ТМД, Еуропа және Азия елдерiнен халықаралық инвестицияларды тарта отырып, заманауи қаржылық орталықты қалыптастыру. Жалпы алғанда, AIFC қызметi елiмiздiң ЖIӨ-нiң артуына себепшi болады. Үкiмет пен Ұлттық банктiң болжамдары бойынша 2025 жылға қарай AIFC қызметiнен ЖIӨ-ге түсетiн кiрiс 40 млрд. доллар шамасына жетуi мүмкiн. Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiмен бiрге Ұлыбритания, Сингапур, АҚШ-тың қаржы саласындағы озық тәжiрибелерi енгiзiледi.

Астана халықаралық қаржы хабы бастапқы кезеңде бiрнеше өзектi стратегиялық бағыттар бойынша дамымақ. Мәселен, капиталдың көмегiмен iшкi нарық белсендiлiгi күшейтiледi. Ол өз кезегiнде мемлекеттiк қазынашылық облигацияларды шығаруға және орналастыруға ықпал етедi. Капитал нарығында белсендi ойыншы ретiнде Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының рөлiн арттыруға негiз пайда болады.

Елбасының Жарлығымен Астана халықаралық қаржылық орталығы деңгейiндегi қаржылық-инвестициялық мәселелердi шешу үшiн сот процесi ағылшын тiлi мен англосаксондық құқықтық жүйеге негiзделген қаржылық сотты құру қарастырылған. Әлемде бiрнеше құқықтық жүйелер бар. Англосаксондық, континенталдық және шариаттық жүйелер. Англосаксондық құқықтық жүйенiң таңдалуына халықаралық қаржы нарығының негiзгi қатысушылары Солтүстiк Америка (АҚШ, Канада), Ұлыбритания, Гонконг, Сингапур, Австралия, Жаңа Зеландия елдерiнiң осы жүйеде болуы себеп. Iрi халықаралық қаржы нарығының ойыншылары англосаксондық құқықтық жүйемен жақсы таныс және оған толықтай сенедi.

Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа дейiн әлемдегi жетекшi халықаралық қаржылық орталық Лондон болды. Оған себеп, Ұлыбританиядағы капитализм дамуының жоғары деңгейi едi. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн қаржы айналымындағы жетекшiлiк АҚШ-қа ауысады. АҚШ-тың жектекшiлiгi 60-жылдарға дейiн жалғасты. Одан кейiнгi кездерде жетекшi қаржы орталықтары Батыс Еуропа мен Жапония елдерiнде де қалыптаса бастады. Еуропа елдерi бiр одаққа бiрiккен соң өздерiнiң қаржылық орталықтарын қалыптастыруға тырысты. 1999 жылы айналымға ортақ валюта – евроны енгiзгеннен бастап қор нарығының көлемi бойынша АҚШ-тан кейiн екiншi орынға көтерiлдi. Бұл, өз кезегiнде, қаржылық қауiптiлiктердi азайтты. Осы нарықтағы Цюрих, Люксембург қаржы орталықтары алтынмен орындалған операциялар бойынша алдыңғы орындарға көтерiлдi. Шығыста Жапония елi де әлемдiк шаруашылықтағы өз позициясын жақсарта отырып, Токионы халықаралық қаржы орталығына айналдыра бiлдi.

Бағдарламаның 71-шi қадамында Қазақстан экономикасына исламдық қаржыландыру жүйесiн кiрiстiру көзделген. Бүгiнде бұл жүйе бүтiндей экономикалық байланыстарға және әлемдiк шаруашылыққа зор ықпалын тигiзуде. Көптеген елдер қаржы секторы мен нақты сектор арасындағы алшақтықты жоюда ислам банкi тәжiрибесiне сүйенуде. Сондықтан бiзде де исламдық қаржы институттары мен құралдарын және араб капиталын ел экономикасына тарту арқылы Қазақстан нарығын жаңғырту қажеттiлiгi туындады. Исламдық экономикалық үлгi шариғат нормалары мен қағидаттарына негiзделген. Бұл жүйе әлемде қалыптасып қалған дәстүрлi қаржы құрылымына балама ретiнде қарастырылады. Сондықтан батыс және шығыс елдерiн ислам экономикасындағы қаржы құралдары ерекше қызықтырады. Оның үстiне бүгiнде исламдық қаржы жүйесiндегi тың идеялар мен қағидаттар теория жүзiнде қалып қоймай, нақты тәжiрибе арқылы көрiнiс табуда. Ең бастысы, ислами қаржы институттарының жұмысы шариғат заңдарына қарсы келмеуi тиiс. Әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыстың зардабын тартып жатқан көптеген елдер исламдық қаржы жүйесiн таңдай бастады. Әсiресе, батыс елдерiнде өтiмдiлiктiң (ликвидтiктiң) төмендеуiнен дағдарыстың орын алуы мұнайлы мемлекеттер қаржысына қызығушылықты оятып отыр. Алайда, араб елдерiнiң капиталына қол жеткiзу үшiн исламдық қаржыландыру әдiстерi мiндеттi түрде қолданылуы шарт. Дегенмен, әлемде болып жатқан қаржылық-экономикалық дағдарыс исламдық құнды қағаздардың бағасы мен өндiрiс көлемiн төмендетiп жiбердi. Соның салдарынан араб елдерiнiң экономикасы бiршама деңгейде әлсiредi. Бiрақ батыс елдерiндегiдей күрделi сипат алған жоқ. Қаржылық дағдарысқа дейiн араб мемлекеттерi өз ақшаларын Европа мен Америка нарықтарына пайда табу мақсатында жұмсайтын. Алайда, алыпсатарлық пен алаяқтық көрiнiстер соңында әлемдiк қаржы нарығын дағдарысқа әкеп тiредi. Экономика – адам организмi iспеттi. Егер адам бойындағы қан азайса немесе көбейсе, ауруға ұшырайды. Сол секiлдi экономикада да қаржылық тепе-теңдiк сақталуы тиiс. Осыны түсiнген араб мемлекеттерiнiң өзi қазiр исламдық қаржыландыру жүйесiне көшуде. Сол үшiн қаржы ресурстарын өздерiнiң инфрақұрылымына және дамушы елдер мен ТМД мемлекеттерiнiң экономикасына инвестициялауда. Соның арқасында қарыздық келiсiмдер азайып келедi. Бұл, әлбетте, ислам экономикасын тұрақтандыра түсуде. Жалпы, ислам экономикасында қарыздық келiсiмшарттар үлкен мәселеге жатпайды. Өйткенi, барлық қарыздық келiсiмдер тауар немесе қызметтермен қамтамасыз етiлген. Нәтижесiнде экономикалық тепе-теңдiктi бұзатын алыпсатарлық әрекеттерге жол берiлмейдi.

Қазiргi уақытта исламдық қаржылық құралдар коммерциялық және өндiрiстiк қызметтердiң барлық түрлерiн қамтиды. Ал, ислам банкингi қаржы секторының ажырамас бiр бөлiгi саналады. Ислам банкi өнiм мен қызметтiң 15 түрiн ұсына алады. Солардың iшiнде мурабаха, мушарака, иджара, истисна, мудараба, уакала секiлдi исламдық қаржылық құралдарды атауға болады.

Қорыта келгенде, Елбасының «100 нақты қадамы» қоғам дамуының сан алуан салаларын қамтиды. Ұлт жоспары нәтижелi iске асса, елiмiздi жарқын болашақ күтiп тұр.

Қ.ҚАЛЫҚҰЛОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доцентi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары