$ 449.58  486.94  4.86

Ұлы көшке ұйытқы болған ғазиз жан

Тұңғыш Президентіміз, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік жарияланудан екі жұма өтпей жатып «Алыстағы ағайынға ақ тілек» жолдауы сол екен, қысылтаң қиын сәттерде төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен  қандастарымыздың атажұртқа бет бұрған Ұлы көші басталды. Сол  тарихи кезеңде елден ерек міндеттер жүктеліп, оны үлкен іскерлік, аса ыждаһаттылық, туысқанға деген шын сүйіспеншілік, шынайы махаббатпен атқарған азаматтардың бірегейі – Ғазиз ЕСМҰҚАНОВ. 

– Өнегелі өмір сүріп, көптеген күрмеуі қиын мәселелерді көпшілікке үлгі болардай қиюын келтіріп шеше білген  абзал азамат, аласапыран жылдарда бір-бірінен ажырап қалған ағайынды табыстырып, олар­дың туып-өскен жері мен әлемдегі жалғыз да ортақ отаны – Тәуелсіз Қазақстанға оралуының басы-қасында жүрді. Сөйтіп, оның жетекшілігінде көптеген түйткілді мәселелер оң шешімін тапты. ТМД елдеріне, Еуропаға үдере көшкен кейбір ағайындар енді біздің ел бола алмайтындығымызды бетімізге басып, қолына түскенді алып, Қазақстаннан тезірек кетуге асығып жатқанда, Ғазиз Есмұқанұлы Қа­зақстан Республикасы Еңбек ми­нистрінің орынбасары-Көші-қон департаментінің төрағасы ретінде бұл пікірдің жаңсақтығын дәлелдеуге өлшеусіз үлес қосты. Өйткені Тәуел­сіздік таңы атудан Елбасының шақыртуын қабыл алған шетелдегі ағайынның атамекенге қайтуы – ол осы қызметке тағайындалған 1993 жылдан бастап қауырт си­пат алды. Жалпы, Тәуелсіздік жыл­дары елімізге 1 миллиондай қа­зақ көшіп келіп, олардың табиғи өсімі қазір 1,5 миллионға жетті десек, бұл істің ыстық-суығына Ға­зекеңнен артық күйіп, артық тоң­ған, тұрғындардың саны жөнінен ойсыраған олқылығымыздың орнын толтыруға одан артық үлес қосқан адам кемде-кем. Сондықтан ол өз ұлты мен елі алдындағы азаматтық борышын барынша адал атқарды деп анық айта аламыз. Ел егемендігінің елең-алаңындағы алғашқы жауап­ты кезеңде қазақ көшінің тіз­гінұстары Ғазиз Есмұқанұлындай қажырлы да қарымды азаматтың болғандығын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығындағылар әлі күнге үлкен ризашылық әрі қана­ғаттану­шылық сезіммен еске алады. Сол жылдары Көші-қон департаменті мен Қауымдастық арасындағы же­місті байланыс зор нәтижелерге бастағандығына ел тарихы, болашақ ұрпақ әлі-ақ лайықты баға беретіні анық, – дейді Ғазиз Есмұқанұлы туралы лебіздерін тебірене жеткізген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Асылұлы Мамашев.

Ғазиз Есмұқанұлы 1993 жы­лы мамыр айында Қазақстан Рес­публикасының Еңбек министрі Бейсенов Саят Дүйсенбайұлы бастаған Үкімет делегациясының құрамында Ұлан-Баторға барып, Моңғол үкіметімен сонда тұратын және Қазақстанға, туған елге оралам деген қандастарымызды көшіру туралы мемлекетаралық келісімшарттың жобасын дайын­дауға қатысты. Осы іссапар оның келешек өміріне күрт өзгеріс әкел­ді. Еңбек министрі Бейсенов мыр­заның қалауы бойынша, үкімет қаулысымен 1993 жылы маусым айында Ғазиз Есмұқанов Еңбек ми­нистрінің орынбасары-Көші-қон департаментінің төрағасы болып тағайындалды. Департамент 1992 жылы құрылса да төрағасы жоқ еді. Енді ел үшін өте маңызды осы жауапты да ауыр міндет Ғазиз Есмұқанұлына жүктелді. 

Жаңа жұмысқа келуден ол сол 1993 жылдың өзінде, қандаста­ры­мыз­ды туған елге көшіріп әкелуді ұйым­дастыру мақсатында жұмыс тобын басқарып, бірнеше рет Моңғолияға, Иранға, Түркияға барды. Кеңес Одағының ыдырауына байланысты ондаған тәуелсіз елдердің пайда болуы, босқындар, жалпы миграция мә­селелері сол жылдары халықаралық деңгейде үлкен қиындықтар ту­ғызған-ды. Осыған байланысты 1994 жылы 30-31 мамырда ТМД елдері мен көршілес мемлекеттердің босқындар, репатрианттар, қонысы ауыстырылған адамдар және бас­қа да көші-қон процестерінің проблемалары жөнінде Женевада аймақтық конференция өтетін болып белгіленді. Осы конференцияның құжаттарын дайындау және Қа­зақстан­ның бұл проблемаларға бай­ланысты көзқарасын, іс-әрекетін басқа елдермен үйлестіру үшін бірнеше кездесулер өтті. Сол қара­латын мәселелердің маманы ретінде біздің елдің жұмыс тобын Ғазиз Есмұқанұлы басқарып барды. Сондай кездесулер 1995-1996 жылдары екі реттен Бішкекте, Женевада және Ашхабадта да өтті.

– Жалпы, Ұлы көш басталған 1991 жылдан 1996 жылдың соңына дейін 146 мыңнан астам шетте жүрген қандастарымыз туған жеріне келіп қоныстанды. Мен Көші-қон департаментін басқарған үш жарым жыл ішінде елге оралған қандастарымыздың ауыр жағдайы туралы Президенттің атына, Үкіметке бірнеше рет хат жазылды. Көші-қон департаментін дербес мекеме жасау туралы, Көші-қон жөніндегі жаңа заңның жобасы, жеке Қор құру туралы Президент Жарлығының, Үкімет қаулысының жобалары дайындалып ұсынылды. Бұлардың барлығы да жеке лауа­зымды адамдардан қолдау тапса да, кейбір жаны ашымастардың кесірінен шешімін таппағандықтан, көшіп келген қандастарымыз көп қиыншылықтарды бастарынан өткізді. Тұрақты тіркеуге отыру, азаматтық алу турасында сол кезде көтерілген көптеген мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келе жатқаны қынжылтады, – дейді Ғазиз аға сол бір қиындығы мен қызығы мол жыл­дарды ризашылықпен  еске алып. 

– Шынында да Ғазиз Есмұ­қанұлының тұсында Көші-қон департаменті атқарған істер ауыз толтырып айтарлықтай. Өйткені бұл ағамыз елге оралып жатқан қандастарына үлкен жауапкершілік және зор жанашырлықпен адал қыз­мет етті. Әркез қолдан келген кө­ме­гін түсінушілікпен жасап, аян­бай еңбектенді. Меніңше, сол бауырларының алдында ол кісінің ары таза. Қазір де кездесе қалса жүзі жарқын. Департаментті басқарып тұрғанда Ғазекең көші-қон мәселелерінің заңды негіздерін жасауға, халықтың, жергілікті биліктің, жалпы жұртшылықтың, қоғамның көшіп келген ағайындарға жанашырлық, азаматтық көзқарастарын қалыптастыруға тырысып, газеттерде, телеарналарда, радио­да сұхбат беру арқылы өзекті пробле­маларды талқылағанының талай рет куәсі болдық, – дейді Талғат Асылұлы. 

Иә, мақаламыздың әлқиссасын­да айтқанымыздай, Ұлы мәртебелі уақыт ұлы көшке ұйытқы бола­тын азаматты іздегенде Ғазиз Ес­мұқанұлына тоқтауы кездейсоқтық дей алмаймыз. Өйткені, 1936 жылы 10 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауылында дүниеге келген ол 1960 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, алғашқы еңбек жолын тыңдағы кеңшарда агроном болып бастады. Араға уақыт салып, кеңшар партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Бұл – еңбек жолының аяғына дейін жалғасқан партия-кеңес ұйымдарында істеген қызметінің басы еді. Көп ұзамай облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық бөліміне нұсқаушы, 1972 жылы сәуір айында Соколов аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Тағы екі жылдан соң осы ауданның атқару комитетінің төрағасы лауазымына келеді. Бұл қызметті абыройлы атқарғаны сонша, 1977 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төралқа отырысында Соколов аудандық атқару комитетінің іс тәжірибесі ту­ралы есебі тыңдалып, оң баға бері­леді де, ол бүкіл республикаға таралады.

– Себебі, аудан шаруашылықтары жылдық, бесжылдық жоспарларды асыра орындап, Қызылжар қала­сының тұрғындарын ет, сүт, жұ­мыртқа, картоп және әртүрлі көкөніспен қамтамасыз етуде үлкен жетістіктерге жеткен болатын. Ау­дандық атқару комитеті Петропавл қалалық басқару ұйымдарымен тығыз іскерлік байланыс орнатып және олармен біріге отырып, аудан шаруашылықтарына қаланың ірі зауыт-фабрикаларының, құ­рылыс­шылар мен студенттерінің қам­қорлығын орнату арқылы картоп, әр­түрлі көкөніс өнімдерін дер кезінде жинап алып, қала тұрғындарына жет­кізіп отыруды қамтамасыз етті, – дейді Ғазиз аға. 

Бұл еңбектер жемісін берді: Соколов ауданы бірнеше мәрте облыстың, республиканың, тіпті одақтың ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Білікті маман, тәжірибелі ұйымдастырушы, елдік мүдделерге адал азамат ретінде Ғазиз Есмұқанұлы да республика басшылығының назарына ілікті. Сөйтіп ол 1983 жылы шілде айында ҚазКП Орталық комитеті ауылшаруашылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1985 жылы Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы және Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты,  ал 1988 жылы ҚазКП ОК Аграрлық бөлімінің меңгерушісі және Орталық комитеттің мү­шесі болып сайланды. Одан соң Мемлекеттік агроөнеркәсіп комитеті төрағасының, Ауыл шаруа­шылығы министрінің орынбасары қызметтерін атқарып, салаға ғы­лыми жетістіктерді, озық тәжіри­белерді енгізумен айналысты. Ғы­лыми-зерттеу институттарына, ауылшаруашылық жоғары оқу орындарына, техникумдар мен кәсіптік-техникалық училищелерге басшылық етіп, маман дайындау, олардың білімін жетілдіру және ұтымды пайдалану да Ғазиз Ес­мұқанұлының құзырында болды. Осы міндеттерге байланысты Қазақстанның агроөнеркәсіп саласының делегацияларын, жұмыс топтарын басқарып ҚХР, Франция, Германия, Израиль, Англия мен Түркияға барды. 

Ғазиз Есмұханұлы ұлтжанды аза­мат ретінде «Қазақ тілі» қоғамы құ­рылып, оның нығаюына да қол­дан келген көмегін жасады. Осы қо­ғамның Төралқа мүшесі болып сайланды. 

– Қоғамның бірінші құрылтайын өткізуге, тұрақты мекенжай алуға атсалыстым. Бірінші рет киіз үй тігіп, мал сойып, қоғамның атынан «Наурыз көже» ұйымдастырылды. Сол жылдары министрлікте арнайы бөлме ашып, қазақ тілін оқып-үйрену қолға алынды. Тіл туралы қа­былданған жаңа Заңды іске асыруда академиктер Әбдіуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбаев, Рабиға Сыздықова, Асылы Осман, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев сынды ел ағалары үлкен еңбек сіңірді. Сол зиялы азаматтармен осы ұлы істе үзеңгілес болғанымды қазір де үлкен қанағаттанушылықпен еске алып, шүкіршілік етем, – дейді Ғазиз аға. 

Қалай десек те «Елге ел қосылса – құт» деп түсініп, елдік, ұлттық мүд­делерді әрқашан жоғары қоя­тын, өмірлік тәжірибесі мен ұйым­дастырушылық қабілеті мол азаматтың  Көші-қон департа­мен­тінің төрағалығына келуі  заң­дылық еді.  1993 жылдан бастап, шет елдердегі қандастарымызды көшіріп әкелу бойынша Елбасы Жарлығымен жыл сайын квота белгіленіп, оның мөлшері 15 мың отбасыға дейін жеткенін білеміз. Қанша қиын болса да сол алғашқы жылдары қандастарымыздың атажұртқа көшіп-қоныстануы соң­ғы жылдарға салыстырғанда анағұрлым нәтижелі жүрді. Өйткені жоғарыда айтылғандай, бірнеше елдерге Ғазиз Есмұқанұлының өзі жұмыс тобын бастап барып, келісімшарттар жасалып, сырттағы ағайындармен арнайы кездесулер өткізіліп, қандастарымыздың көші тікелей олар тұрып жатқан елдерде ұйымдастырылды және арнайы ұшақ, пойыз, жүк көліктері жіберіліп, ұйымдасқан түрде жүргізілді. Үлкен өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл іспен тікелей айналысатын ұйым болмағандықтан, қазір өз күші­мен келіп жатқан ағайынның өзін дұрыстап қабылдай алмай отырмыз. Бұл тұрғыда да Ғазиз Есмұқанұлының тәжірибесі әркез сұранысқа ие. 

Әрине, Ғазиз Есмұқанұлы жайын­да қанша жақсы сөз айтсақ та аз. Ол қай салада, қай қызметте істесе де аянбай еңбек етті. Оның еңбегі мен тындырған істерін Үкімет те жоғары бағалап, әр жылдары әртүрлі жауапты да лауазымды қызметтерге тағайындап отырды. Төрт мәрте Құрмет белгісі ордені, жеті медаль, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атануы да ол кісінің аса еңбекқор, қандай құрметке де лайық ғазиз жан екенін аңғартады. Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі, тыл ардагері. Зейнетке шық­қан соң да Ғазиз ақсақал бір күн қол қусырып отырған емес. 2007 жылдан бері Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Ардагерлер алқасының төрағасы қызметінде зейнеткерлер арасында үлкен жұмыстар атқаруда. Бала кезден бірге өсіп, сүйіп қосылған жары Күлбәрәммен 60 жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, немере-шөберелердің қызығына бөленіп отырған мәуелі бәйтеректей бақытты ақсақал, қа­зы­налы қария, үлкен әулеттің ота­ға­сы. 80 жасты тойлағалы отырған абыз ақсақал әлі де тың. Кәнеки, әр қазақтың шаңырағы осындай шаттыққа бөленіп, ұрпақ бірлігінің, ұлт бірлігінің ұйытқысы, ақыл мен пара­саттың кеніндей абыздарымыз арамызда мейлінше ұзақ жүрсе деп тілейміз!

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Мәдениет қайраткері.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары