$ 445.66  474.58  4.78

Қызылорда облысында мәдениет саласы жаңа деммен дамуда

Соңғы бірер жылда Қызылорданың мәдениет саласы жаңа қарқынмен дамып келеді. Өңірде өнерпаздарының республикалық байқаулардағы жетістіктерін айтпағанның өзінде, облыс аумағында бірқатар жаңа мәдени нысандар бой көтеріп келеді.

Облыс бойынша 407 мемлекеттік жүйедегі мәдениет және өнер мекемелері, оның ішінде 171 мәде­ниет үйлері мен клубтар, 11 музей, 209 кітапхана, 11 архив, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, облыстық филармония, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, тарихи-мәдени ескерткіш­терді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі және қалалық парк жұмыс жасайды.

1993-1997 оңтайландыру жылдары облыс бойынша 105 кітапхана, 46 клуб мекемесі жабылып қалған. Қазір оның көбі қайта құрылымданып, ел игілігіне қызмет етуде. Тәуелсіздік жылдары мә­дениет саласын жергілікті бюд­жеттен қаржыландырудың дең­гейі артып ке­леді. Облыста 23 типтік жобадағы клуб, 4 музей және Ә.Тәжі­баев атындағы облыстық әмбебап ғы­лыми кітапханасы пайдалануға берілсе, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық кітапхана жаңа ғимаратқа көшірілді. 

«Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша республикалық және жергі­лікті бюджеттен 54 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өткізілді. Облыстық бюджет қаржысы есебінен облыстық тарихи-өлкетану музейіне жөндеу-ре­конструкциялау жұмыстары жүргізі­-ліп, музей заманауи үлгіде толығымен қайта жабдықталды. Экспозиция зал­дары кеңейтіліп, қосымша жаңа залдар ашылды. Қорда жинақталған 5 мыңға жуық экспонаттар көрмеге қойылып, жұртшылық назарына ұсынылды. Со­ны­мен қатар бұрынғы әскери комис­сариаттың ғимараты реставрациялау және күрделі жөндеуден өткізіліп, онда көркемсурет галереясымен бірге бала­лар изо-студиясы ашылды. Елбасының тапсырмасымен Қармақшы ауданын­дағы Қорқыт ата ескерткіш кешенін толық реконструкциялау және жаң­ғырту жұмысы қолға алынып, толы­ғы­мен аяқталды. Кешен «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көр­месі қонақтарын қабылдайтын негізгі нысанның бірі болып белгіленіп, келе­шекте халықаралық туристік мар­шрут­қа енгізу бағытында жұмыстар жаса­луда. 

Бүгінгі таңда облыс көлемінде 511 та­рихи-мәдени мұра нысандары мем­лекет қорғауына алынған. 2013 жылдан бері облыс әкімдігі жанынан құрылған тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдісте­мелік кеңес жұмыс жасайды. Кеңес жұмысының нәтижесінде облыс кө­лемін­дегі мәдени мұраларымызды зерт­теу, насихаттау, сақтау бағытындағы жұ­мыстар бір жүйеге түсіп, бірқатар жұмыстар жүргізілді.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында 3 жыл бойы Жан­кент, Шірік-Рабат, Сығанақ, т.б. қала­шықтарға археологиялық-зерттеу жұ­мыстары жүргізіліп келеді. Сығанақ, Жанкент қалалары мен Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер кешенін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Табиғи және Мәдени мұралар тізіміне енгізу жұмыстарының ғылыми құжат­тамалары дайындалды. Сығанақ, Сауыс­қандық, Жанкент қалашықтары мен Қорқыт ата ескерткіш кешенінің қорғау аймағы белгіленді.

Облыс бойынша ескерткіштерді реставрациялау жұмысы да қолға алы­нып, нәтижесінде Қалжан ахун медре­сесі, Бегім ана, Оқшы ата мазары, Но­ғай, Ғанибай, Айтбай мешіттері және тағы басқа 34 ескерткішке қайта жаң­ғырту жұмыстары жүргізілді.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес ондаған жылдар бойы қордаланып келген штат мәселесі де облыс әкімінің қолдауымен оң шешімін тапты. Тек ауыл мәдениетін көтеру мақсатында 410 штаттық бірлік, ал облыстық театр, филармония, музей және ескерткіштерді қорғау мекеме­леріне 143 штаттық бірлік бөлінді. 2013 жылдан бері мәдениет және өнер меке­мелеріне барлығы 553 штаттық бір­ліктер беріліп, қажетті мамандармен толықтырылды. 

Облыстың халық шығармашылы­-ғын дамыту мақсатында облыстық фи­лармония жанынан тұңғыш рет Тұр­мағамбет атындағы халық аспаптар ор­кестрі, камералық классикалық ор­кестр, облыстық Н.Бекежанов атын­дағы қазақ музыкалық драма театры жанынан жастар труппасы, балалар шығармашылығын дамыту мақсатында облыс орталығында балалар музыка­-лық студиясы және балалар музыкалық театр-студиясы құрылды. 

Облыстық филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Ресей, Татарстан елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Ва­шингтон қалаларында өнер көрсетті. Тәуелсіздік жылдары облыс бойынша бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып өткізілуде. 

Облыстық кітапханада Сыр бойы­ның құжаттық мұраларын сақтау және сирек кездесетін өлкетану қорын ин­тернет жүйесі арқылы кең көлемде қолдануға мүмкіндік беруін қамтама­-сыз ету мақсатында «Сырдария» элек­тронды кітапханасы құрылды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында бірқатар тарихи-танымдық кітаптар, айтыстар, жыр мүшәйраларының жинақтары, түрлі альбом-каталогтар баспадан шыға­рылды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғына арналып бірнеше кітаптар мен DVD-дискілер жарық көрді. Жыршы Ж.Ақ­құловтың орындауында Тұрма­ғамбет Ізтілеуұлының шығармалары­ның аудио-оқулығы, Ақмырза Тұяқ­байұлының орындауындағы «Сыр саздары» жыр-термелер үнтаспасы, «Тәуел­сіздіктің сырлы бояулары», қолөнер шеберлерінің шығармашы­лығына арналған «Көненің көзі» атты альбом-каталогтар, «Жер кіндігі – Байқоңыр» атты айтыстар топтамасы, ақын Құлан Алдабергенұлының 150 жылды­ғына арналған «Асылмын әлі күнге танылмаған» атты ғылыми басылым, «Егемен елдің ырғақтары», «Қасиетті топырақтан ашылған қақпа», «Қорқыт және Ұлы дала сазы» сияқты арнайы журналдар жарық көрді. Сонымен қа­тар Сырдан шыққан 225 ақын, жыршы, жазушы, композитор, әнші, термеші, күйші-домбырашылардың дауыстары енген «Қайталанбас дауыстар» аудио­энциклопедиясы және Т.Ізтілеуұлының аудармасы бойынша «Шаһнама» эпо­пеясының музыкалық антологиясы, сондай-ақ жырау Алмас Алматовтың «Шыңғыснама» тарихи дастанымен «Жыр керуені» кітаптары жарық кө­-ріп, «Шыңғыснама» музыкалық эпосы аудио-диск түрінде шығарылып, ру­-хани қауымға таратылды.

Тәуелсіздік алғанға дейінгі жыл­-дары облыс бойынша небәрі 3 архив ме­кемесі жұмыс жасаған, ондағы сақ­талған құжаттар – 157 940, қор саны 926 болған. Қазіргі таңда облыс­та­ғы архив мекемелерінің саны 11-ге жетті. Бұл мекемелер 90-жылдарға дейін шаруашылық жүргізу есебінде жұмыс ат­қарса, кейін мемлекет қам­қорлығына алынып, облыстық бюджет арқылы қар­жыландырылатын болды. Нәтижесінде Жалағаш және Шиелі аудандық архив­терінен басқа барлық аудандық архив­тер ғимараттармен, сәйкесінше штат­тық бірліктермен, ма­териал­дық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілді. Мұрағатшылардың зерттеуімен архив қорында сақталған құжаттар негізінде 10-ға жуық кітап, 2 жөнсілтер жарық көрді. Қызылорда облысының архив жүйесі республи­када бірінші бо­лып «Электронды мұрағат» ақпараттық жүйесін құрып, қол­да­нысқа енгізді. Облыстық мемлекеттік архивінде сақ­таулы тұрған құжат­тар­дың 30 пайызы электронды цифрлық форматқа көші­рілді. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен облыс орталығында орналасқан архив мекемелерін бір орталыққа шоғыр­лан­дырып, қор сақтау қоймаларын кеңей­-ту мақсатында Қызылорда қаласынан 600 мың сақтау бірлігіне арналған «Мұрағаттар үйі» ғимаратының жаңа құ­рылысы салынуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары