$ 443.85  474.3  4.8

ОҚО-да «Арыс жағасында» VII ретро-фестивалі өтпек

Қазан айының 7 күні Оңтүстік Қазақстан облысында Шәмші Қалдаяқов атындағы «Арыс жағасында» VII ретро-фестивалі өтеді. Аталған шара биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналмақ. Фестивальде Ш.Қалдаяқовтың әндерімен қатар, облыстан шыққан композиторлардың шығармалары, патриоттық әндер, Астана туралы әндер орындалып, өзге ұлт өкілдері Шәмші әндерін өз тілдерінде шырқайды.

Еске салайық, «Арыс жағасында» ретро-фестивалі алғаш рет 2010 жылы Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына арналып өткізілген-ді. Фестиваль аясында «Шәмші әлемі» гүлзары, облыстан шыққан белгілі композиторлар мен әншілердің есімдері жазылған «Жұлдыздар» аллеясы ашылып, ескерткіші орнатылды. Осы жылдан бастап «Арыс жағасында» ретро-фестивалі «Шәмші әлемі» гүлзарында жыл сайын өткізіліп келеді.

2011 жылы «Арыс жағасында» ІІ-ші ретро-фестиваль облыстан шыққан композиторлардың шығармашылығына арналса, 2012 жылы композитор С.Бәйтерековтың шығармашылығына арналып, республикамызға белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен  ұйымдастырылды. 2013 жылғы ІV-ші ретро-фестиваль  Мұхтар Шаханов, Исрайыл Сапарбаев, Сүгірәлі Сапаралиев, Сапарбек Медеубеков, Әшірхан Телғозиевтің шығармаларына орайластырылса, 2014 жылы Мыңжасар Маңғытаев, Мұхамеджан Рүстемов, Жанғали Меймандосов, Сейдалы Тұрғынбаев сынды композиторлардың шығармаларына арналып, облысымыздың белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен өткізілді. Ал 2015 жылы өткен «Арыс жағасында» VІ-шы  ретро-фестивалі Шәмші Қалдаяқовтың 85 жылдығына арналып,  оның шығармалары орындалды.

Айта кетейік, ретро-фестиваль кезінде VII Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының марапаттау рәсімі де өтеді деп күтілуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары