$ 448.15  483.46  4.86

Әлеуметтің әлеуетін көтеру – басты мақсат

Тәуелсіздік жылдары еліміз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер мен халықаралық ұйымдардың нұсқауларына негізделген әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құрды. Конституцияға сәйкес, Қазақстан әрбір азаматқа оның лайықты өмір сүру деңгейі үшін қажетті барлық игіліктерді кепілдендіретін әлеуметтік мемлекет болып жарияланған. Өйткені, қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқаты көбіне осыған байланысты.

Бұл тұрғыда азаматтардың әрбір өтінішіне түсіністікпен қарап, олардың тарапынан туындайтын көптеген мәселелерге жауап беретін әлеуметтік сала қызметкерлері де маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн. Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің басты қыз­меті – адамдарға қамқор болу. Олар­дың міндеті – мұқтаж жандарға уақытында көмек қолын созу екені белгілі.

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қорғау жүйе­сі қызметкерлерінің де күні аталып өтіледі.

Әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің күнін белгілеу – біздің мемлекетіміздің әлеуметтік бейімділігінің тағы бір куәсі. Қазақстандықтардың адами әлеуетін дамыту мен әл-ауқатын арттыру үшін әлеуметтік қызметтер көрсетудің ма­ңыз­дылығын қоғамның мойындауы және әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін бағалауы.

Әлеуметтік мекемелер қызметкер­лері жұмысының тиімділігі әрбір азаматтың әлеуметтік кепілдіктермен қамсыздандырылу деңгейіне, оның ішінде халықтың әлсіз топтарының – қарт адамдардың, мүгедектердің, кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарының және басқа топтарының әлеуметтік қамқорлыққа алынуына байланысты болады. Басқаша айтқанда, әлеумет­тік қызметкерлердің көрсететін қызмет­тері өміріміздің бар­лық кезеңінде қатар жүреді. Жүйелі әлеуметтік саясатты жүргізу мемлекет қызметінің басымдықтарының бірі және ол сөзсіз азаматтарымыздың әл-ауқатын көтеруге алып келді.

Кедейшілікті төмендету және аз қам­тыл­ған азаматтарды қолдау мақ­са­тын­да Денсаулық сақтау және әлеу­мет­тік даму министрлігі бірқатар қайта құ­ру­ларды жүргізді. Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамын жүзеге асыру аясында әлеуметтік көмек алушылардың әлеу­мет­тік жауапкершілігін, олардың жұмыс іздеуде және өзін өзі қамтамасыз ету­дегі уәждемелерін арттыру, ел экономикасы мен қоғам өміріне қатысу дәрежесінің ұлғаюы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Яғни, бұл күнкөрісі төмен азаматтардың өмір сүру сапасының жақсаруына жағымды әсер етеді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа форматының енгізілуімен күн­кө­рісі төмен отбасылар (азаматтар) үшін үш әлеуметтік төлем бірыңғай АӘК (18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік балалар жәрдемақысы, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, ескі форматтағы АӘК) болып ауыстырылады. Жаңа форматтағы АӘК отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыс­пен қамтылу шараларына міндетті қа­ты­суы шартымен күнкөрісі төмен аза­маттарға беріледі.

Сонымен қатар, 2018 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың кейбір санаттарын өзгерту қарастырылуда. Мүгедектер үшін мемлекеттік әлеу­мет­тік жәрдемақы мен арнаулы мем­лекеттік жәрдемақыны біріктіру жос­парлануда, бұл жәрдемақыларды ресімдеу процедураларын оңайлатады. Бұл ретте, қабылданған осындай шаралар, алынатын төлемдер мөлшері азаймайтындықтан, мүгедектер құқы­ғына нұқсан келтірмейді. «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін арнаулы мемлекеттік жәр­демақы көп балалы аналарға бе­рілетін жәрдемақы болып қайта ата­латын болады және бұл «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» ҚР Заңымен реттеледі.

Әлеуметтік қызметкерлердің жұмы­сындағы тағы бір жаңалық азаматтарға қолайлы болуы үшін ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың кеңінен қолданылуы. Заманауи ақпа­раттық технологиялар мен олардың ресурстарын қолдану әлеуметтік жүйенің қызметінде қажетті элемент болып отыр. Қазіргі уақытта тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі азаматтар өздеріне қандай да бір қызметті алу үшін аса ыңғайлы және қолжетімді тәсілді таңдай алатын, халықтың уақытын үнемдеуге бағытталғанын айтсақ та жеткілікті.

Көрсетілетін мемлекеттік қызмет­тер мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесінің құрамдас бөлігі, ал ол қызметтерді электронды түрде көрсету заманауи мемлекеттің бүкіл жүйесін құрудағы маңызды міндет. Сондықтан, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттар тізімі барынша азайтылған.

Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мақсатында 2015 жылы азаматтардың жекелеген санат­тары мен жұмыссыздар үшін композиттік қызметтер көрсетуге мемлекеттік қызметтер тізілімін жандандыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Қызмет алушы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұ­мысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бере алады. Әлеуметтік қызмет көрсету саласында мүгедектерге көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қам­тамасыз ету үшін композиттік қыз­меттер енгізілген. Өтініш беруші медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) өтініш беріп, мүгедектігін және жалпы еңбек ету қабілетінен айы­рылуын алғашқы белгілеу бойы­нша қызметтерді алумен қатар, мүгедектігіне мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы және МӘСҚ еңбек ету қабілетінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш беруге құқылы.

Бір рет өтініш бере отырып, бірнеше мемлекеттік қызметтер алу нәтижесіне мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы ақпараттық жүйелерді жетілдіру есебінен қол жеткізілуде. Сонымен бірге, оңалтудың жекелеген бағдарламаларын жүзеге асыру үшін алғашқы куәландыру кезінде МӘС бөлімшелерінде құжаттарды қабылдауды қосып, композиттік қызметтерді кеңейту мәселесі де қаралуда («Протездік-ортопедиялық көмек көрсету үшін мүгедектердің құжаттарын ресімдеу», «Мүгедектерді сурдо-тифло-техникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету», «Есту қабілеті төмен мүгедектер үшін қимыл тілі маманы мен қозғалуы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекші қызметтерін ұсыну үшін мүгедектердің құжаттарын ресімдеу», «Мүгедектерге кресло-арба беру», «Мүгедектерді санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету»).

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқы­лы алушыларға республикалық бюджеттен зейнетақылар мен жәр­демақыларды және МӘСҚ-дан әлеу­­мет­тік төлемдерді уақытында тө­леу қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, жәр­демақыларды, зейнетақыларды және әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде тағайындау үдерісі де қамтамасыз етілген. Осылайша, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы инновациялық технологиялардың одан әрі дамуы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін, сонымен бірге азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданып, әлеуметтік-еңбек саласына одан әрі реформалар жүргізу тұрғындарға қызмет көрсетуде әлеуметтік қамсыздандырудың мін­деттерін одан әрі табысты шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде теле­коммуникациялық технологиялар саласындағы соңғы жетістіктерді белсенді түрде енгізіп және қолданып жедел және сапалы түрде қызмет көрсетуге дайын мамандар қызмет етуде. Кәсіби мәртебеге қойылатын талаптар мен әлеуметтік қызметкерлердің жауапкершілігі жоғары, ал олардың қамқорлығымен мыңдаған адам өз қиыншылықтарын еңсеретіндігі анық.

Мемлекеттік органдар мен әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдарының қыз­меткерлері кәсіби мерекелерін жаңа жетістіктермен ғана емес, сондай-ақ азаматтарға әлеуметтік қызметтер көрсету үдерісін жетілдіретін жаңа міндеттермен қарсы алады. Қазіргі заман жағдайында әлеуметтік жұмыстың кәсіби беделі әлеуметтік мекемелердің ағымдағы қызметі, осы саладағы мамандар жұмысының нақты нәтижелері туралы, тікелей әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешетін адамдар мен сол кәсіптің өзі туралы қоғамдағы сенімді және уақытында берілетін ақпаратпен расталады.

Әлеуметтік қорғау жүйесі қыз­мет­керлерінің күні қарсаңында осы салада Қазақстан халқы тарапынан үлкен сенім мен құрметке ие, жоғары деңгейлі кәсіби мамандар жұмыс істейтінін сеніммен айтуға болады. Олар борыштарын адал атқарады және қызмет көрсетудегі маңызды міндеттерді мүлтіксіз орындауға әркез дайын.

Светлана ЖАҚЫПОВА,
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары