$ 443.85  474.3  4.8

Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Туған елге тағзым-2016» жобасы басталды

Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Туған елге тағзым-2016» жобасы басталды. 28 қазанға дейін жалғасатын айтулы шараға қатысу үшін Алматы мен Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің 26 оқушысы келген.

Киелі Маңғыстау жеріне жасаған саяхат барысында шәкірттер өңірдің тарихы мен ұлы тұлғалары жайында құнды деректер алып, тарих, мәдениет, экология салалары бойынша білімдерін жетілдірді.

Оқушылар ең алдымен тарихи өлкетану музейінде болып, Маңғыстау өңірінің тарихымен танысты. Жас ғалымдарды қарсы алған музей директоры Тамара Жұмалиева оларды құнды жәдігерлермен таныстырып, палеолит пен мезолит дәуірінде Маңғыстау өңірін мекенден жан-жануарлар жайлы, өсімдіктер жайлы айтып берді.

Алматы мен Астанадан келген жас қонақтар мұнан кейін Ақтау қаласындағы ескерткіштермен танысты. Атап айтқанда, зияткерлік мектеп оқушылары Қашағанға, Құрманғазы мен Тобаниязға, Жалау Мыңбаевқа және Тарас Шевченкоға қойылған ескерткіштерде болып, тұлғалардың өмірінен азды-кем мағлұмат алды. Сондай-ақ, ҰОС-да ерлікпен қаза тапқан қазақ батырларының Даңқ аллеясына да барып, бабалар рухына тағзым етті.

Экспедицияның екінші және үшінші күндері Шақпақ атаның жерасты мешітін тамашалаудан басталды. Мұнан кейін Ақеспе, Шерқала тауларына шыққан оқушылар «Отпан тау» тарихи-мәдени ескерткішінде де болды. Бұрын олар Маңғыстау аспан астындағы ашық музей дегенді тек кітаптан оқып келген болса, бұл жолы өз көздерімен көріп, қолдарымен ұстады.

Төртінші күн де оқушылар үшін керемет әсер сыйлады. Бұл күні дарынды жастар облыстық Ботаникалық бақта болды, өңірдің өсімдіктер әлемімен кеңірек танысты. Бақ қызметкерлерінің айтуынша, Маңғыстау бүгінде тәжірибе алаңына айналыпты. Мұнда батыс өңірінде сирек кездесетін өсімдік түрлерін зерттеу жұмыстары жүргізіліп, аймақта кездеспейтін өсімдіктерді өсіру жұмысы қолға алынған. Бақта сирек кездесетін 51 түрлі өсімдік бар.

Күннің екінші бөлігінде жас зерттеушілер археологиялық жәдігерлердің музейінде болды. Сондай-ақ, уран өндірісінің тарихынан хабардар болып, Шевченко-Ақтау өндіріс орындарының жұмыс барысымен танысты. Ал, экспедиция күнінің соңы керемет әдеби кешпен аяқталды. Атап айтқанда, Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында оқушылар Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» мен Дәлат Исабековтің «Әпке» спектакльдерін тамашалады.

Экспедицияның соңғы күні алаштың ардақты ұлы Әбіш Кекілбаевқа арналды. Жастар бұл күні әбіштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Жанбибі Дүйсенбаевамен кездесіп, танымал жазушының шығармашылық сырын ақтарып көрді.

Енді Астана мен Алматыдан келген оқушылар өз қалаларына барып, Маңғыстау өлкесінің тарихы мен өзге де мол мұралары жайында шығарма жазуы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары