$ 444.22  476.38  4.82

Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен Ақтауда жергілікті жастармен кездесті

Ақтаудың 6-шы шағынауданында орналасқан «Арман» жастар орталығында 1 қазан күні ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен маңғыстаулық жастармен кездесті деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«2016 жылдың қаңтар айынан бастап қоғамдық кеңестер еліміздің барлық өңірінде құрылды, сол секілді Маңғыстау облысында да. Ал, басты мақсат – жастардың дәл қазір қандай проблемалармен бетпе-бет келіп жатқанын білу. Қоғамдық кеңестердің жиынында бізге қойылатын сұрақтар мен айтылатын ұсыныстар міндетті түрде жазылып алынады да, оның жауаптары, шешімдері Парламентте қарастырылады. Бүгінгі жиында көтерілетін мәселелерді де Парламент қабырғасында айтатын боламын», - деді халық қалаулысы кездесудің ашылу салтанатында.

Аталған жиынға депутатпен бірге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева да қатысты. Ол жастардың проблемалары мен жетістіктеріне жеке тоқталып, депутатқа өңірдегі ахуалды баяндап берді. Бақтияр Мәкен болса жастармен тиісінше диалог құрды.

«Мен де сіздер секілді жас болдым, мектепте оқыдым. Бірақ, болашағымды сол кезден бастап жоспарлайтынмын. Мектепте өзін-өзі басқару күні деген болатын. Бұл күні оқушылар арасынан біреуін таңдап, директор етіп тағайындайтын, бір күнге. Мен де бір күнге директор болып көріп, өзімнің бойымда көшбасшылық қасиеттің бар екенін аңғардым. Демек, бұл қасиет мектептің кезінен пайда болады», - дейді депутат.

Бақтяир Мәкен кездесу барысында жастарға өзі туралы кеңінен айтып берді. Оның саясатқа араласуын, қалай депутат болғанын, атқарған қоғамдық жұмыстарын жастар ыждаһаттықпен тыңдады.

«Қоғамдық жұмыспен айналысу – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Алға қарай ұмтылу керек, жаңа белестерді бағындыруға талпыныс болу керек. Қазір сіздердің барлықтарыңызда кәсіп меңгеруге, білім алуға мүмкіндіктеріңіз мол. Ендеше өздеріңізді көрсетіңіздер», - деді Б.Мәкен.

Әңгіме барысында жемқорлық тақырыбы да сөз болды.

«Қазір адамдардың көбі пара алуға қорқатн болған. Олар мұның үлкен жауапкершілік екенін түсінеді. Өйткені, қазір параны алған адаммен бірге, берген адам да жауапқа тартылады. Бірақ, жемқорлық бәрібір бар, онымен күресуіміз қажет. Бұл біздің мемлекеттің үлкен проблемасы. Оны бір күнде шешу мүмкін емес. Балаларды балабақшадан бастап тәрбиелеуіміз қажет. Студенттер қазір пара беріп, диплом сатып алып жатқанын білеміз. Бірақ, олар өз болашақтарына балта шауып жатыр, соны түсінуі қажет», - деді Мәжіліс депутаты сөз соңында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары