$ 444.22  476.38  4.82

Елордада ОҚО күндері «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты көрмесімен бастау алды

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің алғашқы шарасы «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» облыстық бейнелеу өнері музейі көрмесінің салтанатты ашылуымен басталды. Мерейтойлық шаранының тұсауын кескен облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков көрмеге келушілерге алғысын білдіріп, Тәуелсіздік тойымен құттықтады.

Жылжымалы көрмеге келушілер бұл күні тарихи кезеңдер суреттелген 120 картиналар мен графика және гобелендерді тамашалады. Өнер туындыларында, негізінен, хандық дәуірден бастау алып, қазақ елінің маңызды оқиғаларын баяндайтын, Қазақстандағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс, Ұлы Отан соғысы, бейбіт өмір, өндірістік даму, әлеуметтік тұрмыстың көтерілуі, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бейнеленген.

Сонымен қатар, шара аясында ҚР еңбек сіңірген қызметкері, ақын Ханбибі Есенқарақызының «Жүздесейік...» шығармашылық кеші өтті. «Алаш» сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері Х.Есенқарақызы ел Егемендігінің ширек ғасырлық тойына орай ұйымдастырылған есеп беру кешінде сиясы кеппеген жаңа туындыларымен Астана жұртшылығын таныстырып, оқырмандармен сырласты.

Бұл күндері облыс делегациясы Астана халқына өңірдің тарихы, мәдениеті мен негізгі жетістіктерін таныстырып, отандық тауар өндірушілердің өнімін ұсынады. Және  300-ге жуық облыстың өнер майталмандары театр қойылымдары мен концерттік бағдарламалар және фотокөрмесін, балаларға базарлық ретінде облыста түсірілген қысқа метражды фильмдер топтамасы қойылып көрсетіледі. Сондай-ақ, «Қазақстанда жасалған» акциясының шеңберінде облыстық өнеркәсіп өндірушілердің көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 300 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан саудаланады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары