$ 446.49  475.38  4.79

Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында Шымкентте 7 инвест-жоба жүзеге аспақ

Ел экономикасының соңғы жылдардағы қарқынды даму үрдісінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шешуші рөл атқарды. Бағдарламаның бірінші бесжылдығының қорытындысы бойынша елімізде бүгінгі заманның талабына сай келетін өркениетті өндіріс ошақтары іске қосылды.

Бүгінде игілігін ел көрген 2010-2014 және 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Шымкент қаласында жалпы инвестиция көлемі 130 миллиард теңгені құрайтын 85 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 8 382 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, биыл 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл орайда, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі, тауар мен қызмет көрсету сапасының жақсаруы, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, бизнесті жүргізу талаптарының жақсаруы атқарылған игілікті істің нәтижесін әйгілейді.

Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бір ғана «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2010-2015 жылдары барлығы 226,6 миллиард теңгеге 518 жоба мақұлданып, іске асырылған. Биыл жыл соңына дейін 126 жобаны қаржыландырып, іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда, 22,1 миллиард теңгеге 57 жоба қаржыландырылды. Бұл ретте, мамандар кәсіпкерлердің көбіне өнім өндіру, ауылшаруашылығы, жүк тасымалы салалары бойынша мемлекеттен қолдау алғысы келетінін айтады. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіп иелерін қолдау шаралары жалғаса бермек.

Бұрынғы фосфор зауыты аумағында құрылған «Оңтүстік» индустриялық аймағы – ірі өндіріс орындары шоғырланған, елімізді шикізатқа тәуелділіктен құтқарып, өркениетті елдер көшіне қосатын, қуатты Қазақстанның болашағына жасалып жатқан нақты қадам болмақ. 2010 жылдан бері бұрынғы «Фосфор» зауытының маңынан қызметін жүзеге асырып келе жатқан индустриялық аймақта жалпы құны 73,7 миллиард теңгені құрайтын 71 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы арқылы онда 5 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда 71 жобаның 38-і іске қосылып, 3 мыңға таяу жұмыс орны ашылды. Бұл жобаларға 20 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осы арқылы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекет басшысының индустрияландыру және «Нұрлы Жол» бағдарламаларын жүзеге асыруда ел аумағында алдыңғы қатарға шығып отыр.

Бұдан бөлек, өткен жылы Тассай елдімекенінде 89 га жер телімінде индустриялық аймақ құрылып, жалпы құны 19 346 миллион теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба орналастырылды. Жыл соңына дейін мұнда тағы 2 жобаны іске қосу жоспарлануда.

2010 жылы аумағы 200 га жер телімінде «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы құрылғаны белгілі. Мұнда заманауи технологиялар арқылы Оңтүстіктің мақтасы «Қазақстанда жасалған» деген тауар белгісімен әлемдік нарыққа жол тартты. Нәтижесінде, 2010-2015 жылдар аралығында құны 27,8 миллиард теңге көлемінде 10 жоба жүзеге асырылды.

– Қазір бүкіл әлемді дағдарыс теңселтіп тұр. Осындай жағдайда Мемлекет басшысы Қазақстанды дағдарыс толқындарына ұрындырмай, экономикалық қуатын еселеуге серпін берді. Мемлекетіміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу, Мәңгілік Ел болу міндетін абыроймен орындап келеді. Шырайлы Шымкент қаласы да осы мемлекеттік мәселеге сүбелі үлес қосуда. Елбасы тапсырмасы тиянақты орындалып жатыр, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Қаныбеков.

Мемлекеттің келешегі – өндіріс орындарында. Осы арқылы, халықты толықтай жұмыспен қамту мүмкіндігі де туындайды. Облыс орталығында қазір ірі жобалар жүзеге асуда. Табиғи және әлеуеттік мүмкіндігіне сай, инвестиция салатын, өндірісті жандандыратын жұмыстар мұнда әбден жеткілікті. Демек, Шымкентті өркенді істердің ордасы деуге негіз бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары