Нұрлы жол 13.10.2016 сағат 05:20

25 жылдыққа - 25 өнім!

ОҚО Шардара ауданындағы Ақшеңгелдi ауылдық округiнде ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арналған айтулы iс-шара өттi. «Бақ қонған, құт дарыған ауылым» тақырыбымен өткен мерекелiк шараға қатысқан тұрғындар ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң көрмесiн тамашалады. Оған «Ақ алтын», «Егiзқұм» жалпы орта мектептерi мен «Динара» және «Қарлығаш» балабақша ұжымдары дайындаған түрлi бұйымдар қойылды.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Мерекелiк iс-шара ауыл жастарының флешмобымен басталды. Iс-шараға арнайы қатысқан аудан әкiмi Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарын Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерекесiмен құттықтады.

Ақшеңгелдi ауылының тұрғындары малшылықпен де, диқаншылық пен де айналысады. Мұндағы диқандар өнiмнiң барлық түрiн егедi десе де болады. Берекелi ауылдың молшылығы көрмеден де көрiнiс тапты. Шаруа қожалықтары Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң 25 түрiн шығарып, көрмеге ұсынды. Интенсивтi бақ ретiнде отырғызған алмасы мен бекесiн әкелген «Рахым» шаруа қожалығының төрайымы Аманкүл Найманбай «5 гектар алқапқа жемiс ағаштарын отырғызған едiк, ендi өнiмiн алып жатырмыз. Алманы жаз бойы ауыл арасына қолжетiмдi бағамен өткiздiк. Алма көшеттерi әлi жас, алдағы уақытта өнiм көлемi арта түседi деп отырмыз. Өнiмдi өткiзуде ешқандай проблема жоқ, халық дәмдi алманы жақсы алып жатыр» дейдi.

Көрмеге «Алтынбек» қожалығының алмасы, «Тәжiхан» шаруашылығының қырықпа қауыны, «Салықбай» шаруашылығы өндiрген жүзiм, жержаңғақ, «Орал» шаруашылығының қара қарбызы, «Бейбiт» шаруашылығының бақша өнiмдерi, «Жандос» шаруа қожалығының көкөнiстерi, «Шапағат» шаруашылығының бидайы мен жүгерiсi қойылған. Сонымен бiрге, «Ақiлгек» қожалығы дайындаған қымыраннан да көпшiлiк ауыз тидi. Ауыл тұрғындарының қолынан шыққан құрт пен сары май, қымыз бен қаймақ көрменiң сәнiн аша түстi.

Мәдениет сарайында ауылдың әлеуметтiк-экономикалық дамуына атсалысып жүрген мемлекеттiк қызметшiлер мен қоғамдық жұмыстардың ортасында жүрген ауыл билерiне, кәсiпкер азаматтарға, үздiк мұғалiмдер мен дәрiгерлерге аудан әкiмiнiң марапаттары табыс етiлдi. Сондай-ақ, Ақшеңгелдiнiң әкiмi Ордабай Сахов он номинация бойынша ең үздiк деген қызметшiлер мен ауыл еңбеккерлерiне сый-сияпат тапсырды.

Аудан әкiмi Арман Абдуллаев пен ауыл әкiмi Ордабай Сахов бiраз жылдан берi төсек тартып жатқан Мырзахмет Қасымовтың шаңырағына ат басын бұрды. Тәуелсiздiк алған алғашқы қиын кездерде ауыл әкiмi болып 7 жыл қызмет атқарған ел ағасының көңiлiн сұрап, әңгiме-дүкен құрды. Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерекесiмен және қарттар күнiмен құттықтап, азық-түлiк себетiн табыс еттi.

Мұнан кейiн аудан басшысы мен ауыл ақсақалдарының қатысуымен «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өттi. Жиын барысында ауылдың тыныс-тiршiлiгi, береке-бiрлiгi жөнiнде келелi әңгiмелер айтылып, азаматтар ой-пiкiрлерiмен бөлiстi.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар