$ 446.49  475.38  4.79

Гүлшара Әбдіқалықова Жетісу өңірінде өткен республикалық форумға қатысты

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Алматы облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапары аясында Г.Әбдіқалықова Ал­маты облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясы қоғамдық келісім кеңестерінің Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық форумына қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға Алма­ты облысының әкімі, өңірлік ҚХА төр­ағасы А.Баталов, Қазақстан халқы Ас­самблеясы Төрағасының орынба­сары – Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғ­жанов, ҚХА және аймақтық ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жұртшылық өкілдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Ел­басы басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген зор жетістіктерінің ше­шуші факторы бейбітшілік пен келісім болғанын айтты.

Г.Әбдіқалықова өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отырған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін атап өтті. 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын облыста олардың өзіндік төл мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен салтын сақтауға және дамытуға жағдай туғызып, мүд­десін қорғайтын 70 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Мемлекеттік хатшы жұмыс сапары аясында мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған «Алтын бесік» балабақшасында болды. Мемле­кет­тік хатшыны жадырай күтіп отыр­ған бүлдіршіндер ашық-жарқын сәлем­дескен соң тәрбиешілерінің көмегімен дайындаған тақпақтарын да ірікпеді. Шаттыққа толы көңілдері балабақша жағдайының жақсы екендігін айқын аңғартып тұрды.

Уақытты ұта білетіндігін бірден аңғартқан Мемлекеттік хатшы Тал­ды­қор­ғанның іргесіндегі Көксу аудандық орталық ауруханасына барып, медицина саласы қызметкерлерінің жұмыс орнын көрді. Ауылдағы ауруханада зама­науи қондырғылардың орнатылғаны, ең бас­тысы, мамандар сол аппараттарды мүлтіксіз пайдалануға талпынғаны көңілге қонымды-ақ.

Бұл күні түс ауа Мемлекеттік хатшы бастаған ресми адамдар Талды­қор­ған­­дағы Жастар сарайына барды. Кең де биік әрі жылы сарайда бір­кел­кі киін­ген жасөспірімдер сап түзей тізіліп, ұлттық нақыштағы ән әуені­мен тер­беле тұрғаны қандай жарасымды. Сонымен, Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына орай «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты республикалық акция бастау алды. Бұл акцияның маңыздылығы Елбасы­ның кіндік қаны тамған Жетісу жерін­де басталып, 30 қараша күні Аста­нада қорытындылатындығында болып тұр. Символикалық мәні – жас­тар бо­ла­шақтың тіреуі, қорғаушы күші екендігін сол жасөспірімдер санасына сіңіру.

Мемлекеттік хатшының жұмыс сапары Талдықорғандағы Тілдер сара­йында жалғасты. Жетісу жерінде түрлі салада еңбек ететін әйелдер бастамасымен ұйымдастырылған көрмені аралап шыққан соң мәжіліс залындағы дөңгелек үстел басында әйелдер қауымдастығымен кездесу өтті. Өңір басшысы төрағалық еткен кездесуде алдымен сөз алған Мемлекеттік хатшы іскер әйелдермен жүздесудің маңыздылығына тоқталып, осы салада еліміз бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралап берді.

Келесі кезекте сөз берілген Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевтың айтуын­ша, «Нұрлы жол» бағдарламасындағы Тәу­елсіздікті нығайтуға негізделген қоғамның жалпы жүйе құндылықтарын қалып­тастыруға бағытталған мәсе­лелер­ді талқылау, мемлекеттікті, Қазақ­стан азаматтарының тағдырының бір екен­дігін түсіндіру және насихаттау маңызы зор мәселелер болып табылады. Азаматтық сектормен байланыс­ты кеңейту, өңірдегі үкіметтік емес ұйым­дарды қолдау, олардың белсенділігін арттыру, ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жасау – жергілікті атқарушы органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі.

Алматы облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Римма Салықова өңірде қыз-келіншектер тарапынан атқарылып, қол жеткізілген жетістіктерді айтқанда, Мемлекеттік хатшы: «Жекеменшік балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі бойынша өркениетті 30 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік бар ма?» – деген сұрақ қойды. «Әлбетте, бұл тұрғыда үлгі тұтар бизнесменіміздің бірі жекеменшік балабақшасына балалар үйінің бүл­діршіндерін алдымен қамқорлығына алған Күләнда Батырханова ортамызда отыр», – деп іле жауап берген облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының сөзін облыс әкімі Амандық Баталов толықтыра түсіп: «Жалпы, Алматы облысында уақыт талабына сай былтыр 89 жекеменшік балабақша ашылса, ағымдағы жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 87%-ға дейін жеткізу үшін тағы да 8691 орынға 77 жекеменшік балабақ­ша ашылды. Соның бірі – бүгін өздеріңіз көрген «Алтын бесік» жекеменшік балабақшасы. Тәуелсіздік күніне орай тағы бір жекеменшік балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан, құнды идеяны қуана құптаймыз», – деді.

Мемлекеттік хатшы жұмыс сапары­ның қорытындысы бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары