$ 449.58  486.94  4.86

Баянды бейбітшілік бастамасы

Қазіргі жаһан жүзі толғақты таңдаудың табалдырығында, үлкен жолдың айрығында тұрғандай. Меңзеп отырғанымыз – қауіпсіздік мәселесі, дүниежүзілік соғыс қатері. Енді шұғыл түрде мұның алдын алмаса, бейбіт күнді сақтап қалуды аңсаған адамзат баласының ХХІ ғасырға артқан зор үмітінің күлі көкке ұшады.

Биылғы жылғы наурыз айының соңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ астанасы – Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі V саммит шеңберінде жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі осы мәселені ашып айтып, ядролық қарулары бар елдер басшыларын ынтымақтаса тіршілік етуге шақыруымен дүниені қалың ойға батырды. Ал манифест алдағы бейбіт күннің бағдарламасы ретінде өмірге енді.

Азат әлемге дәйектілікпен ілгерілеу

Тәуелсіздігінің алғашқы елең-алаң кездерінен сынақ полигонын жауып, қуаттылығы жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан Қазақстан бұдан кейінгі жылдары да қарусыз әлемге көшу жөніндегі насихат жұмыстарын толастатқан жоқ. Содан бергі аралықта жаһан жұртшылығына әлемдегі қауіпсіздік пен бейбіт өмірдің туын көтеруші толымды тұлға ретінде танылған Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қатерді таратпау және қысқарту жөніндегі әлемдік үдерістің көш басында келеді. Ол осы жылдардың бәрінде ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қару түрлерін толық азат етілген әлемге қарай дәйектілікпен ілгері жылжу қағидаттарын ұдайы көтерумен болды.

Бұған бізде себеп те жоқ емес еді. Қасиетті қазақ жері 40 жылдан астам уақыт бойы айналаға ажал оғын себетін аждаһаның ошағына айналды. Кеңес Одағының қуаты 22 килотонна келетін ең алғашқы ядролық қондырғысы 1949 жылға 29 тамызда Семей полигонында қолданыста байқалды. Әлемдегі бірінші термоядролық бомба жарылысы да тап осы жерде 1953 жылғы 12 тамыз күні тексеруден өткізілді. Ал 1949-1989 жылдар аралығында сынақ алаңында кемінде 468 рет жерасты ядролық дүмпуі орын алды. Семей полигонында 1949-1963 жылдары сынақтан шыққан ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимоға тасталған бомбаның күшінен 2,5 мың есеге асып түсті. Сол сияқты 55 рет әуе мен жер бетінде жасалған жарылыстардан қаншама радиоактивті бұлттар көкке көтеріліп, 169 жерасты сынағынан бұлқынып ұшқан газ фракциялары ауаға тарады. Түптеп келгенде, тап осы 224 жарылыс Қазақстан территориясының бүкіл шығыс өңірлерін тұтастай радиациялық қоқыстың астында қалдырды. Осы аумақтың 300 мың шаршы шақырымы зәрлі сәуледен уланып, ресми деректер бойынша 1,3 млн адам зардап шекті. Арада тура 42 жыл өткеннен кейін, 1991 жылғы 29 тамызда, еліміз әлі тәуелсіздікке толық қол жеткізе алмай тұрған алакөбең шақта Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен полигонды біржола жауып тастады.

Бұл – әзірге әлем тәжірибесінде орын алған ең бірінші және бірден-бір оқиға. Осы сәттен бастап Қазақстан адамзат тарихындағы ең зұлмат қару – ядролық бомбаға қарсы күрестің нағыз көшбасшысына айналды. Семей полигонының жабылуы қазақ халқының ядролық қарусыз әлем құру жолындағы қарышты қадамдарының ілкі бастауы болды. Осы тарихи шешімнен кейін Жер бетіндегі Невада, Лобнор, Жаңа жер секілді ірі сынақ алаңдары да солықтарын басып, өздерінің тіршілік етулерін тоқтатты. БҰҰ 2009 жылғы қарарымен Семей сынақ алаңы жабылған 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп белгілеп берді.

Әлбетте, Қазақстанның өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін әлемдегі ядролық қаруы бар елдердің санатында қала беруіне әбден болатын еді. Бұған Одақ тарағаннан кейінгі белгісіздік жайлаған алмағайып күндерде республика аумағында сол күйі қалып қойған құрлықаралық баллистикалық зымырандарға орналасқан 1040 ядролық оқтұмсық пен әуеден тасталатын 370 ядролық бомба толық мүмкіндік бере алатын. Жаһанда жаппай қарулану бәсекесі қарқынының қызуы әлі қайтпаған сол бір күндерде елдер арасында «ядролық держава» болып шыға келуге деген қызығушылық та төмен емес-тін. Сондықтан ел ішіндегі саяси тұлғалар тобында тағдырдың өзі ғайыптан тайғызып, сыйға тартып, әкеле қойған «ядролық әлеуеттен» бас тартпай, оған егелік етіп қалуды қош көргендер аз болған жоқ. Мұндай ұсынысты алға тартушылар ядролық қару сесі әлемге ықпалы жүріп тұрған алпауыттарды халықаралық қауымдастыққа енді ғана мүше болып еніп жатқан жас дербес мемлекетпен санасуға мәжбүр ететінімен түсіндірді. Бірақ Қазақстанның тұңғыш Президенті түпкілікті шешімді мүлде басқаша мазмұнда қабылдады. Сол бір аса қиын-қыстау сәтте елдің бір кезеңдегі келешегін емес, әлденеше ондаған, тіпті бірнеше ғасырлық болашағын аса көрегендікпен болжай білген Елбасы бұл көз қызықтырарлық ұсыныстан саналы түрде бас тартты. Сөйтіп, елдің дүние дидарындағы танымалдылығын арттырып, олардың құрметіне бөленудің негізін қалап берді. Мұны ол Лиссабон хаттамасы негізінде 1992 жылы АҚШ Президенті Билл Клинтонмен арада жүргізілген өзара келісімге қол қою арқылы жасады.

Мұның алғы шарты 1991 жылғы желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылуына ғана емес, сонымен қатар бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ядролық қару-жарақтарға ортақ бақылау жасау тетіктері құрылуына себепші болған Алматы декларациясына қол қойылуынан басталды. Осы декларациямен бір мезгілде ядролық қарусыз ел атануға ұмтылған тәуелсіз мемлекеттерге құрметпен қарау туралы мәлімдеме де жасалды. Қазақстанның ядролық қарусыз дәулет атануына жол салған тағы бір маңызды қадам Президенттің Ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартқа қосылуға дайын екенін мәлімдеуінен көрініс берді. Ол осынау тарихи мәлімдемесін 1992 жылғы 18-23 мамырда Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапары барысында жеткізді. Осы мәлімдеме шеңберінде Қазақстан аумағындағы барлық ядролық оқтұмсықтарды залалсыздандырудың нақты тұтқалары қалыптасты. Біздің еліміз көп ұзамай Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қосылды. Кейін тек өз аумағында ғана емес, жалпы Орталық Азия аумағында ядролық қарусыз кеңістік құру бастамасын көтеріп, оны табысты жүзеге асырды. Қазақстан басшысының бұл игі қадамын әлем елдерінің лидерлері ерекше көтеріңкі бағалады. Ал 2011 жылы қазан айында Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Ядросыз әлем үшін» деп аталатын халықаралық форумда Ядролық қарусыз әлем туралы декларация қабылданды. Бұл БҰҰ Бас Ассамблеясының өз кезегінде Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация атты аса құнды құжат қабылдауына бірден-бір негіз болды.

Орнықты әлем географиясы

Елбасы манифестінде ХХІ ғасырда өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Онда қазіргі әлемде ядролық қарудан азат алты аймақтың бар екендігі атап көрсетілді. Ал ондай аймақтардың қатарына Антарктида, Латын Америка, Африка, Австралия және Океания аумағы жатады. Осылайша бұл белдеу негізінен Жердің Оңтүстік шарты жарын қамтитын болып шықты. Бұлардың қатарына бұдан 10 жыл бұрын Семейде бас қосқан Орталық Азия өңірінің бес мемлекеті де кіреді. Енді қазіргі күндері қанды қырғындардың қайнаған қазанына айналып тұрған Таяу Шығыста да ядросыз аймақ құрудың маңызы айрықша зор болмақ.

Қазақстан әлемде орнықты географиялық аймақтар құруды күшейте түсуді 1992 жылы елімізде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңесті шақыруға бастамашы болған кезде алғаш рет алға шығарды. БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың, құрлықтың 27 мемлекеті басшыларының қатысуымен өткен бұл форумда осының жаңа ғасырдағы жай-күйі жан-жақты ортаға салынды. Мұнда Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде жүзеге асырылып келе жатқан Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері арасындағы көпқырлы ынтымақтастық көп мәселенің көңілдегідей болып шешілуіне елеулі ықпал етіп отыр. Сол сияқты Оңтүстік Америкадағы, Оңтүстік Атлантикадағы, Үнді мұхитындағы қалыптасқан «Бейбітшілік аймағы» әлемде айтарлықтай әлеуетке ие. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Манифестінде: «Жинақталған барлық тәжірибені арнайы халықаралық құқық негізінде кең ауқымды Бейбітшілік ареалдарын құру үшін қолдану қажет», – деп нақтылап атап беріп өтті. Айтуынша, оларда ешқандайда соғыстар мен жанжалдарға жол берілмейтін болуы тиіс. Бейбітшілік ареалдарындағы қауіпсіздік пен даму мәселелеріне БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер, сондай-ақ, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі кепілдік бере алады.

Ядролық қарудан өз еріктерімен бас тартуды өткен ғасырдың 80-ші жылдары Аргентина бастап берсе, 90-шы жылдары оны Бразилия қолдады. Оңтүстік Африка Республикасы 1979 жылғы 22 қыркүйекте апартеидтің құлауына байланысты бірден жаппай қырып-жою қаруын дамыту жолындағы бақталастар сайысынан шығып кетті. Ал Украина мен Беларусь 1992 жылы бізбен бірге ядролық қаруды құрал ретінде пайдалану мүмкіндігінен айрылып қалды. Өкінішке қарай, сонымен бірге жаһанда бұл отты да улы қаруға егелік етіп отырған мемлекеттер де әзірге аз емес. Бұлардың бірқатарлары тіпті жоғарыда атап көрсетілген елдердің бейбіт қатар өмір сүру мақсатында жаппай қыру жабдық-жарақтарынан бас тартқаннан кейін ядролық қаруларға ие болғандар екен. Қолда бар ресми мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда мұндай зымырандар АҚШ (1945 жылдан) Ресей (КСРО-ның мұрагері ретінде – 1949 жылдан), Ұлыбритания (1952 жылдан), Франция (1960 жылдан), Қытай (1964 жылдан), Үндістан (1975 жылдан), Пәкістан (1998 жылдан), КХДР (2006 жылдан), Израиль (2008 жылдан) секілді державаларда бар.

Мемлекет басшысы биылғы жылғы сәуір айының басында Вашингтондағы Карнеги қорының штаб-пәтерінде АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен кездесуінде сөйлеген сөзінде қазіргі заманғы әлем құрылымының проблемалары мен Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне қатысты ойларын ортаға салды. Ол XX және XXI ғасырлар тоғысындағы, бұдан 25 жыл бұрынғы тарихи оқиғаларға оралды. Өз сөзінде Президент сол жылдары біздің еліміздің табанынан тік тұрып, тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүріп кете алатынына күмән келтірушілердің көптеп кездескенін ашып айтты. «Бізге жаңа мемлекетті «нөлден» бастап құруға, жоспарлы әкімшілік жүйеден нарыққа, тоталитаризмнен демократияға көшуге тура келді. Қысқа уақыт ішінде мемлекеттілікті нығайту, заманауи нарықтық экономика құру және қоғамды жаңғырту жөнінде зор жұмыстар атқарылды», – деген еді Елбасы осыған орай.

Қазақстан мемлекетінің басшысы жиында бұдан әрі еліміздің жаһандық антиядролық қозғалысқа қатысуы мәселесіне жан-жақты тоқталып шықты. «Орталық Азияда ядросыз аймақ құру арқылы біз орнықты әлем географиясын қалыптастыруға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы осы сөздің сыңайында. – Бұл – Еуразияда, Латын Америкасында және Африкада алты ядросыз аймақ кеңістігін кеңейту деген сөз. Төмен байытылған уран банкін Қазақстанда орналастыру туралы МАГАТЭ-мен келісімге 2015 жылы қол қойылуы маңызды қадам болды. Бұл – жаһандық деңгейдегі ірі оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатқа пайдалану ісіндегі маңызды шара ретінде бағалауы тиіс».

Кездесуде Мемлекет басшысы біздің ел Жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерге белсене қатысуды маңызды санайтынын жеткізді. «Ажал себетін қаруларды ғарыш кеңістігінде, әлемдік мұхит табаны мен бейтарап суларында, сондай-ақ Арктикада орналастыруға тыйым салатын іргелі шешімдер қабылдайтын уақыт келді. Ғылыми жаңалықтарды жаппай қырып жою қаруларының жаңа түрлерін жасауға қолдануды тыю жөніндегі халықаралық келісім мен БҰҰ реестрін әзірлеген жөн», – деп түйіндеді Елбасы.

Мемлекет басшысы Жаһандық антиядролық қозғалыс құруды маңызды міндет ретінде атады. Қазақстан бастамашылық еткен, халықаралық қолдауға кеңінен ие болып отырған «АТОМ» халықаралық жобасы осы мақсатқа қызмет етеді. Өкінішке қарай, 1968 жылы қол қойылған Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өз мақсатын орындап отырған жоқ. Ал жаһандық ойыншылар арасындағы сенім дағдарысы ядролық қару қолдануды болдырмау кепілдігінің әлсіреуіне әкеле жатыр.

Әскери блоктар рудименті

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырда милитаризмнің жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп, кең ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін әскери блоктардың рудиментіне қол жеткізу керек екенін атап көрсетті. «Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок бар болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.– Күш қарсы күшті тудырады. Әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздікке өзінің жауапкершілігін әркез сезіне бермейтін түрлі мемлекеттер де еніп отыр. Оның үстіне, әскери блок зонттарын, өздерінің тікелей көршілерін қоса алғанда, үшінші елдермен өзара қарым-қатынасында басымдық алу үшін пайдалануға әрекеттенушілік те жоқ емес». Елбасы пайымынша, келешекте осылайша текетіреске тұру ахуалы жекелеген өңірлерде, сондай-ақ, бүкіл жаһандық кеңістікте шексіз жалғаса беруі ықтимал. Бұған қоса, бұрынғы соғыстар мен шиеленістер тәжірибелері көрсетіп отырғандай, өз қауіпсіздігіңді өзге мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төндіру арқылы тиянақтап алу әсте мүмкін емес. Президент сондықтан да әскери блоктарға БҰҰ туы астында Мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолындағы үшін жаһандық коалициясын қарсы қою қажеттігін алға тартады. Бұл ретте таяудағы онжылдықтың жалпыға ортақ міндеті Ауғанстандағы, Ирактағы, Йемендегі, Ливиядағы, Сирия мен Украинаның шығысындағы соғыстар мен қақтығыстарды, Палестина-Израиль текетіресін тоқтату болуға тиіс. Осыгың қабатында Корей түбегіндегі, Оңтүстік-Қытай теңізі акваториясы мен Арктикадағы ахуал қаупінің әлеуетін азайту күн тәртібіне қойылуы керек.

Адамзат баласы бұған дейін екі дүниежүзілік соғысты бастан кешті. Сол екі қанды қырғыннан кейін жаһан жұртшылығы содан тиісті қорытынды шығарып, бейбіт қатар өмір сүруге қарай бет бұратындай болып көрінген. Бірақ тап олай болмай шықты. Ұзақ жылдардың шылауында шырмалған сұрапыл соғыстан соң да адамзаттың үміті мен жеңіс қуанышы ақтала қоймады. Тіпті соғыстың қайнап жатқан уақытының өзінде-ақ ұлы державалардың арасында Еуропаның бейбіт тіршілікке көшкеннен кейінгі құрылымы мәселелері жөнінде бір-бірлеріне кереғар көзқарастар орын алып, әртүрлі сипаттағы алауыздықтар бой көрсете бастады. Атап айтқанда, Кеңес Одағы Қызыл армия өзі азат етіп, орныққан елдердегі билік басына бұрынғы үкіметтің қайта оралуын қалаған жоқ. Сол себепті КСРО азат етілген елдерде билік басына кеңестік солшыл күштердің бекітілуіне ерекше күшті ықпал жасады. Осылайша Еуропаның көптеген елдерінде социалистік құрылыс пайда болды. КСРО сондай-ақ бұдан тысқары аумақтарда – Қытайда, Кореяда, Вьетнамда және Кубада қозғалысқа түскен коммунистік қозғалыстарға қолдау көрсетті

Мұның соңы соғыстан кейінгі жылдары екі лагерь – капитализм мен социализм елдері арасындағы «қырғи-қабақ соғыстың» өршіп кетуіне апарып соқтырды. Өзара сенімсіздік пен идеологиялық режім оның барған сайын шиеленісе түсуіне дүмпу берді. Осы кезде АҚШ-та пайда болған «Трумэн доктринасы» мен «Маршалл жоспары» осы текетіресті тереңдете түсуді жүзеге асыратын құралға айналды. Бұрынғы одақтастардың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қарама-қарсылығы жаһан қырғыны аяқталысымен бірден Германия мәселесін талқылауға кіріскен кезде-ақ байқалды. 1947 жылы көктемде АҚШ, Англия және Франция бұған дейін КСРО-мен келісіліп қойылған шешімдерден бас тартатындарын мәлімдеді. Олар осылайша Германияны екіге бөліп тастауға әрекет етті. Сол тұста Құрама Штаттар өзінің атом бомбасы бар екендігін, әскери техника мен қару-жарақтың жаңа түрлерін дамытудағы басымдылығын пайдаланып қалуға күш салды. Осы «қырғи-қабақ соғыстың» аясында Батыс елдері 1949 жылғы 4 сәуірде Вашингтонда «Солтүстік Атлантикалық одақ» (НАТО) әскери блогынқұру жөніндегі туралы келісімге қол қойды. Оның құрамына АҚШ, Англия, Франция, Италия, Канада, Бельгия, Голландия, Португалия, Дания, Норвегия, Испания және Люксембург кірді. Кейіннан оған Түркия мен Грекия, ал 1955 жылы ГФР қосылды.

АҚШ пен оның одақтастары бастаған бұл әрекет қарсы жақтыңі жауап қайтару шараларын жасауына алып барды. Мұны КСРО ең алдымен 1949 жылғы тамызда өзінің атом бомбасын әзірлеп щығып, сынап көруден бастады. Бұдан кейін, 1955 жылы 14 мамырда социалистік мемлекеттердің ұжымдық қорғаныс одағы – Варшава Шартты Ұйымы өмірге келді. Оның қатарын Албания, Болгария, Венгрия, ГДР, Польша, Румыния, КСРО және Чехословакия құрады. Ал Кеңес Одағының 1953 жылы сутегі бомбасын сынақтан сәтті өткізгені жөніндегі мәлімдемесі атом-ядролық қару саласындағы АҚШ-тың басымдылығы туралы аңызды түбегейлі күл-талқан етті. НАТО мен ВШҰ-ның құрылуымен «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде халықаралық қарым- қатынастар жүйесі мен бір-біріне қарама-қарсы екі дүние толық қалыптасып болды. Әскери-саяси блоктардың құрылуы және қару-жарақтың стратегиялық түрлерін шығаруда жетістіктерге жетуі экономиканың жаппай қарулануына алып келді. Ақырында КСРО мен Орталық және Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінің қайта құрылуларына байланысты ұйымға қатысушы мемлекеттер 1991 жылғы 25 ақпанда оны жою жөнінде шешім қабылдады. Сол жылғы 1 шілдеде Прага хаттамасы шарт әрекетінің біржола тоқтатылғаны туралы мәлімдеме жариялады. Осы тұста НАТО да біртіндеп өзінің тіршілігін тоқтатуға тиіс болатын. Бірақ олай болмай шықты.

Халықаралық терминде «рудимент» деген сөз «құрып бара жатқан құбылыстың қаңсығы» дегенді білдіреді. Елбасы өзінің манифесінде «кең ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін әскери блоктар рудиментіне қол жеткізу» туралы сөз қозғағанда, қазіргі ғаламдық жағдайда бейбіт қатар өмір сүру үшін соғыс қаупін ұдайы төндіріп тұратын осы тектес барша альянстардың күнін батыру керек екенін жұртшылық қаперіне салған еді.

Жаңа тарихи жағдайға бейімделу

ХХІ ғасырдың ең басты ұраны қандай? Ендігі жерде ғалам жүзіне тыныштық керек! Жылдан жыл ұзаған сайын онсыз да проблемаларының саны мен ауқымы арта түскелі тұрған адам баласы үшін бұ барынша шетін мәселе болмақ. Бейбіт болашақтың бағдарламасы іспеттес манифесінде Нұрсұлтан Назарбаев «Соғыссыз әлем» идеясын ұсына отырып, халықаралық қарусыздану үдерістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу білудің аса маңызды мәселе екенініне назар аударады. «Зымыранға қарсы жүйелер мен кәдімгі қару-жарақ жөніндегі бұрынғы уағдаластықтар кезіндегі алысты болжай алмаушылық Еуразия кеңістігін саяси милитарландыруға алып келді. Бұл тіпті қорғанысты басқарудың электрондық жүйесінің ықтимал ақауына байланысты жаһандық соғыстың басталу қаупін күшейте түседі», – деп атап өтеді Қазақстан Президенті. Ол осыған орай БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің жаңа стратегиясы қажеттігін де еске сала кетеді. Себебі, біздің алдымызда мүлде жаңа қатер – терроршылардың қолындағы аса қауіпті қаруға айналуы мүмкін киберқылмысты жоюмен айналысу міндеті тұр. Бұл ретте соғыссыз әлем ең алдымен халықаралық қаржы, сауда-саттық және даму саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмасы түрінде көрінуі тиіс. Мұны жақсы түсінген Қазақстан тарапы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Жаһандық стратегиялық бастама-2045 жоспарын жасау бастамасын алға шығарды. Түптеп келгенде, бұл жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюға бағыт ұстайды. Мұнда әлемдегі барлық ұлттардың осы инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға тең жағдайда және әділетті түрде қолжетімділіке жетуі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызы зор болмақ. Ол БҰҰ-ның 100 жылдығы мерейтойына қарай жүзеге асыру ұсынылады.

«Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек, – деп атап көрсетеді Мемлекет басшысы бұдан әрі. – Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет». Ал қазіргі алмағайып заманда ешбір іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп таныту әлем көлемінде орын алып кететін алапат апаттың алдын алмай, оған көз жұма қараумен пара-пар болып шығар еді. Осы орайда Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесім ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отырғаны ешқандай күмән тудырмайды. Ал Қазақстан Президенті өзінің мемлекет басшысы ретінде адамзаттың болашағы үшін жауаптылардың бірі болып табылатынын терең сезіне отырып, жаһан жұртшылығы алдына осындай инициативамен шығуға мәжбүр болып отыр. Себебі, ол «Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ» екенін елден бұрын пайымдап үлгерген ғаламдық деңгейдегі үлкен тұлға екенін бұған дейін де әлденеше мәрте танытып үлгерген еді. Сондықтан да қазіргі таңда жағдайға қарай бейімделуден тиімді жол жоқ екенін ашып айтады.

Серік ПІРНАЗАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары