$ 446.49  475.38  4.79

Астанада Қазақстан дінтанушыларының VI форумы өтті

Кеше Астанада Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйымдастыруымен «Зайырлылық – қоғам тұрақтылығының негізі» тақырыбында Қазақстан дінтанушыларының VI форумы өтті. Оған Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дінтанушылар, зиялы қауым, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және жастар қатысты.

Форумды ашқан Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бірінші кезекте форумға қатысушыларды ел Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығымен құттықтай отырып, аталған басқосудың маңыздылығына тоқ­талды.

– Дінтанушылар форумына отандық ғылыми-сарапшылар қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестік өкілдерінің жыл сайын белсенді қатысуы ізгі дәстүрге айналды. Бұл форум мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың өзекті мәселелерін талқылауға және дін саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар беруге арналған пәрменді үнқатысу алаңына айналып үлгерді, – деді министр.

Сонымен қатар, ол VI форумының тақыры­бы «Зайырлылық – қоғам тұрақтылығының негізі» деп аталуы кездейсоқтық емес екенін айта келіп, елімізде зайырлы қағидаттарын ілгерілетуге, азаматтық қоғамның діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы рөлін күшейтуге баса назар аударылуы қажеттігіне екпін берді.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Стратегиясы – еліміздегі 130-дан астам этнос мен 18 конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруінің кепілі. Біздің елімізде азаматтардың этностық және діни ерекшеліктеріне қарамастан діни толеранттылық және өзара төзімділік қағидаттарына мойынсұнуы бейбіт қатар өмір сүрудің бірден-бір жолы болып табылады. Сондықтан біздің дін саласындағы маңызды міндетіміз – еліміздің дамуының өміршеңдігін қамтамасыз ету. Біздің зайырлылық моделіміздің айнымас негізі алдағы уақытта да азаматтардың діни сенім бостандығын бұлжытпай кепілдендіру, олардың дінді таңдау немесе діннен бас тарту құқықтарын қамтамасыз ету болып қала береді. Біз үшін заманауи қазақстандық қоғамның құндылықтары мен өмір салтын ілгерілету басым бағыт болып табылады, – деді Н.Ермекбаев

Одан әрі спикер министрліктің қазіргі таңда атқарып жатқан қызметі, қолға алынған шаралар мен алда тұрған міндеттер тұрғысында сөз қозғады. Оның айтуынша, еліміздегі діни ахуалды қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін қоғамның барлық мүшелерінің атсалысуы қажет.

– Мен министрлік пен әкімдіктер өткізіп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ғылыми-сарапшылар қауымдастығы мен азаматтық қоғам өкілдерін белсенді түрде жұмылдыру қажет деп санаймын. Біз дін саласындағы тұрақтылықты сақтауға, еліміздің зайырлы қағидаттарын ілгерілетуге жауапты екендігімізді ұмытпауымыз керек. Форум жұмысы барысында айтылған ұсыныстар қоғамымыздың одан әрі тұрақты дамуына елеулі үлес қосады деп үміттенемін, – деді министр.

Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, «Дінтанушылар конгресі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, профессор Айдар Әбуов, ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Нағима Бәйтенова, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Сатершинов және Қарағанды қаласындағы «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары Рүстем Сыздықов сөз сөйледі.

Олар еліміздегі дінтану саласының түйткілдері, мемлекеттік мүдде және дін мәселелері, зайырлылықтың ел дамуындағы ықпалы, Қазақстан тарихындағы зайырлылық қағидалары тұрғысында айтып берді.

Мәселен, Мәжіліс депутаты Б.Смағұл өз кезегінде елдің болашағына кері ықпал ететін кез келген мәселе ұлтым деген әр азаматтың шекесін солқылдатып, жүрегіне «шаншудай» қадалатынын айта келіп, бүгінгі халқымыздың татулығы мен бірлігі ел Тәуелсіздігінің 25 жылындағы ең басты жетістік екенін сөз етті.

– Қазақ елі дамыған мемлекет бағытында алға қадам басқан сайын сұғанақ сөз еріп, сұқ көз қадала түсері анық. Мәңгілік Ел құрғымыз келсе, біздің әрқайсымыз жақсы менен жаманның байыбын бағамдауымыз шарт. Қазақстан бүгінде жүзден астам этностың және 18 конфессияның өкілдері үшін де қасиетті шаңыраққа айналып отыр. Бұл Қазақстан халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгендігінің нышаны. Біле білсек, бұл – Тәуелсіздіктің 25 жылындағы маңызды жетістігіміздің бірі болып табылады, – деді депутат.

Сонымен бірге, Б.Смағұл бүгінде қоғамымыздағы дін саласында келеңсіздіктер мен жат көріністер бой көрсетіп отырғаны жасырын емес екенін, ол білімсіздіктен туындап отырғанын жеткізді.

– Кертартпа күштер әлдебір рухани күйзеліске ұшыраған, қоғамның назарынан, қамқорлығы мен қайырымдылығынан тыс қалған, опынысы мен өкініші бар отандастарымыздың, әсіресе, жастарымыздың жүректеріне күмән салды. Халықты қорқытып, үркітуді көздейтін, күш қолдану жолымен әрекет ететін деструктивті, қауіпті топтар елімізге еміне еніп, өздерінің арам ниеттерін іске асыруға жанталасып жатыр. Осының кесірінен қазіргі біздің қоғам мүдделердің арпалыс алаңына айналған іспетті. Егер оған тосқауыл қоймасақ, әрине, мемлекеттік мүдде, жалпыұлттық идея, халықты жаңа заман талаптарына бейімдеу жайына қалуы ғажап емес.

Жат, радикалды идеологияның қанат жаюын тоқтату және сырттан келетін тасқынына тоспа құру үшін қолда бар құқықтық, идеологиялық, экономикалық және күш-құрылымдық ресурстардың барлығын жұмылдыру қажет етіледі. Әрине, бұл кеселді тек күш қолданып қана шеше алмаймыз, егер алдын алу тетіктері іске қосылмаса, көздері жойылған экстремистердің орнын басқалары басады, – деді Бақытбек Смағұл.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты радикализм мен экстремизм әлеуметтік құбылыс ретінде, экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерді кешенді шешу арқылы еңсерілуге тиіс екеніне назар аударды.

– Біріншіден, коммерциялық не коммерциялық емес ұйымдарды қалқан еткен, бірақ шынында дәстүрлі емес діни ағымдарды уағыздайтын топтардың жұмысына тосқауыл қойылуы керек. Мысалға, кейбір ғибадатханалар алдында жат идеологиямен азаматтарымызды жадылап жүргендердің іс-әрекетіне шектеу болғаны жөн. Екіншіден, экстремизммен және радикализммен тиімді күресудің бір жолы – әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға бағытталған пәрменді шаралар болмақ. Өйткені, арандатушылар ықпалына және торына тек әлеуметтік және рухани кемелдікке ғана емес, сондай-ақ материалдық игілікке ұмтылған жас азаматтар түсетіні жасырын емес. Үшіншіден, радикалды идеялар надандық топырағында тез өнеді. Біздің халқымыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Дегенмен, бүгінде дәстүрлі Ислам туралы қажетті ақпараттың жетімсіздігі байқалады, – деді шешен.

Бұдан бөлек, депутат бұқаралық ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілерге баса мән беру қажеттігін, бұл ретте теле және киноөнімдер мен бейнероликтер арқылы Исламның, нағыз мұсылманның бейнесін сомдау, сол арқылы жас ұрпақтың, барша қазақстандықтың дұрыс түсінігін қалыптастыру маңызды екенін жеткізді.

Ал Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Сатершинов елімізді әмбебап жаңарту – зайырлы қазақстандық мемлекетті дамытудың негізі екенін атап көрсетті.

– Ол эволюциялық жолмен, кезең-кезеңімен, бұрын да, қазір де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған әлеуметтік, экономикалық және саяси реформаларының бағыты арнасында жүзеге асырылуда, – деді Б.Сатершинов.

Бұған қоса, Б.Сатершинов қоғамымызда діни ықпалдың әсері бірсыдырғы емес екенін сөз етті.

– Азаматтардың бір бөлігі қазіргі кезде «дәстүрлі емес діндер» деп аталып жүрген діни ағымдардың, табынушылықтардың, қозғалыстардың сапына еніп, басқа дінге өту үрдістерін жылдамдатып, діни бүркемеленген әрекетке көшсе, қайсыбір бөлігі діни радикализмді бойына сіңіріп үлгерді, – деді ол.

Форум жұмысы түстен кейін екі секция бойынша жалғасты. «Мемлекет пен ғылыми-сарапшылық қауымдастығының қоғамдағы зайырлылық қағидаттарын қалыптастырудағы және ілгерілетудегі өзара әрекеттестігі» тақырыбында өткен бірінші секцияда Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Берік Арын, Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетай және басқа да бірқатар азаматтар сөз сөйлеп, зайырлылық қағидаттары мен ұстанымдары, діни ахуалды реттеу мәселелері, жастар ісі, діни экстремизмнің алдын алу бойынша үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың қарым-қатынасы төңірегінде сөз қозғады.

Ал «Мемлекет пен азаматтық қоғамның діни экстремизм идеяларының таралуын алдын алу мәселелеріндегі ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбына арналған екінші секцияда Мәдени даму институтының директоры Ерлан Сайыров, «Діндерді зерттеу орталықтарының қауымдастығы» ЗТБ директоры Юлия Денисенко, Көкшетау қаласындағы «Насихат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Алшымбаев және басқалар радикалдарды оңалту жұмысында қолданылатын жаңа технологиялар, діни ахуалды реттеудегі азаматтық қоғамның рөлі, аталған саладағы үкіметтік емес ұйымдардың іс-қимылы жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Жолдыбай БАЗАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары