$ 441.66  475.14  4.86

Ақтаулық жас кәсіпкер бөдене фермасын ашып алды

Декреттік демалыста отырған ақтаулық жас тұрғын Рушанна Ноғаева уақытын бос өткізбей, өз кәсібін ашуды қолға алыпты. Осылайша, ол бөдене өсіріп, оны көбейтуді қолға алған. Бұл кәсіптің шығыны аз, пайдасы бір отбасын асырауға жетіп жатыр дейді ол.

Кәсібін жаңа бастаған әйел алғашқы жұмысқа қажетті қаражатты ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан төменгі пайызды несие ретінде алған.

- Біз күйеуіміз екеуміз бизнес-жоспарымызды алып, аталған қорға алып бардық. Бизнес-жоспарды Кәсіпкерлер палатасындағылар тегін дайындап берді. Осы палатада бизнес жүргізуді де тегін үйретті. Ал, шілдеде инкубатор, құстарға арналған тор сатып алып, жалға алған ғимаратты тиісінше жабдықтадық, ауа тазартқышын қалыпқа келтірдік. Әзірге бөденелеріміз аз болғандықтан күніне 40 жұмыртқа ғана алып отырмыз. Оны таныс адамдарға сатып жатырмыз, - дейді жа скәсіпкер Р.Ноғаева.

Бір бөдене айына шамамен 23 жұмыртқа береді екен. Жасы өскен сайын жұмыртқа саны да арта береді. Инкубацияға қажетті жұмыртқалар мен құстардың жемін ерлі-зайыптылар Қазақстанның өзге қалаларынан алдыртады.

- Инкубаторда үнемі 38 градустық температура мен 60 пайыздық ылғалдылық сақталады. Бұл нормадан сәл ғана ауып кетсеңіз балапан пайда болмауы мүмкін. Басуға қойған 500 жұмыртқадан әдетте тек жартысы ғана балапанға айналады, - дейді кәсіпкер.

Бүгінде Ноғаевтардың шағын фермасында 500-ге жуық бөдене мен 230 балапан бар. Олардың бәрін Алматы, Атырау және Астрахань қалаларынан сатып алған. Құстарды арнайы торда ұстайды. Мұндай торларды Ақтауда арнайы тапсырыспен жасатыпты.

Рушаннаның айтуынша, бөденелер тек алғашқы 2 айдан кейін ғана жұмыртқа таба бастапты. Сондай-ақ, құстардың өлуі де жиі тіркеледі дейді ол. Кейбірі суықтан өлсе, тағы бірі тапталып қалады екен. Жалпы, аптасына жоқ дегенде 1-2 бөденеден айрылуға тура келеді.

- Біз қазір бөдененің етіне деген сұраныстың бар-жоғын анықтап жатырмыз, Өйткені, болашақта тек жұмыртқа сатумен емес, етін де пайдаға асырсақ па деген жоспарымыз бар. Ол үшін құстардың санын 2 мыңнан асыруымыз қажет, - дейді Рушанна Ноғаева.

Оның айтуынша, дәл қазіргі таңда аталған кәсіптен түскен табыстан гөрі шығыны көбірек болып тұр. Дегенмен, кәсіп жолға қойылғаннан кейін жағдайдың жақсаратынына кәсіпкер әйел сенімді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары