$ 444.22  476.38  4.82

Мәскеуде «Біріншімен бірге» жинағының тұсауы кесілді

Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінде «Біріншімен бірге» (Рядом с Первым) жинағының тұсаукесер рәсімі болды.  Онда Елбасының ұзақ жылдар бойы тізе қосып, бірге қызмет істеп келе жатқан серіктері өздерінің жадында сақталғандарын жазған екен.

Тұсаукесер рәсімін осы кітапты құ­растыру идеясының авторы, Мәс­кеудің «Художественная литература» баспасының директоры, жазушы Геор­гий Пряхин ашып, жүргізіп отырды. Тұ­саукесерге Ресей қоғамының көрнекті өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, дипломаттар мен пуб­лицистер қатысты. Жетекші БАҚ өкілдері де келіп, кітапқа деген қызы­ғу­шылықтарын танытты.

Кітап туралы айтқан өзінің кіріспе сөзінде Г.Пряхин жинақ Қазақстан Пре­зидентінің ұзақ жылдар бойы жанында келе жатқан жақын алты сенімді серігінің жазғандарынан тұратынын айтты. Олар: Парламент палаталарының төр­ағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрлан Нығматулин, Президент Әкім­шілігінің Басшысы Әділбек Жақ­сыбеков, Сенат депутаты Нұртай Әбі­қаев, вице-премьер Иманғали Тас­мағамбетов және Жоғарғы соттың Төрағасы Қайрат Мәми. Баспагердің айтуына қа­рағанда, авторлар өз ойларын ешкімнің көмегінсіз нақ өз қол­дарымен жазған. Ол пікірлердің ашық­тығынан, жандылығынан, көп адам біле бермейтін кейбір детальдар­дан анық байқалады. Оның үстіне, еш­қан­дай артық суреттеу, әсірелеусіз іскер адамдарға тән нақтылықпен жазыл­ған. Тек өздерінің кейіп­кер­лерін өте жақсы білетін адамдар ғана осылай жаза алады, деді Геор­гий Пряхин. Осыдан әрі шешен өзінің Қазақстанның даму жолына таңғалыс­пен қарайтынын жеткізді. Қазақстан тек дұрыс жолды ғана таңдап, алға қарай нық қадам басып келе жатыр, деді ол.

Одан әрі сөз кітап автор­ларының бірі, Қазақстанның Ресей Феде­ра­ция­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжинге берілді. Өзінің сөзін елші келген қонақтарға, әсіресе, соншалықты көп жиналған БАҚ өкілдеріне алғы­сын жеткізуден бастады. Кітап авторларының қатарында төрт адам Президент Әкімшілігінің Бас­шысы, екі адам Премьер-Министр, екі Мемлекеттік хатшы, төрт Парламент палаталарының басшылары, екі Қорғаныс министрі, екі Астананың әкімі, Бас прокурор, ҰҚК, Жоғарғы сот Төрағасы бар. Қысқа сөзбен айтқанда, алты адам осы лауазымдарды атқарып, Елбасының сенімді серіктері бола білді. ХХ ғасырда өзінің ең жақын серіктері бірігіп, осындай еңбек жазған көшбасшы болған емес. Серіктерінің жазуына қарағанда, Н.Назарбаев көшбасшылығының феномені саяси лидерлерге тән болатын үш үлгіге негізделген. Нақты айтсақ, олар жеке адамдық қасиеттер, көшбасшылық стиль және өзгермелі тарихи жағдай­лар. Жеке адамдық сипаттары туралы жазғанда авторлар оның саясаткер және мемлекет­т­ік қай­раткер ретіндегі қалыпта­суы ерте кезден белгілі болған­дығын тарихи мысалдармен айғақ­тайды. Көшбасшылықтың жағдай­ларға икемделгіштіктің тұжырым­дамасын ашқанда авторлар оны Қазақстанның басынан кешкен жағдайларымен өрнектейді. Сол кездердегі кейіпкердің лидерлік әлеуетінің қалыптасу жолы нақты мысалдармен нақышталған. Соның ішінде Қазақстан Прези­ден­тінің еу­ра­зиялық кеңістікте тұрақ­ты­лықты сақтау, қазақстандық қоғам­ды жаңғырту істеріне жасал­ған талдаулар оқырманды қызық­тырары сөзсіз.

Кітаптың соңғы сөзінде ХХІ ға­сырдың екінші онжылдығындағы постдағдарыстық әлем жағдай­ындағы стратегиялық бағдарла­маларды жасаудағы Н.Назарбаевтың рөлі жан-жақты ашылған. Бұл Қазақстан Көшбасшысының Қа­зақстан аумағымен ғана шектелмей, ғаламдық міндеттерді шешу, соның ішінде ядролық қарусыз әлем құру идеясын ұсынуы арқылы бүкіл­әлемнің стратегиялық болашағын көре алатын саясаткер екендігін көрсетеді, дей келіп М.Тәжин Наполеонның «Қысқа әрі түсініксіз жазыңдар» деген белгілі сөзін еске алды. Ұсынылып отырған кітап императордың бірінші ұсынысына дөп келе отырып, екіншісін жоққа шығарады, деді.

Кітап авторларының пікірлерін жедел шолып өткеннің өзінде олардың көптеген ойлы және өзгеше пікірлер айтқанын көруге болады. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қоғамдастықтың білгір мамандары ТМД құрудың басында Н.Назарбаев тұрғанын біледі және оның осы қызметін жоғары бағалайды. Сондай-ақ, ШЫҰ да Н.Назарбаевтың күш салуымен өмірге келгенін біледі, дейді ол. Президенттің бүкіләлемдік антиядролық қозғалыстың Көшбасшысы болып отырғандығын да дүние жүзінің танығандығын атап өтіпті. АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты форумдардың да авторы Н.Назарбаев екендігін автор нақты дәлелдермен атап өткен. Президенттің Қазақстан шекарасын шегендеу кезінде айтқан «шекараны таспен емес, доспен шегендеу керек» деген сөзін де автор ризашылықпен еске алған екен. Қ.Тоқаев Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өткізілуін де қанағатпен еске алып, ол еліміздің абыройын асқақтатқандығын айтып өтіпті. Назарбаевты К.Ататүрік, де Голль, Д.Сяопин, Ли Куан Ю сияқ­ты әлемдік ауқымдағы лидерлермен салыстыру өте орынды, дейді Қ.Тоқаев өзінің жазбаларында.

Нұртай Әбіқаевтың жазғандары жаңа мемлекеттің қалыптасу жолына арналыпты. Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы жылдарының өзінде-ақ өзінің стратегиялық ойлау жүйесімен партиялық номенклатураға енетін басқалардан оқ бойы озық тұратын еді, дейді автор. Сонымен бірге оның экономикалық проблемаларды ашық айта алған және оларды шешу жолдарын көрсеткен батыл ұсыныстары таң қалдырғанын еске алады. Н.Әбіқаевтың айтуына қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев КСРО-ны құлдырауға әкелген себептерді тереңнен таныған. Ал Республиканың басына келген сәттен бастап ол Одақты жаңаландыру жолдарын талмай ұсынып отырған. Соның ішінде республикалардың өзара теңдігінің сақталуын қамтамасыз етуді қатаң талап еткен.

Н.Әбіқаевтың жазбалары­нан Н.Назарбаевтың түрлі кикіл­жің­дерді, күрделі жағдайларды еңсе­руге батыл кірісетіні және бұл істен нәтиже шығара алатыны да айқын көрінеді. Автор оның мысалдарына бірнеше оқиғаны келтірген. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси дарыны барынша ашылып, алға қойған міндеттерді тұтастай іске асыра бас­тады. Соның арқасында әлемдік сая­си картада бәсекелестікке қабілеті жоғары Қазақстан деген жаңа мемлекет пайда болды, дейді автор.

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының алғашқы мэрі болған Әділбек Жақсыбеков өзінің қыс­қа естелігінде жаңа қаланы тұрғы­зу жолында Елбасымен бірге кеш­кен қиындықтарды еске алыпты. Президент ауа райының қолай­сыз­дығынан, инфрақұрылымдардың жетімсіздігінен, қаржылық қам­тамасыз етудің тапшылығынан туындап жатқан барлық проблемаларды еңсеруге қызу араласып, барлық қиындықтарды бірге бөліскенін жазады. Сонымен бірге, Елбасының ешқашан да оптимизмнен арылмай, рухының жоғары болғандығы өзіне үлгі болғандығын жазады. Астананың Бас жоспарын жасағанда Президенттің қала құрылысы әлеуметтік ағза екенін айтып, қатты ойланып, ұзақ толғанғанын еске ала келіп, «біз еуразиялық қала саламыз, сондықтан мұнда әлемнің барлық түкпірінен келген адамдар өз үйіндей сезінуі керек» деген сөзін айтады. Елбасы іскерлігінің нақты мысалдары қатарында Ә.Жақсыбеков Астананы электр қуатымен жабдықтау ісінің тұйыққа тірелген кезінде көргенін сипаттайды. Президент жағдайды тез болжап, ең оңтайлы шешімді ұсынды. Соны іске асырудың арқасында Астанаға тез арада электр қуаты берілді, дейді ол.

Жоғарғы сот Төрағасы Қайрат Мәми Президенттің Тәуелсіз елдің сот құқықтық жүйесін қалып­тас­тырудағы зор еңбектеріне тоқта­лыпты. Еліміз Тәуелсіздік алған­нан кейін барынша қысқа мер­зім ішінде негізгі мемлекеттік құ­қық­тық инс­титуттар мен заңнаманы реформалау қажет болды, деп еске алады ол. Автор сол кездегі Н.Назар­баевтың рөліне тоқталып, алғаш­қы Конституцияны жасаудағы оның еңбегіне баға беріп өтіпті. Пре­зи­денттің сот жүйесінің еркіндігін қамтамасыз етуді үнемі назарда ұстап, оны іске асыруға сіңірген еңбегіне жоғары баға берілген.

Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы Нұрлан Нығматулиннің жазбаларында Қазақстан дамуының түрлі кезеңдеріндегі сайлау науқаны жұмысының қызықты оқиғаларына шолу жасалған. Осы оқиғалардың түрлі тарихи материалдары оқырман назарына ұсынылған. Сонымен қатар, Н.Нығматулин Президенттің қоғам сұраныстарына дәлме-дәл жауап табатын алымдығын атап өтеді. Барлық реформалар бірнеше жыл кейін болатын болашақтағы талаптарға жауап береді, дейді ол. Міне, сондықтан да қазақстандықтар Мемлекет басшысына үнемі карт бланш беріп, оның барлық бастамаларын қолдайды. Президенттік сайлаулардың жиырма бес жылдағы өзгермейтін нәтижелері осыны көрсетеді, дейді автор.

Иманғали Тасмағамбетовтің жаз­басында Нұрсұлтан Әбіш­ұлының экономикалық күрделі мәселелерді шешудегі тапқырлық, көрегендік қырлары көрінген. Мысал ретінде, И.Тасмағамбетов Елбасының құпия валюталық қор құрғандығының қандай пай­да келтіргенін айтады. Осы қор­дың қаражаты елді 1997 жылы Үкі­меттің зейнеткерлерге 480 мил­лион доллар қарыз болып қал­ғанында және 1998 жылы әлемдік қар­жылық дағдарыс болғанда құтқарған екен. Сонымен қатар, И.Тас­мағамбетовтің жазғандары Н.Назар­баевтың көп қырлы, жан-жақты тұлға екендігін аша түседі. Ол көбінесе тарихи категориялармен ойланып, қазақ халқының рухани байлығына үлкен назар аударады. Соның арқасында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылданып, іске асқандығы айтылады. Сол бағдарламаның арқасында қазақ даласындағы барлық тарихи және мәдени ескерткіштер жүйеленіп, тізбе жасалды, дейді автор.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде Қазақстан мен Ресейдің белгілі мемлекет қайраткері Олег Сосковец те сөйлеп, өзінің ойларымен бөлісті. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде тәуелсіздік даму факторы болғанын дәлелдеп берген мемлекетке айналып отыр, деп бас­тады ол өзінің сөзін. Одан әрі Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, әріптестік, экономикалық байланыстарға Н.Назарбаевтың сіңірген еңбектері айтылды. Сонымен қатар, Н.Назарбаевтың КСРО-ны сақтауға үлкен талпыныс жасағанын да жеткізді. Оның артынан құрылған ЕАЭО-ға бүгінгі табысты интеграциялық құрылымға айналғанын қанағатпен атап өтті. Ал кітап туралы айтқанда, оның келешек ұрпаққа өте табысты рухани азық боларын жеткізді. Маған бұл кітап бірден ұнады, өйткені, оны Президентпен қатар жүрген жандар шыншылдықпен жазған, деді ол.

Сөз кезегі өзіне тигенде белгілі публицист, Н.Назарбаев туралы кітаптың авторы Леонид Млечин жинақ авторларының біразын білетінін, бірақ өзіне олар бұл пікірлерді айтпағанына өкініш білдірді. Сонымен бірге, ол 1991 жылы КСРО-ның Премьер-Министрі Назарбаев болғанда өмір басқа жолмен кетер ме еді деген ойдың өзінің басынан кетпейтінін атап өтті. Мен саяси мемуарлар мен саяси портреттерді оқуға құштар адаммын. Сондықтан, бұл кітап маған қатты ұнап отыр. Бұл өзі айрықша нәрсе, мұнда әлі іс басында жүрген саясаткерлер іс басындағы Президент туралы жазған екен. Бұрын-соңды мұндай оқиғаны кездестірмеппін, деді ол. Мені бас кейіпкердің шешімшілдігі мен батылдығы қайран қалдырады. Мәселен, Жоғарғы соттың Төрағасы былай деп еске алады: «Президент маған КСРО-ның сот жүйесі енді бізге жарамайды, бізге басқа жүйе керек» деп қатты талап қойғанын жазады. Осындай Президентті құқық саласын білмейді деп айтуға бола ма?  Одан әрі шешен Н.Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасымен жас қазақстандықтарды шет елде оқыту тәжірибесіне де таң қалатынын жеткізді. Сөзінің соңында публицист кітаптың табысты болғанын, сондықтан да, оның өмірі ұзақ боларына сенім білдірді.

Бұдан кейін де бірнеше адам сөйлеп, өмірге жаңа келген жи­нақ­тың жарқын жолына сенім білдірді. Жиынды Қазақстанның Ресей­дегі елшісі М.Тәжин қоры­тып, жиналғандарға тағы да риза­шы­лығын білдірді.

Сонымен Елбасы Н.Назарбаев туралы жаңа жинақ өмірге жол тарт­ты. Кітаптың жарық көруіне «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ау­қат қоры демеушілік жасапты.

Жақсыбай Самрат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары